Талант МАУҚАНҰЛЫ: ҚазҰУ-мен ортақ жоба жасамақ ойым бар
Профессор Талант Мауқанұлы – Вашингтон университеті Таяу Шығыс тілдері мен мәдениеттері кафедрасының доценті, Түркі және Орталық Еуразиялық зерттеулер бөлімінің директоры. Сонымен қатар Антропология кафедрасының, Лингвистика кафедрасының және Азиялық тілдер мен әдебиеті кафедрасының адъюнкт-оқытушысы. UW-ге келгенге дейін ол Индиана университетінде (Блумингтон) және Висконсин (Мэдисон) университеттерінде қызмет атқарды. Жақында профессор Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ф.ғ.д., профессор Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болды. Осы орайда, түрколог білім ордасына келудегі негізгі мақсатын ортаға салды.
– Қазақстан елшісі және бас консул биыл Вашингтон университетіне келген болатын. Сонда бізге қазақстандық университеттермен серіктестік құру, бірлесіп зерттеу жүргізу, конференция ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқан-ды. Осы ойды жүзеге асыру мақсатында біздің (Вашингтон университеті) университеттің факультет, институттары қызметкерлерімен кездесіп, олардың Қазақстанға деген қызығушылығын байқадық. Қандай жоба ұсынғысы келетіні жайлы сұхбат жүргіздік. Сұрай келе, біздің университеттің Қазақстанның оқу ордаларымен бірлесіп жоба жасауға, зерттеу жүргізуге қызығушылығы барын білдік. Осы мақсатта Қазақстанға келіп, университет, институттармен бірлесіп жұмыс істеудің алғышарттарын қарастыра бастадық. Өзім түркологпін. 2010 жылдан бастап Қазақ хандығының тарихы туралы зерттеулер жүргіздім. Бұл бағытта екі монография бар: бірі – ХVIII ғасырдағы Нұралы, Бопай хандардың Ресей империясына жазған хаттары. Ал екіншісі – ХІХ ғасырда Ресейге жазылған шағатай тіліндегі хаттар. Осы хаттарда айтылған жыр атаулары, кісі аттарын зерттеу мақсатымен Батыс, Шығыс Қазақстанда және Астанада болдым. Жақында ҚазҰУ-ға келіп, тарихшылармен кездесіп, сол жоба туралы ақылдастық. Америка, Еуропада түркология әлсіреп бара жатыр. Меніңше, келешекте Қазақстан түркітану бойынша әлемде көш бастайды. Алдағы уақытта ҚазҰУ-мен бір ортақ жоба жасасақ деген ойым бар. Әсіресе жас ғалымдарды тәрбиелеу, ортақ конференциялар ұйымдастыру аталмыш жобаның бастауы болмақ. Өзім қазақ болған соң, екі білім ордасы арасына дәнекер болсам деген үміттемін, – деді профессор.
Талант Мауқанұлының ғылыми концепциялары: әлеуметтік лингвистика; лингвистикалық антропология; әлеуметтік-мәдени антропология; тіл және мәдениет; тіл мен ұлт; миноритар тілдер; тіл құжаттамалары және тілдік өріс; тарихи лингвистика; тілдік байланыс; нәсіл және ислам; түркі тілдері; Қытай, Орталық Еуразия және Ресей тарихы т.б.
Талант Мауқанұлы – лингвист, түркі және әлеуметтік-мәдени лингвистика ғалымы. Оның зерттеулері Орталық Еуразия мен Қытайдағы тілдерге, олардың әлеуметтік және мәдени контексіндегі сөздерге, тілдің жойылып кетуіне, аз ұлтты тілдерге және этникалық ерекшелікке баса назар аударады. Бұл салада ауқымды дала жұмыстарын жүргізді. Ғалымның ғылыми-зерттеу және оқытушылық жұмысы түркі тіл білімі, тілдік құжаттама және сипаттама, лингвистикалық антропология және ислам антропологиясы салаларын қамтиды.
– Қазақстанға келудегі тағы бір мақсатым – жастармен кездессем, таныссам, олардың ой-пікірлерін тыңдасам, болашаққа қойған мақсаттары қандай, осы турасында сөйлессем деп едім. Сондай-ақ ҚазҰУ-да «Қазақ даласы: тіл және күш құдіреті» атты тақырыпта ашық дәріс оқымақпын. Сол дәрісте жастардың қандай мүмкіншіліктері бар екенін білгім келеді. Өз тәжірибеммен де бөлісуге ниеттімін. Себебі мансап жолым жастарға ойтүрткі болуы мүмкін. Батыс, Шығыс Қазақстанда көптеген студенттермен кездестім. Осы дәстүрді, міне, ҚазҰУ-да жалғастырып отырмын. Жас ғалымдармен кездесіп, пікір алмасу жаңа идеяның тууына негіз болмақ, – деді түрколог ғалым.
Талант Мауқанұлы түркі тілдері, Орталық Еуразия мен Қытайдың қоғамдары мен мәдениеттері бойынша магистратура және бакалавриат курстарында сабақ берді. Оның негізгі зерттеулері қазіргі уақытта жоңғар, тува тілінің құжаттамасы мен сипаттамасына қатысты жобаларды қамтиды. Қазіргі уақытта зерттеуші XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ тілі мен қоғамының қайнар көзі – шағатай қолжазба дереккөздері бойынша көлемді жобамен айналысуда.
– Шетелде Қазақстан тарихы орыс тілі аудармасымен оқылып, зерттеліп жатады. Ал біздің мақсат – түпнұсқадан зерттеулер жасау. Ата-бабамыздың жанайқайын түсіну, қандай мақсатта таңба қалдырып, хат жазған, соны бүгінгі ұрпаққа жеткізу – негізгі мұрат. Қазақстанды аралап жүріп, әлі де зерттелмеген көп деректер барына көзім жетті. Бұл «іздеймін, зерттеймін» деген жас ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік. Қазақстанда үкімет, университет тарапынан түркологияға қолдау көрсетуі жоғары деңгейде. Болашақта осы саланың дами түсеріне сенімім кәміл. Вашингтон университетінде де қазақ тілін зерттейтін жас ғалымдар өте көп. Оларды тәрбиелеу үшін мүмкіншіліктер жан-жақты қарастырылған. ҚазҰУ-мен көптеген шетел оқу ордалары серіктестік құрғандай, Вашингтон университеті де тәжірибе алмасуға мүдделі. Сіздерде (ҚазҰУ) интроспектілік (introspective) жоғары сапада, яғни шетелдік көптеген ғалымдар мен университеттер осыған баса назар аударады. ҚазҰУ жастары университет тарапынан үлкен қолдауға ие. Алдағы уақытта лингвистика, антропология, тарих т.б. бағыттарда бірлесіп жұмыс істеу арқылы тың жаңалықтар ашамыз деп үміттенемін. Өйткені біз (Вашингтон университеті) бен сіздің (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) университет түркологияны зерттеуде көш бастаған әйгілі білім ордалары, – деп сөзін қорытындылады профессор.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ