Дулат ИСАБЕКОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері: Төртінші курстан танымал болдым

21 қазан, 2022

Жазушы, драматург Дулат Исабеков 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. Болашақ жазушы университет қабырғасында жүргенде-ақ шығармашылыққа бет бұрды. Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің шығармалары әлемнің бірқатар тілдеріне аударылды. Драматургияда да өзінің сара жолын айқындай алды.

– Студент кезімде жақсы оқыдым дей алмаймын. Диплом қорғағанда академик Зейнолла Қабдолов ағай: «Әй, Дулат, сен менен үш алған екенсің ғой. Қалай үш алып жүрсің?» – деп таңғалғаны бар. Жастық шақта кейде босаңситын кездер болады. Босаңсыған шығармыз, дайындығымыз аздау болып, билеттегі сұрақты білмей қалған болармыз, дегенмен дипломды беске қорғадым. Бірінші курстан бастап, тіпті ауылда жүріп шығармашылық жағына көңілімді көбірек бұрдым-ау деймін. «Жолда» деген тұңғыш әңгімем екінші курста оқып жүргенде «Замандастар» жинағына енді. «Қазақстан жазушыларының әңгімелері» деген үлкен кітап болды. Әңгімем осы жинаққа енгеннен кейін жолым ашылды. Төртінші курста «Шойынқұлақ» деген әңгіме жазып, ол «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің үш нөміріне қатар басылды. Ол заманда үш нөмірге қатар әңгімесі басылу аспаннан комета түсті дегенмен бірдей болатын. Өйткені газеттің өзі санаулы еді. Жастар шығармашылығын насихаттайтын бір-ақ газет болды. Ол осы – «Лениншіл жас». Таралымы – 1 миллион. «Лениншіл жасқа» бір рет шыққан ақын-жазушының аты белгілі болатын. Үш нөміріне қатар шыққан соң, танымал болып шыға келдім. Тіпті өзім студент болсам да, КазГУ-де кездесулерге шақыра бастады. Бесінші курста «Бекет» деген кітабым шықты, – дейді Дулат аға.

Ол бесінші курста Мұхтар Әуезов атындағы әдеби үйірменің жетекшісі болды. Сол жылдары Жайсаңбек Молдағалиев, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Есенжол Домбаев, Асқар Сүлейменов сынды жас жазушылар шықты. Кейінгі толқын соларға еліктеп, солардың қасында жүргеніне, дос болғанына мәз болды. Сол кезден қалыптасқан, өзіндік жолын айқындаған жазушылармен дос болып, солардың ортасында жүру шығармашылық жағынан өсірді. Студент Дулат, расында да, көп оқып, көп ізденді. Ги де Мопассанды да сол кезде оқыған, бірақ оқымаған жігіттер бес алып кетті де, оқыған бұл үш алды. Әңгімені жақсы айтатындар болады ғой. Оған өкінген жоқ. КазГУ-дің атақты студенті болып оқуды бітірді.

– Тас жауып тұрса да, дәрісін жібермейтін ұстаздарым – Зейнолла Қабдолов, Темірғали Нұртазин және Светлана Михайловна Сагалович. З.Қабдолов әдебиеттің нөмірі бірінші теоретигі болды. Сабағы өте салмақты өтетін. Өмірде көргенімен түйістіріп айтатын. Тырс еткен дыбысты көтере алмайтын. Ренжімейтін, бірақ «Әй, сендер тыңдамай отырсыңдар ма? Онда сыртқа шығып кішкене бой сергітіп қайтыңдар» дейтін. Соның өзі бізге түсінікті болатын. Темірғали Нұртазин репрессияға түскен адам. Ортаға келіп орындықты қойып отыратын да, сабақты қызық, ерекше бастайтын. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің лирикалық шығармалары туралы болса, Сәкен өмірінің қызықты сәттерінен біраз әңгіме айтатын. Светлана Сагалович антикалық әдебиеттен сабақ берді. Өзі көрікті, әңгімені майын тамызып айтатын адам. Ұстазымыздың арқасында антикалық әдебиеттен жақсы білім алдық. Айтқан дәрісін ұйып тыңдап, ертеңіне өзіне айтып бергенімде таңғалатын. Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында спектаклім қойылғанда Светлана Михайловна театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі екен. Мені ұмытпапты. «Бүгін менің студентімнің спектаклі қойылып жатыр. Мен онымен мақтанамын» деп өзгелерге таныстырғаны бар, – дейді Дулат аға ұстаздарын еске алып.

Жазушы мектеп жасынан, одан студент кезде өз әдебиетімізге біршама қанықты. Ауылда өскен бала үшін батыстың темір шымылдығы жабық болды. Бірінші курстан кейін қараса, әдебиеттің бүкіл құндылықтары батыста жатыр екен. Cодан қатарластарымен бірге жаппай кітап оқуға кірісті. Соларды оқыған соң, шығарма жазуға деген көзқарасы да өзгерді.

– Мен осы студент кезімде қыздар әлеміне назар аудармаппын. Жатақханада сегіз бала жатамыз. Ол кезде бір жақсысы – оқыған кітаптарымызды бір-бірімізге айтып, талқылайтынбыз. Әркім өз пікірін айтып, қырғын талас болатын. Осы таластың өзі өсіреді. Ақселеу Сейдімбекпен қатар оқыдық, екеуміз жатақханада үстелді ортаға қойып алып, қара терге түсіп теннис ойнайтынбыз. Алматыда бірге оқығандардан Сауық Жақанова мен Темір Тасболатовтар бар. Төлен Әбдіков бір курс жоғары оқыды. Бексұлтан сырттай оқыды, бірақ студенттік шақтан араласамыз. Елу бала оқыдық. Елу баланың елу түрлі мінезі бар. Солардың көбі – шығармаларымның кейіпкері. Қатарластарымыз Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаевтар сексенге келіп қалды.

Біздің алдымыздағы ағаларымыздан сексенге келген Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов ұзақ жасаудан өз алдына рекорд. Заманның жақсылығы ма екен, біз сексенге оңай келген сияқтымыз. Біздің алдымыздағы толқынның көрмегені жоқ. Ашаршылықты, соғысты, небір зұлмат заманды бастан кешірді. Сондай топалаң, ашаршылық, қырғын, айтыс-тартыс, «халық жауы» деп бүгін алып кетуі мүмкін, алай-бұлай заманға қарамастан, Ғабит Мүсірепов ақсүйектікті сақтап қалған. Киім киісі, сөйлеу мәнеріне қызығатынбыз. Үстіндегі плащы сары болса, міндетті түрде сары қолғап, сары туфли киетін. Шалбарының қыры кетпейтін. Бәтіңкесі жалтырап тұратын. Бірде Ғабиден Мұстафиннің «Әй, ар жағыңдағы адам кетіп қалды-ау деймін, Ғабиттің бәтіңкесі арқылы оның суретін көріп отыр едім» деп әзілдегені бар, – дейді ол.

Дулат аға жазушы ретінде де, драматург ретінде де қашанда сұраныста. Сол себепті шығармашылығына, оның жарық көруіне өкпесі жоқ. Шетелдің он театрында пьесалары қойылды. Лондонда екі, Санкт-Петербургте үш спектаклі жүріп жатыр. Өзге республикаларды, өзіміздің театрларды есептеп жатпай-ақ қояйық, Австралияның Мельбурн қаласында спектаклі қойылуда. Мельбурн қай қазақтың спектаклін қойып еді? Кейде әкімшіліктегілер селқос тыңдағанда «Сонау Мельбурнның театры қазақ пьесасын қойып жатқанда сендер қалай селт етпейсіңдер? Мельбурнға облыстық театрдың премьерасындай қарайсыңдар. Ол – Мельбурн! Онда қазақ пьесасы бірінші рет қойылып отыр» деп айтатыны бар. Мельбурн театры драматургтің екінші пьесасын қоюға дайындалып жатыр. 10-16 желтоқсанда онда үлкен премьера болмақ. «Бөрте» спектаклінің атын өзгертіп, «Бөрте – әлемнің патшайымы» деген атпен қойғалы отыр.

– Біз үшін өзіміз білім алған, әдебиетке ден қойған қара шаңырақ ҚазҰУ-дың жөні бөлек. Бұрын кездесулерге жиі шақырып тұрушы еді. Студенттермен кездескенде әдебиетке өте құмар қыз-жігіттерді көретінмін. Солардың көбі бүгінде журналистикада, әдебиетте өз орнын тапты. Проза, поэзияда өз қолтаңбалары бар. Кейінгі жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында студенттерге сабақ беремін. Сонда студенттерге оқыған дәрісімнің негізінде «Театр және кино әлемі» деген оқулық жаздым. Қанша дегенмен 28 пьесаның авторымын. Қатып қалған терминдердің көбін қайта жасадым. Өйткені біздегі оқулықтардың көбі аударма. Балалар білу үшін театр тарихынан көне Грекиядан бастап, шағын-шағын етіп жазып шықтым.

Жалпы, театр туралы көп мағлұматты осы оқулықтан білуге болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, әрқашан да ерінбей еңбек ету керек. Мен студенттерімді солай тәрбиелеп жатырмын. Ұстазым Темірғали Нұртазин «Әй, сендер осы кейде бос жүретін сияқтысыңдар. Кітап оқуға да жалқауланып, ұйықтап жатады екенсіңдер. Ешқандай жұмыстарың жоқ болса, қалталарыңдағы орамалды жыртып, соны қайтадан қиюын келістіріп тігіңдер» дейтін. Бұл жұмыссыз отырмаңдар дегені ғой. Жастарға айтарым – қазіргі заман инсентивті заман. Бір күнің жоғалса, бір жылың жоғалғандай болады. Көктемде дер кезінде егіс еге алмай қалған адам аш қалады. Сол үшін әрбір күнді бағалаңдар. Қыруар еңбек жазған, ауруға шалдығып, алпыс жасында қайтыс болған Ф.Достоевский өлерінің алдында «Құдай, маған алты күн өмір бер, жазған шығармаларымның барлығын бір қарап өтейін» деп тілеген екен. Уақытты бағалау деген – міне, осы.

Біз де біраз уақытымызды босқа жіберіппіз. Барға көбірек барыппыз. Қыдырыппыз. Әнеукүні Төлен (Әбдіков) досымның тойында «Әй, Төке, қарап тұрсақ, сол заманда ең көп оқыған, ең көп қыдырған, ең көп жазған біз екенбіз. Қалай уақыт таптық, ә?» дедім. Ол кезде қонақта отырғанда «жазып жатқан шығармам күтіп қалды» деп үйге асығушы едік. Шығарма деген – қазанда қайнап тұрған ыстық ас сияқты. Ыстық асты сол кезде жеу керек, суый бастағанда дәмі өзгереді. Шығармашылық та солай. «Ертең жазам, бүрсігүні жазам» дегенде идеяң суып қалады. Араға басқа идеялар кіріп кетеді. Идея келген бетте шап беріп ұстап алып, не болса да, бітіріп шығу керек. Өзім барынша солай етуге тырыстым.

Аристофанның «Талант аспаннан келеді» дейтіні бар. Аспаннан келіп жатса жақсы, бірақ «аспаннан келеді екен» деп сеніп отыра беруге болмайды. Оған еңбек, оқу-білім қосылу керек. Біздің жазушыларымыздың басым бөлігі көп кітап оқымаған. Әсіресе драматургтер. Драматургияның теориясын, ұңғыл-шұңғылын білмейді. Бір шай ішкенін үш-төрт бетке жазады. Шетел оны қайтеді? Оқымайды. Ықшамдық керек, әсіресе драматургияда. Прозада бір сөз артық, бір сөз кем бола беруі мүмкін. Ал драматургияда оны кешірмейді. Өйткені 800 беттік «Анна Каренина» романын сен 70 бетке түсіруің керек. Студенттерден «Жазушылықтың, әсіресе драматургияның қиындығы неде?» деп сұраймын. Біреулері жазуды айтады. Оның бәрі шығармашылық процесс. Оның қиындығын екінің бірі біледі. Драматургтің лексиконында «білмеймін» деген сөз болмауы керек. Сендер отыз жастан кейін әлемнің бүкіл оқиғасынан хабардар болып отыруларың керек. Сендерге «саясатпен айналысыңдар, саясаттанушы болыңдар» деп жатқан жоқпын. Әлемде саяси бағыт қалай болып жатқанынан хабарларың болу керек. Д.Менделеев химияда, Н.Лобачевский математикада қандай жаңалық ашты, міне, осы сияқты басты жаңалықтарды білу керек. Әлемдік музыкадан құлағдар болған жөн. Жазушылардан өзгеріс енгізген реформаторлар – неміс жазушысы Бертольт Брехт, америкалық драматург Артур Миллер сияқты басты-бастыларын білуге тиіссің. Классикалық музыканы біліп, балеттен хабарларың болу керек. Соның бәрін білгенде шығармашылығыңның зияткерлік деңгейі жоғары болады. Мысалы, Мұхтар Әуезов Ленинград университетінде Фадеев, Савельевтермен оқыды. Ал Сәбит Мұқанов рабфакты бітірді. Екеуінің шығармашылығын салыстырып қарағанда деңгейі аспан мен жердей. Әуезовтің барлық шығармасы әлемдік деңгейде. Сәбең көрген-білгенін баяндап кете береді. Әуезов Фадеевпен, Савельевпен «сен» деп сөйлескен адам. Өйткені деңгейі бірдей. Білімнің қаншалықты керек екенін осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді ол.

Дулат аға көрген-түйгенін студенттерге айтудан жалыққан емес. Түрлі мысалдар келтіріп, ұлы тұлғалардың жақсы қасиетін үлгі тұтады.

Пьеса жазуға талаптанғандар «Мен Әуезов, Мүсірепов немесе Чехов емеспін ғой» деген жаман ойды мүлдем санадан шығарып тастау керек. Олай ойлайтын болсаңдар, жазу үстеліне отырмаңдар. «Мен олардан кем емеспін» деген ой болу керек, сол ой сені биікке қарай жетелейді. Ол үшін көп біліп, көп оқу қажет. Өз ойыңды, характеріңді, жағдайыңды олармен салыстыру керек. Адамның өзіне-өзі сын көзбен қарай білгені жөн. Қазақта «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бар. Оны тоқтатыңдар. Балаларына қарап «жаман да болса іштен шыққан шұбар жылан ғой» деп айта салған сөз ғой. Бұл – шығарма! Ол ең алдымен өзіңді қанағаттандырмаса, басқа жұртты қалай қанағаттандырады?! – дейді жазушы.

 

Сексенге қарай қадам басқан жазушы әлі де қауырт жұмыс үстінде. Алға қойған мақсат та, орындасам деген жоспар да көп. Соған қарамастан, «Qazaq universiteti» газетіне сұхбат берген Дулат ағаға ұзақ өмір тілейміз!

 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ