Тәуелсіздік – ата-бабамыз ұмтылған, аңсаған күн
Осы тақырыпта, бірқатар достарымызбен әңгіме өрбітіп, пікір алмасу барысында ойымыз екі жаққа бағыт алды. Біріншісі – тәуелсіздіктің нағыз мағынасын түсінген, әрі қайраткерлеріміздің осы жетістікке жету барысындағы еңбектерін бағалай білетін жандардың болуы. Екіншісі – тәуелсіздіктің астарын түсінбеген, «Тәуелсіздік алуда кешігіп қалмадық па?», «Тәулсіздікті біз алмадық, бізге ол берілді!» - деп пікір білдіргендер де кездесті. Әлбетте, қоғамдағы әр адамның ойы маңызды, құнды. Дегенмен, осы тәуелсіздікке жету үшін талай жыл бастан кешірген тауқымет, жазықсыз төгілген қан, бұл жеңістің оңай келмегендігін, керісінше Жаратушының қалауымен өз уақытында берілген ғажап сыйы деп қабылдағанымыз жөн. Неге?
Ең алдымен, үлкен одақты құрып тұрған елдер, өздері жеке дара мемлекет болып шығып жатты. Себебі, оларға сол жағдай бар жағынан қолайлық тудырды. Біздің мемлекетке өзбек, қырғыз мемлекеттері сияқты 1991 жылдың тамыз айында егемендік алуға мүмкіндік болды, дегенмен, әр облыстардағы қазақ ұлтының, халқының пайызы төмендеп тұрған шақ еді. Ал, сол одақ таратылмай тұрған сәтте, тәуілсіздік қабылданса, еліміздің солтүстігі сақталып қалар ма еді?!
Екінші тиімсіз жағдай – экономика. Одақ тұсында, егенмендік алған сәтте, елдегі өнеркәсіп, зауыт сол алпауыттың жетегінде қалар еді. Міне, бұл да тәуелсіздікті аптықпай, өз уақытында, тиімді алуға себепші аспектілердің бірі болды. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздікке зор дайындықпен, сеніммен қадам бастық. Осылайша, әлем картасында жас, қуатты Қазақстан Республикасы пайда болды.
Еліміздің тәуелсіздігін бірқатар елдер мойындап жатқан шақта жас мемлекеттің алдында бір ғана міндет, мақсат тұрды. Ол – тәуелсіздікті сақтап қалу үшін жасалатын қадамдар еді. Себебі, тәуелсіздікті ұстап, сақтап қалу, оған қол жеткізгеннен де ауыр. Әрине, астананың солтүстікке ауысуы, экономикалық шешімдер, төл теңгеміз, одан басқа да бірқатар маңызды оқиғалар, тәуелсіздікке тірек болатын негізгі жағдайлар еді.
Ал, егемендіктің айқын көрінісі – елдің рухын көтеретін рәміздеріміздің қабылдануы, тәуелсіздігіміздің берік болуына жасалған негізгі қадам болды. Себебі, қазақ халқының өмірінде елеулі орын алатын, мемлекеттік бірлікті нығайтатын да, ерекше күш-қуат беретін де рәміздер.
1992 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңға қол қойды. Осыдан бері бірншеше жыл өтсе де, рәміздеріміз өзінің маңыздылығын еш уақытта жоғалтқан емес, жоғалтпайдыда.
Келер жас ұрпақ, әнұранды жүрекпен сезіне айтып, байрағымыз бен елтаңбамыздың авторларын, олардың мән-мазмұнын бойына мектеп кездерінен жиып өсуде. Осындай өр рухты бойына дарытып, оны жүзеге асыра алғандар Қазақстан мемлекетін әлемге танытып келеді. Рәміздеріміз басқа елдердің назарын жаулап, сол елдерде биік деңгейге көтерілуде.
Рәміздердің болашағы, тәуелсіздіктің ертеңі елдің әр азаматына, олардың ішкі рухына, сезімне байланысты. Әр адам рәміздерге құрметпен қарап, жоғары көтерсе, тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ. Ал, тәуелсіз мемлекетіміздің ұзақ жасауына себепкер болу біздің басты парызымыз. Ешкімге тәуелсіз өмір сүріп, әр таңымыздың бостандық заманында атуы – біз үшін жетістік, мереке.
Келелі ойлармен, нық қадамдармен жеткен, тәуелсіздіктің тірегі: тарихтың сыйы – Көк байрағымыз, елдіктің нышаны – Елтаңбамыз мен әлемге танытар – Әнұранымыз бар да, егемендік тек 30 жылдықпен шектелмей, мәңгі жасай берсін!
Журналистика факультеті,
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 3-курс студенті
Айткәрім Рүстем