Абель ПОЛЕСЬЕ: Ізденімпаз ғалымдарға жол беру керек
Абель Полесье – Дублин қалалық университетінің қызметкері, ғалым, әуесқой музыкант. Он бес кітаптың және 100-ден астам рецензияланған мақалалардың авторы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетіне шақырылған профессор. Қазіргі таңда Таллинн университетінің бейресми экономика, бейресми және баламалы басқару тетіктері, қоғамдық даму теориясы мен практикасы саласында аға ғылыми қызметкер.
– Академиктерден бастап, мұғалім, менеджер, медиа катализаторы, талдаушы, фандрайзер және әлеуметтік медиа қызметкерлерінен «қоғамның күткені мен жан қалауы» арасындағы тепе-теңдікті сақтау талап етіледі. Осы үдеден шығу үшін студенттерге әрдайым дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамын. Мәселен, «Қандай конференцияларға қатысу керек? Ол жаққа баратын ақшаны қалай табуға болады? Рецензент ретінде әрекет етудің қажеті бар ма?» деген секілді алдымызды кес-кестеп келетін көптеген сұрақтарға барынша жауап іздедім. Осы бағытта жазған кітаптарым жас ғалымдарға өз мансабын жобалауға және стратегиялық ойлауға септігі тиеді деп ойлаймын. Бұл жинақтар «Жақсы журналдарда қалай жариялануға болады?» деген сауалдан бастап, көптеген академик мансаптарының әртүрлі кезеңдерінде кездесетін бірқатар сұрақтарды зерттейді, – деді профессор.
Ғалым Еуропалық комиссияда саяси кеңесші, ал Еуропа, Азия және Латын Америкасының үкіметтік және коммерциялық емес секторында кеңесші болып жұмыс істеген. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас ғалымдармен жұмыс атқаруда. Абель Полесье Эдинбург, Таллинн, Дрезден, Одесса, Киев университеттерінде қызмет атқарған. ҚазҰУ-дан бөлек, Бейжіңдегі Жэньминь, Үндістандағы Тезпур, Венгриядағы Корвинус, Хорватиядағы Дубровник және Риека университеттерінде шақырылған профессор, сарапшы болып қызмет еткен. Сонымен қатар ғалым менеджмент және академиялық карьераны стратегиялық ойластыру саласына қызығушылық танытады. Оның The SCOPUS Diaries and the logics of Academic Survival: A Short Guide to Design Your Own Strategy and Survive Bibliometrics, Conferences, and Unreal Expectations in Academia еңбегі Астана қаласында таныстырылып, қазақстандық ғалымдардың үлкен қызығушылығын тудырды. Зерттеуші бұл еңбегінде академиялық өмір, ментальды денсаулық және жеке өмір мен жұмыс арасындағы балансқа тоқталған. Сондай-ақ жас зерттеушілердің карьера бастаған сәтте алдынан шығатын таңдаулары мен кедергілері жайлы ой жүгірткен.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздар ұжымымен, студенттерімен ғылыми ізденістерді ынтымақтастықта жүзеге асырдық. Осы үдеден шығу жолында оқу-ағарту саласында атқарылған істер аз емес. Студенттердің жан-жақтылығы білім ордасында дәріс беруге қызығушылығымды оятты. Биыл Қазақ ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстанда саясаттанудың қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында V пікірталас алаңы өтті. Іс-шараға Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, кафедраға арнайы шақырылған шетелдік профессорлар мен докторанттар қатысты. Осы іс-шараға онлайн форматта болса да, атсалысқанымды қуанышпен айта аламын. Мұнда Қазақстанның және бүкіл ТМД жас ғалымдарының алдында тұрған кедергілер мен сын-қатерлер туралы азды-көпті ой толғадым. Мен үшін ынтымақтастық қарым-қатынас қызықты әрі пайдалы болды. Алдағы уақытта да Қазақстандағы беделді оқу орындарымен жұмыс істеуге мүдделімін, – деді ғалым.
Абель Полесье өзінің қосымша сүйікті жұмысы ретінде The Scopus Diaries жинағынан басқа, жаңа ел, мәдениеттермен алғаш ұшырасқан кезде оқуға қажетті саяхат тәсілін ұсынып, World Travel Guide деген жобамен айналысып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар сарапшы Еуропа, Азия, Латын Америкасы мен Африкадағы басқару және даму мәселелеріне қызығушылық танытады. Білім ордаларында жергілікті қауымдастықтың әлеуметтік және экономикалық қажеттіліктерін шешуге бағытталған шараларды әзірлейді. Сондай-ақ жас зерттеушілерді оқытатын ғылыми қызметкер. Көптеген ғылыми еңбектер мен жобаларға төрелік ететін Полесье егер зерттеушінің өтінім жазбауға немесе байқауға қатыспауға бір себебі болса, мұны қолға алудың қажеті жоқ деп санайды.
– Өз зерттеулеріне шынымен құмар, өзіне және жұмысына сенетін, жоспарлары мен ғылыми идеяларын жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын ізденімпаздарға жол беру керек. Ғылыми жобаларды өңдеу, сараптау күрделі және уақытты қажет ететін процесс екенін есте ұстаған жөн. Бұл айтарлықтай материалдық әрі уақыт ресурстарын қажет етеді. Сондықтан егер сіз ғылыми жобалар конкурсына қатысуға шешім қабылдаған болсаңыз, онда сіз ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, қолыңыздан келгеннің бәрін жасауыңыз керек, – дей келе, беделді сарапшы соңғы он жылда Қазақстандағы ғылыми жобалар конкурсына берілген өтінімдердің сапасы айтарлықтай артқанын атап өтті.
– ҚазҰУ жастарында ғылыми ізденіс дамып келе жатқаны анық. Демек, бұл Қазақстандағы ғылым дамуының оң өзгерісін көрсетеді. Бүгінгі таңда бейресми зерттеулердің ауқымы кеңейген сайын, әдістер мен тәсілдердің өзгеріс тапқанына куә болудамыз. Ал жергілікті мәдени ерекшеліктер ескірді. Бірақ ғылымның бұл өркендеуі ғалымдар арасында кейбір терминологиялық шатасуларға алып келгені анық. Аталмыш құбылысты жалпылау мен банализациялауға әкеп тірейді. Біз барынша жас зерттеушілерге осы бір шырмауықтан шығатын жол жайында, шетелдік сарапшылармен тиімді қарым-қатынас құру, сарапшылар пікірі әртүрлі болған кезде консенсусқа қалай қол жеткізу турасында кеңес беруге тырысамыз. Қабылдау комиссиясының мүшелері конкурстың соңғы күндерінде өтініш берушілермен байланысын шектеуді жөн санаймын. Өйткені зерттеуші өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға екі-үш күн қалғанда зерттеуін жаза бастаса, бұл өтініш берушінің қызығушылығы мен жауапкершілігінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Ғылыми өтінімді дайындау және жазу – бұл белгілі бір уақытты, тәжірибені қажет ететін үлкен жұмыс. Сондықтан конкурс басталмай жатып дайындалған жөн, – деді Абель Полесье.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ