Ұлт денсаулығы – басты байлық

4 шілде, 2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда.

Ол үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану  деңгейін 80 пайызға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен толықтай қамтамасыз етіледі. Кем дегенде 40 денсаулық сақтау нысанын және екі ғылыми орталықты жаңғырту жоспарланған.

Халыққа сапалы қызмет көрсету көбінесе біліктілікке және қажетті мамандардың болуына байланысты. Сондықтан ұлттық жобаның бірінші бағыты аясында аса тапшы мамандықтар бойынша резидентуралық білім беру гранттарының санын арттыру, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлер санын көбейту көзделген.

Ұлттық жобаның екінші бағытында биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларының үлесін үштен бірге дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылданады.

Ұлттық жобаның үшінші бағытында Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында айтылған тапсырмалар ескерілген. Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50 пайызын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100 пайызға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде отыз жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған.

Ал ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19 пайызға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45 пайызы салауатты өмір салтын ұстанып, 50 пайызы денешынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53 пайызға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.

Университетте оқытушылар мен студенттерге спорттың көптеген түрімен айналысуға мамандандырылған көпфункционалды жаттығу кешендері мен жаттықтырушы мамандардың қызметтері көрсетіледі. Жалпы, спорт кешенінің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай  7250 шаршы метр  аумақта тұрады. Сондай-ақ 22 спорт түрі бойынша кез келген деңгей мен дәрежедегі жарыстарды қабылдайды және қамтамасыз етеді. Университет басшылығы тарапынан білім мен кәсіби спортты сабақтастырып, қатар алып жүрген студенттерімізді қолдап отырады. Олардың ұлттық, халықаралық спорттағы жетістіктері де баршылық.

Қорытындылай келгенде айтарымыз, салауаттылығымыз, біліміміз және ғылымымыз дамудың іргетасы болумен қатар, еңсесі биік елдермен  терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, алтын арқауы. Салауаттылық, білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстылық пен жақсы тұрмыс кешу негізі денсаулық пен білімділікте екенін ұлы Абай жақсы айтқан. Ол: «Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма», – дейді. Иә, бүгінгі таңда ұлы ақынымыздың өсиетімен егемен еліміз дарынды балаларын әлемнің іргелі оқу орындарына заманауи білім мен ғылымды меңгеруге қомақты инвестиция жұмсап, ұлттық адами капиталдың әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін көтеріп жатыр. Бұл баршамызды қуантатын үрдіс.  

Ілияс ҚҰЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Экономика және бизнес жоғары мектебінің аға оқытушысы