Ғылыми кеңесте оқу жылы қорытындыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде биылғы оқу жылына қатысты қос мәселе күн тәртібіне шықты.
Алдымен Диссертациялық кеңестердің жұмысы және докторанттардың қорғалуы туралы Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков баяндама жасады. Ол биылғы ҚазҰУ Диссертациялық кеңестер қызметінің жалпы статистикасына шолу жасап, ғалым-оқытушылар тарапынан ерекше назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды.
«Ағымдағы жылы 65 білім беру бағдарламасы бойынша 15 диссертациялық кеңес ашылды. Бүгінгі таңда қорғауға шыққан 89 докторанттың 77-сі ҚазҰУ-ға тиесілі», – деді проректор.
Спикер факультеттер бойынша 2019-2021 жылдарғы докторанттардың диссертация қорғау үлесіне сараптама жасады. Бұл көрсеткіштер бойынша үздік үштікке – заң, химия және химиялық технологиялар, ақпараттық технологиялар факультеттері енді.
Сонымен қатар проректор Хайдар Тасыбеков соңғы үш жылдағы көрсеткіштерді келтіріп, докторанттардың диссертация қорғауға уақтылы шықпауына қатысты өзекті мәселелерді атап өтті. Олардың негізгісі халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланымның болмауымен байланысты. Хабарлама барысында PhD-докторанттарды даярлау үдерісіндегі тәуекелдер картасы да көрсетілді. Нәтижесінде барлық қауіптерді азайту үшін докторанттардың қорғауға уақтылы шығуы бойынша жұмысты күшейту қажеттігі баса айтылды.
Кеңесте жазғы емтихан сессиясының сапасы мен тиімділігінің жай-күйін Басқарма мүшесі – академиялық сұрақтар жөніндегі проректор Фатима Жақыпова талдады.
«2021/22 оқу жылында білім ордасында білім беру үдерісін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді, бұл өз кезегінде білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық ілгерілеуге оң әсер етті. Мамандар АҚШ (MIT, NYU, NCSU, UW), Сингапур (NUS) және Еуропаның (University of Amsterdam) жетекші университеттері тәжірибесін зерделеді, нәтижесінде ҚазҰУ-да қорытынды бақылау түрлері еселеп артты», – деді проректор. Ол биылғы және өткен жылғы жазғы сессия деректерін салыстыра отырып, ОПҚ мен студенттер үшін бақылаудың жаңа түрлері енгізілгенін жеткізді.
Сондай-ақ жазғы емтихан сессиясын ұйымдастыру түрлерін айта келе, алдағы атқарылуы тиіс міндеттерге мән берді. Қызметтің негізгі көрсеткіштерін оңтайландыру және бизнес үдерістердегі бюрократияға тосқауыл қою бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды. Барлық ұсыныстар стратегиялық даму орталығына ұсынылмақ. Сонымен қатар ақпараттық технологияларды қолдану саласындағы бірыңғай техникалық саясатты, деректерді өңдеу жүйесін, телекоммуникация және байланыс құралдарын қалыптастырып, дамыту маңызды. Бұған қоса, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жазғы сессияны өткізуге байланысты сапалы мониторинг жүргізу және оқу үдерісіне, оның ішінде емтихан сессиясына, университетке түсу емтихандарына қатаң бақылау жүргізілуі тиіс. Проректор Фатима Жақыпова қазіргі таңда білім беру сапасы артқанына назар аударып, білім беру бағдарламаларын оңтайландыруға байланысты келесі жаңа оқу жылында емтихандар саны азаятынын мәлімдеді.
Жиын барысында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев гуманитарлық сала докторанттарының шетелдік жоғары рейтингілі ғылыми журналдарда мақала жариялауына байланысты қиындықтарды қозғады. «Докторанттарға қалай көмектесуге болатынын ойластырып, осы мәселенің шешімін табу қажет. Келесі жаңа оқу жылында бұл қиындықтар қайталанбауы тиіс. Ол үшін барлық тәуекелдерді ескеріп, жас ғалымдармен жоспарлы түрде белсенді жұмыс істеу керек», – деді ректор.
Сондай-ақ отырыста университеттің негізгі көрсеткіштерін жетілдіру туралы Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажеваның баяндамасы тыңдалып, жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына қатысты басқа да мәселелер талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі