Түркітанушылар Ташкентте бас қосты
Ташкент қаласында Алтай қауымдастығы академиясының «Алтай тобы тілдеріндегі тағам атаулары» атты Х халықаралық Алтай симпозиумы өтті. Алтаистика мен түркітану ғылымының дамуына әлемдік деңгейде үлес қосып келе жатқан бұл ғылыми басқосуға 62 елден ғалымдар қатысты. Соған сәйкес, ғылыми баяндамалардың да тақырып ауқымы кең болды. Түркі халықтарының тағам атауларының қазіргі қолданысы, уәждемесі, этимологиясы, тарихы, тағам жасау, қолдану, беру мәдениеті туралы айтылған ғылыми баяндамалардан ұққанымыз – түркітілдес халықтардың тағам атауларының ортақтығы, тағамдарының біртектілігі.
Тілдік қолданыстың белсенді көрінісінің бірі – дүкендердегі ас-ауқат атауларының ауызша және жазбаша сипаты екеніне де көңіл аударылды.
Тамақ өнеркәсібі – адамзат пен ұлттық мәдениеттің ажырамас бір бөлігі. Ол әр ұлттың тіршілігімен, дәстүрімен тығыз байланысты. Жылдар бойы қалыптасқан тарихи ерекшеліктерге сай, ұлттық тағамдар да, тамақтану мәдениеттері де сан түрлі. Бір тағамның бірнеше жасалу жолының болуы, басқа аспен үйлесімділік деңгейі, дастарханға ұсынылуы – осының бәрін зерттеудің өзі нағыз өнер. Әлемдік тіл білімінде тағам атаулары күнделікті қарым-қатынаста ең белсенді қолданыстағы атаулар, сондықтан да тағам атауларының этномәдениеттік, этнолингвистикалық маңызы ерекше.
Симпозиумда қазақ тіліндегі тағам атаулары түркілік қабаттан бөлек, моңғол, араб, қытай тілдерінен енгені, тағамдардың алуан түрлі болуы Қазақстанның орналасу аймағына да байланысты екені туралы айтылды. Тілдік қолданыстың белсенді көрінісінің бірі – дүкендердегі ас-ауқат атауларының ауызша және жазбаша сипаты. Күнделікті тұтынатын тауарлар атауының мемлекеттік тілде дұрыс жазылуының мәні ерекше. Қазақстанның ірі қалаларындағы тамақтану орындарын салыстыра зерттегенде кафе мен мейрамханалардың ас мәзірі орыс тілінде жазылғаны байқалады.
Қазақтың басты шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан, еттен, сүттен жасалатын тағам атауларының молдығымен ерекшеленеді. Қазақ үшін еттен үлкен ас жоқ, қысы-жазы етсіз отырмаған бабаларымыздың тағам дайындау технологиясының өзі тазалық пен тәрбиеге үйретеді. Қазіргідей тоңазытқыш жоқ кездің өзінде соғым етін бұзбай сақтаудың да жолдарын білген. Қазақтардың ет сақтау тәсілі әртүрлі. Ет сақтау тәсілдерін мынадай түрлерге бөледі: аязға сақтау, етті бүрмелеу, қарынға тығып қақтау, етті үгітіп сақтау, етті сүрлеу, етті қақтау. Қатыру, кептіру, сүрлеу, ыстау сияқты ет сақтау тәсілдері халық арасында жыл мезгілдеріне байланысты орын алады. Етті балғын күйінде сақтау үшін қарынға немесе терісіне орап қатырған. Қыста етті қатырса, жазда етті кептірген. Етті түтінмен ыстау, қақтау оның бұзылмай сақталуына пайдасын тигізген. Қазақ тілінің лексикалық қабатында ет пен сүтке қатысты атаулардың орны бөлек екені туралы қазақстандық ғалымдар баяндамаларында айтылды.
Симпозиумның ерекшелігі – ғылыми жиын әр жылы түркі мемлекетінің бірінде өтуі тиіс. Бұған дейін Алтай қауымдастығы академиясының ғылыми жиындары Анкара, Ыстамбұл, Ұлан-Батыр, Бішкек, Бурса т.б. қалаларда өткен еді. Биыл симпозиум өткізу үшін үш университет өтініш білдірді: Будапешт университеті, Ұлан-Батыр университеті және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
Симпозиум ақылдастар алқасының шешімімен 2023 жылғы Алтай қауымдастығы академиясының ХI халықаралық Алтай симпозиумы Қазақстанның Алматы қаласында, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде маусым айында өтеді деп белгіленді.
Анар САЛҚЫНБАЙ,
ф ғ.д., профессор
Раушан АВАКОВА,
ф.ғ.д., профессор