«Әл-Фараби – Иқбал»: түркі әлемі тарихи жадын жаңғырту

27 мамыр, 2022

Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханасында түркі әлеміне ортақ ойшылдар – әл-Фараби мен Мұхаммед Иқбалдың бай мұраларын зерттеп, насихаттауға арналған халықаралық форум басталды.


Рухани іс-шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық түркі академиясы және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті (COMSTECH) бірлесіп ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – шығыс өркениеті аясында түркі және ислам әлемі халықтарының өркениеттік бірлігі мен тарихи жадын жаңғырту және Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) елдерінің ғылым мен техника саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығын арттыру.

Алқалы жиынға Түркі елдері мен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің гуманитарлық сала ғалымдары, ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ТҮРКСОЙ өкілдері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ Түркия, Ресей, Пәкістан, Қырғызстан, Тәжікстан ғалымдары мен дипломаттары, жас ғалымдар қатысты.

Форум аясында мәртебелі меймандар Әл-Фараби мұражайын аралап, «Әл-Фараби – өркениет ойшылы» кітап көрмесімен, сондай-ақ Пәкістан суретшілерінің кескіндеме және каллиграфия көрмесімен танысты.

Форум жұмысын ашқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Tүймебаев бұл шара ғылыми орта үшін тәжірибе алмасудың үлкен диалог алаңы болатынына сенім білдірді.

«Рухани басқосу – заманымыздың әйгілі ойшыл-философы, Пәкістанның «рухани көсемі» Мұхаммед Иқбал шығармашылығын жаңа қырынан зерттеуге жол ашады. Форумның тарихи миссиясы – әл-Фараби және Мұхаммед Иқбал еңбектері арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту.

Иқбалдың ислам мәдениеті мен руханиятының жаңғыруына қосқан үлесі шынымен де өлшеусіз. Бұл ХХ ғасырдың бас кезіндегі жаңа мұсылман ренессансы басында болған ұлы ақын және ойшыл. Мұхаммед Иқбал – мұсылман мәдениетін сақтап, дамытуға үлкен үлес қосқан тұлға.

Иқбал батыстың беделді университеттерінде оқыған, ғылыми білімі зор, кең ойлайтын ғалым ретінде биік руханияттың, философиялық тереңдіктің, саяси жауапкершіліктің үлгісі бола білді. Иқбал шығармашылығы ұлы әл-Фарабидің рухани мұрасымен тығыз байланысты», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.

Форумның модераторы, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жиынның маңыздылығына тоқталып, 2020 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымы Тұрақты комитетінің (COMSTECH) үйлестіруші директоры Мұхаммед Иқбал Чаудхаридің ұйытқы болуымен Пәкістанда әл-Фарабиге арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Сондағы уағдаластыққа сәйкес және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының VIII саммитіндегі ғылым мен технологияны нығайту тапсырмасына орай, бүгінгі форумды ұйымдастырып отырмыз. Рухани жиынның мақсаты – түркі-мұсылман өркениеті аясында ұрпақтар сабақтастығын қарастыра отырып, тамырлас елдердің адамзат тарихына қосқан үлесін айқындау», – деді Дархан Қыдырәлі.

ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің форумға қатысушыларға жолдаған жылы лебізін жеткізді.

«Қазақстан, бүкіл түркі әлемі және Пәкістан халықтарын ортақ тарихи мұра мен ортақ материалдық, рухани құндылықтар құрайтын өркениеттік тамырлар байланыстырады. Пәкістанның рухани көсемі, данышпан ақын Мұхаммед Иқбалдың «Егер адам өз жүрегі мен ақыл-ойын өзі басқара алмаса, ол бөгделер тарапынан басқарылатын болады» деген терең ойы адамзатты рухани бостандық пен ізгілікке шақырып тұр. Ендеше ойымыз еркін, жүрегіміз пәк, санамыз тәуелсіз, мұратымыз сара болсын», – деген министр Асхат Аймағамбетов форум жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында сондай-ақ ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің (COMSCTECH) бас үйлестірушісі Иқбал Чаудхари, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ислам тарихы, өнері мен мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығының (IRCICA) бас директоры Махмуд Эрол Клыч, Пәкістан сенатының адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Уалид Иқбал сынды тұлғалар сөз сөйледі.

Пленарлық мәжіліс барысында «El-Farabi KITABU’L MUSIKA’L-KEBIR» кітабының және Әл-Фараби жаһандық форумы материалдарының бес тілде жарық көрген жинағының тұсаукесері өтті.

Жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бірқатар ғалымдарды Әл-Фараби атындағы медальмен марапаттады.

Конференция аясында «Иқбал философиясы: өткені, бүгіні, болашағы», «Иқбал философиясы мен поэзиясының жаһандық әсері», «ХХІ ғасыр сын-қатерлері және технология» тақырыптары бойынша сессиялар жұмысы жалғасуда.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі