Шот-Аман Уәлихановтың туғанына – 90 жыл
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев «Сәулетші жолы – ұлт құндылығы» тақырыбындағы конференцияға арнайы қатысты. Тағылымы мол танымдық іс-шара көрнекті сәулетші, ҚР Елтаңбасының және Тәуелсіздік монументінің авторы Шот-Аман Уәлихановтың 90 жылдығына арналды.
Қоғам қайраткері Шот-Аман Ыдырысұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер конференцияға шақырылған құрметті қонақтардың қатарында Қазақстанның халық ақыны Олжас Сүлейменов, ҚР тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Еуразия мәдениет қорының президенті Ерұлан Қанапиянов, филология ғылымының докторы Шәкір Ыбыраев, сондай-ақ мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болды.
Конференция барысында «Ғибратты ғұмыр» сериясымен басылып шыққан Шот-Аман Уәлихановтың шығармашылығына арналған жеті томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақты шығаруға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мұрындық болған.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде білім ордасының басшысы Шот-Аман Ыдырысұлы саналы ғұмырын сәулет өнеріне, ұлттық дүниетанымға негізделген көркем өнер тудыруға арнаған тұлға екенін атап өтті. «Шот-Аман Уәлиханов шығыс елдері және Халықаралық сəулет академиясының академигі ретінде артында өшпес із, өлмес мұра қалдырды. Қайраткерлік қолтаңбасын Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, басты ғимараттардан, орталық алаңдардан кездестіруге болады. Замандасы, әріптесі Жандарбек Мәлібековпен бірге мемлекетіміздің басты рәмізі – Елтаңбаны дүниеге әкелді. Астана төріндегі – Кенесары Қасымұлы, Қостанай қаласындағы – Ахмет Байтұрсынұлы, Семей жеріндегі – Абай мен Шәкәрім, Алматыдағы – Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова, Дінмұхамед Қонаев және тағы басқа тарихи тұлғаларға арнаған ескерткіштері қайталанбас туындылар. Шот-Аман Уәлиханов ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеп, ұлттық бояуы қанық сәулетшілердің қалыптасуына тер төкті», – деді университет ректоры.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев қоғам қайраткерінің жары Зинаида Кәрімқызына ҚазҰУ-дың дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби» алтын медалін табыс етті.
Сондай-ақ конференцияға арнайы келген Қазақстанның халық ақыны және Еңбек Ері Олжас Сүлейменов сөз сөйлеп, Шот-Аман Уәлиханов туралы өз ойын ортаға салды. «Шот-Аман Ыдырысұлы Қазақстандағы сәулет өнерін биікке көтерді. Сәулетшінің қолынан шыққан туындылар бүгінде қаланың көркін келтіріп, сән беріп тұр. Мәселен, Шот-Аман Уәлиханов Тәуелсіздік монументі, «Динамо» стадионы, Алматы қаласының əкімдігі сияқты бірқатар нысандардың құрылыс жобалау авторы. Осындай қайталанбас тұлғамен мақтануымыз қажет. Жастарға насихаттап, ұлықтау – біздің міндет. Осы орайда, бүгінгі конференцияның маңызы зор деп білемін», – деді Олжас Сүлейменов.
Шара барысында ҚР тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұлы сәулетші туралы естелігімен бөлісті. «Ғарышқа ұшпастан бұрын, Шот-Аман Ыдырысұлы маған ортасында шаңырақ, екі жағында екі қанат бейнеленген бір сурет берді. Оң жақ қанатында «Тоқтар», ал сол жақ қанатында «Талғат» деп жазылып тұрды. Осылайша мен Шот-Аман Уәлиханов берген суретті ғарышқа алып кеттім. Нәтижесінде комиссия шешімімен сурет Қазақстанның ғарыш эмблемасының белгісіне айналды. Бұны болашақ ҚР Елтаңбасының алғашқы нұсқасы деп санауға болады», – деді Тоқтар Әубәкіров.
Сонымен қатар конференцияға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлері сөз сөйлеп, Шот-Аман Ыдырысұлының еңбектері туралы кеңінен айтып берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі