- Басты бет
- Жаңалықтар
- Раушангүл АВАКОВА, филология ғылымының докторы, профессор: Түркітану түркі тілдерінің өткенімен ғана шектелмейді
Раушангүл АВАКОВА, филология ғылымының докторы, профессор: Түркітану түркі тілдерінің өткенімен ғана шектелмейді
Бүгінде әлемдік адамзат тарихының сахнасына мәңгілік ел ұғымымен таныла бастаған түркі әлемі ғалам үшін құлақ түріп, назар аударарлық феноменге айналды. Түркітілдес халықтардың туыстығы мен бірлігін айшықтайтын тарихи-мәдени ортақ жазба мұраларға бүгінгі күннің көкжиегімен қарап, ғаламдық деңгейде зерттеуге назар аударылуы уақыт пен кеңістік талабынан туындап отыр.
Таяуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетіндегі бұрынғы Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасы Түркітану және тіл теориясы кафедрасына өзгертілді. Жаңа кафедраның жұмысы қалай жүзеге асады? Кешенді зерттеу объектісіне қандай толғақты мәселелер ілігеді? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Раушан Аваковамен тілдескен еді.
– Раушан Әмірдинқызы, таңдау филология факультетіне түсіп отыр, бұл үлкен жауапкершілік қой.
– Әрине, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан мен Азиядағы түркологиялық фундаменталды зерттеулерге ұйытқы бола алатын интеллектуалдық орталыққа айналу жауапкершілігін мойнына алып отыр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен республикадағы жоғары оқу орындарында маман даярлау стандарттарының барлық шарттарына сай келетін «Түркітану» мамандығының университет реестріне енгізілуімен Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасы Түркітану және тіл теориясы атауына өзгертілді. Ширек ғасырға жуық тарихы бар, бірегей дәстүрі қалыптасып үлгерген кафедра дер кезінде жаңа атаумен даму дәуіріне қадам басты.
«Түркітану» кәсіби біліктілігін беру құзыреті филология факультетіне, соның ішінде аталған кафедраға жүктелуі кездейсоқ емес. Ең негізгі фактор – отандық түркітану саласындағы жетекші мамандар, ірі түркітанушы ғалымдар осы факультетте шоғырланған. Белгілі түркітанушылар – Ә.Қайдар, М.Томанов, Ғ.Айдаров, Т.Құрышжанов, Ә.Ибатов, А.Аманжолов, Б.Сағындықұлы, Т.Жансейітұлы сынды ғалым-мамандар филология факультетінде түркітанудың түрлі салалары бойынша дәрістер оқыды. Отандық түркітану бағытындағы ірі ғылыми еңбектер, оқулықтар, түркітану пәндеріне қатысты оқу бағдарламаларының авторы да осы ғалымдардың атымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда аталған ғалымдардың шәкірттері халықаралық, республикалық деңгейде танымал болған белгілі зерттеушілер, ұстаз-ғалымдар. Олар республиканың айтулы университеттерінде, ғылыми-зерттеу институттарында, шетелдерде түркітану мәселелерімен кәсіби деңгейде айналысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы, факультетте қазақ тілі және әдебиеті оқытушыларын даярлайтын мамандықта лингвистика бағыты бойынша «Көне түркі тілі», «Түркі графикасы», «Түркі филологиясына кіріспе», «Түрік тілі», «Түркі тілдері (өзбек тілі)», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Орта ғасыр ескерткіштері тілі (арнаулы курс)», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» пәндерімен қатар, академик Ә.Қайдардың «Түркі тілдері этимологиясы», А.Аманжоловтың «Көне түркі жазбаларының деширофкасы», Б.Сағындықұлының «Түбіртек теориясы» арнаулы курстары күні бүгінге дейін оқытылып келді. Факультетте бағдарламаға сәйкес, «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазақ тілінің тарихы», «Орта ғасыр ескерткіштерінің тілі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркі жазуы», «Ежелгі түркі жазуының тарихы мен теориясы», «Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілін оқыту» пәндері оқу кестесінен түскен емес. Яғни түркология – факультет үшін ұзақ жылдық дәстүрі мен тарихы, ғылыми-методологиялық базасы, заманауи ұстанымдары бірізділікке түскен етене жақын сала.
– Оқу бағдарламасы қайтадан жасала ма?
– Саналы ғұмырының ең өнімді кезеңдерін осы кафедраға арнаған қайраткер ұстазымыз – профессор Алтай Аманжоловтың жетекшілігімен университетте «Көне түркі әлемі» орталығы көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп, белсенді жұмыс істеп тұрды. Орталықтың жұмысын қайтадан жандандырып, ғалымның бастамасын жалғастыру да ендігі кафедраның алға қойған мақсаттарының бірі болмақ. Факультетте Алтай Аманжолов есімін алған атаулы «Түркі әлемі» оқу дәрісханасы бар екенін де айтып өткен орынды. Дәрісханадағы кітапхана қоры ғалымның өмірден өткеннен кейінгі отбасының сыйға тартқан, әкеден балаға мирас болып қалып отырған кітаптарымен, жеке мұрағаттық қағаздарымен, құжаттарымен толықтырылды. Аталған құндылықтар мен жасалып жатқан жобалар заманауи ғылыми ортаға қозғау салатын, бірлесе қызмет етуге шақыратын бастамалар деп қабылдаймыз.
Қоғамға түркітану секторының кадрларын даярлап шығаруда оқу форматы әу бастан тікелей осы мамандыққа мақсатты түрде бағытталған, көпжылдық тәжірибелік алаңы қалыптасқан Түркітану және тіл теориясы кафедрасының маңызы ерекше. Қара шаңырақтың іргетасы қаланған сонау кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарынан бастап атауын сан мәрте өзгертіп келе жатса да, аталған кафедра – түркітану саласы бойынша дәріс оқитын, зертхана жұмыстарын жүргізетін республикадағы бірден-бір классикалық кафедра.
«Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік бағдарламалары аясында түркітану ғылымының қазақстандық моделін қалыптастыру – қазіргі интеллектуалды қоғамның талабы. Әлем кеңістігіндегі 40-тан астам қазіргі түркі тілдерін зерттеу, кодификациялау, олардың туыстық ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралау, Орхон, Енисей, Талас, ортағасырлық жазба ескерткіштер мәтінін түпнұсқадан қайта оқып, дешифровкасын жасау, оларға текстологиялық талдау негізінде көне ескерткіштердің қазақ тілімен сабақтастығын дәйектеу, қазіргі түркі тілдерінің әлеуметтік орнын айқындау, аз тілді түркі этностарының Қызыл кітапқа кіру, жойылып кету қаупінен сақтау, түркі өркениетінің әлем мәдениетіне ықпалын жаңғыру мәселелері Түркітану және тіл теориясы кафедрасының концепциясы саналады.
– Қандай кешенді зерттеулерді қолға алмақсыздар?
– Кафедраның жаңадан жасақталған шығармашылық ұжымы қайта жаңғырған кафедра жұмысын, ғылыми потенциалын жаңа деңгейге көтеріп, кешенді зерттеулер жүргізудің жаңа, тың мүмкіндіктеріне жол салуға дайын деп есептейміз:
– кафедра түлектері мен тыңдаушылары жоспарланған білім алу блогында түркі филологиясына қатысты барлық теориялық және практикалық дағдылармен қаруланатын болады;
– түркі әлемінің ортақ құндылықтарын сақтауға, жалпытүркілік, тарихи-тілдік сананы жаңғыртуға, түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен мәдени ықпалдастықты нығайтуға қызмет ететін университетіміздегі түркітану бакалавры, түркітану магистрі, түркітану саласындағы философия докторы секілді академиялық дәрежелі мамандарды даярлау ісін қолға алады;
– қазақ тілін негізгі тірек тіл ретінде оқытып, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құраммен бірлескен түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы, салғастырмалы грамматикасын жазу жұмыстарының кестесі жасалынады;
– түркі тілдерінің әртүрлі бағыттағы сөздіктерін құрастыруға жұмыс топтары жасақталады;
– бакалавр, магистратура, докторантура бөлімдерінде бірнеше түркі тілдерінде еркін сөйлейтін, араб, парсы сияқты шығыс тілдерін қосымша меңгерген мамандар даярлауға арналған мақсатты бағдарламалар жасалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің әлемдік мәртебесін нығайтуға жол ашады;
– түркітану тек түркі тілдерінің өткенімен, бүгінімен шектелмейді, оның аясында түркі халықтарының тарихы, әдебиеті, дүниетанымы, мәдениеті, этнографиясы тұтас қарастырылады. Түркі әлемінің тілін ғана емес, өзі таңдаған түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін, өркениетін, этнографиясын жақсы білетін тарихшы-түрколог, әдебиетші-түрколог, этнограф-түрколог, мәдениеттанушы-түрколог, археолог-түркологтарды даярлау мақсатында аталған сала ғалымдарымен салааралық байланыс орнатуды көздейміз;
– жаһандану тұсында түркітану саясаттану, философия, социология мәселелерінен тыс қала алмайды. Университетті әлемдік дәрежедегі түркі әлемінің аналитиктері, саясаткерлері, экономистері, туризм мамандары, жаратылыстану ғалымдары (түркі дүниесінің математиктері, химиктері, физиктері, биологтары және т.б.), түркі әлемінің халықаралық қатынастарын нығайтуға үлес қосатын дипломаттарының қанат қағып ұшатын альма-матеріне айналдыруды мақсат етеміз;
– түркілік жазба ескерткіштердің әдеби-көркемдік сипаты, тілдік ерекшеліктері туралы біршама зерттеулер жүргізіліп, құнды еңбектер жарық көргенімен, тарихи тұрғыдан толық шешімін тапты деуге әлі ерте. Сондықтан түркілік дәуірдегі жазба мұралар тарихын, тілін, мәдениетін, әдеби-көркемдік ерекшелігін, тарихи-танымдық сипатын ғылыми-теориялық тұрғыдан талдап, зерттеу мақсатында халықаралық симпозиумдар, ғылыми-теориялық, тәжірибелік конференциялар өткізілетін болады;
– ескерткіштердің тарихи, әдеби-тілдік деректері қазіргі түркі халықтары өркениетінің қалыптасып дамуынан, соның ішінде қазіргі қазақ өркениетінің өркендеуінен хабардар етеді. Осы мақсатта түркітану мамандығында білім алушы контингенттің өндірістік-шығармашылық тәжірибесін арнаулы тарихи-мәдени нысандарда өткізуді ұйымдастырамыз;
– түркітану дәрістері факультеттегі бірқатар мамандықтарға, соның ішінде кафедрадағы «Лингвист», «Екі шет тілі» мамандығында оқитын студенттер үшін де кешенді ғылыми, қоғамдық, саяси-гуманитарлық пән ретінде оқытылып, қосалқы кәсіби біліктілік ретінде рәсімделуі керек деп есептейміз;
– тәуелсіз түркітілдес мемлекеттер түркітану ғылымында еркін кеңістікте әрекет етіп жатқанымен, оқшаулану, даралану сипаты басым. Ғылыми зерттеулерде шектеулер мен тұйықтықтан арылып, 133 миллионға жеткен түркі халықтарымен мемлекетаралық деңгейдегі ортақ зерттеулерге жол ашу үшін өзге түркі мемлекеттері Ғылым академиясы, Ғылым және жоғары білім министрлігі, ЖОО орындарымен ғылыми тәжірибе алмасуды ұйымдастырамыз;
– түркітану ғылымының басында тұрған Алаш зиялылары мен отандық түркітанушы ғалымдардың маңызы зор әдеби, тарихи, тілдік зерттеулерін танып, жинақтап, жеке түркітанушылардың ғылыми-зерттеу мектебін жалғастыруды қолға аламыз;
– түркітанудың оқытылуы әдістемелері мен бұқараны ақпараттандыру инновациялық технологиясын жетілдірудің платформаларын – сайттар, ютуб-каналдар, подкастар, қолжетімді вебинар-сабақтар, тренингтер өткізуді күн тәртібіне қоямыз.
Қорытындылай келе айтарымыз – жаһандану әлемдік үрдіс болғанымен, белгілі бір өркениеттерге сүйенеді. Осы тұста бүкіл түркі халықтарының сүйенер қалқаны, жаһандану теңізіне жүзер желкені – түркі өркениеті болмақ. Ұлттық кодты сақтай отырып, рухани жаңғыруға аса қажетті болып табылатын түркі өркениетінің тамыры тереңге кеткен құндылықтарын саралап, бүгінгі ұрпаққа насихаттау қайта жаңғырған кафедраның перспективті жобаларының алғышартына айналады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ