- Басты бет
- Жаңалықтар
- Cұлтан ТӨЛЕУХАНОВ, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі: Ырғақ – тіршілікке қажетті қуат көзі
Cұлтан ТӨЛЕУХАНОВ, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі: Ырғақ – тіршілікке қажетті қуат көзі
– Сұлтан аға, сіз хронобиология ғылымымен айналысып келесіз. Осы салада ашқан жаңалықтарыңыз бен зерттеу еңбектеріңіз бүгінде өз нәтижесін бере бастады. Осы жайында әңгіме өрбітсек.
– Хронобиология – бұл бір қызық ғылыми бағыт. Хронобиология, хрономедицина, биоритмология – бәрі тірі ағзада болатын ырғақты зерттейді. «Біз неге ырғақты процестерге үлкен мән беретін болдық? Оның адам баласына, жануарларға пайдасы бар ма?» деген сұрақ туады. Осы бағыт Қазақстан бойынша тұңғыш рет 1970 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасында пайда болып, дамып келеді. Мұны үлкен табыс деп бағалап, мақтанышпен атап өтуге болады. Сол кездерде бірде-бір университетте «Хронобиология» пәні оқытылмаған. Қазір жоғары оқу орындарының көбінде, әсіресе медицина университеттерінде арнаулы хронобиология, хрономедицина оқытылады.
Менің монографиямның атауы – «Ырғақ. Денсаулық. Өмір». Кейбіреулер «Өмір бірінші тұрмай ма? Денсаулық неге екінші тұр?» деп сұрайды. Мен де әуелі солай ойлағанмын. Материалымды анализ жасап біткенде сол өмірдің де, денсаулықтың да ең басында тұрған, өмірімізді де, денсаулығымызды да жақсы қылатын ырғақ деп ойладым. Ырғақ бұзылса денсаулық болмайды, денсаулық болмаса сапалы өмір болмайды. Өзім осындай тоқтамға келіп, монографиямды солай атадым. Қазір біздің университетімізде үлкен ғылыми мектеп бар. «Хронобиология», «Хрономедицина», «Уақытаралық процестер» деген арнаулы курстар жүргізіледі. Ғылыми жобалар, бағдарламалар орындалған және орындалып жатыр. Жиырмадай ғылым кандидаты мен PhD докторлары дайындалып, көптеген дипломдық жұмыстар және магистрлік диссертациялар орындалды және орындалып жатыр. Арнаулы ғылыми орталық және лабораториялар бар.
Біз өз материалдарымызбен анализ жасағанда таңғалдық. Қалыпты жағдайда 24 сағаттық ырғағы бар. Соның акрофаза деген максималдық көрсеткіші бір уақытта, мезор деген орта фазасы бір уақытта болады. Тек кезеңдері басқаша. Біз оны тереңдеп зерттегенде гипоксия, вибрация, шу, микрогравитация, патология кезінде құрылыс параметрінің көрсеткіштері өзгеретінін байқадық. Оның бәрі маркерлік көрсеткіш болып саналады. Мысалы, жүрек ауырғанда кардиограмма жазады. Кардиолог соған қарап сырқатты анықтайды. Америкада тұратын Михаил Ефимов деген өте мықты дәрігер бар. Ырғақ жайлы айтқанымда, ол мені қолдады. Қатерлі ісік ауруымен ауыратын сырқаттарға тест жасадық. Оларда ырғақ қатты бұзылған. Алғашында ырғақтың бұзылғаны білінбейді, адамның еш жері ауырмайды. Біраз уақыт өтіп, оның патологиясы болғанда, яғни ауру сезілгенде ырғақ жойылып кетеді. Неге оған мән береміз? Оның физикалық заңы бар. Біз асыққанда, бір мәселені тез шешкіміз келгенде ырғақ 24 сағаттан азаяды. Мәселен, 24 сағатта жұмсайтын қуатымызды 18 сағатта сарп етеміз. Бұл кезде күйзеліс болады. Ал патология болғанда ырғақ тіпті 8-12 сағат болып қалады. Сол кезде оның себебін біліп, бір әрекет жасап, қалпына келтіруге тырысуымыз керек. Науқастар емделеді де кетеді, әрі қарай ырғағы қалпына келмесе «жасырын» жазылу болады. Біз ырғақтың қалпына келуі маңызды екенін айтып жатырмыз. Ырғақ, денсаулық, өмір. Адамның денсаулығын сақтап қалу үшін, оны бір деңгейде ұстап тұру үшін ырғақты бұзбауға барынша әрекет жасауымыз керек. Ол бәріміздің қолымыздан келеді. Жас, қуат бар кезде түнгі екіге дейін жүреміз. Әр уақытта жатамыз, әр уақытта тұрамыз. Біздің табиғаттан берілген, ата-бабамыздан келген дәстүрді бұзуға қақымыз жоқ. Соны сақтау үшін не істеу керек? Бірінші кезекте бір уақытта жатып, бір уақытта оянуға тиіспіз.
Ашқан жаңалықтарымыз – биожүйеде болатұғын биофизикалық және физиологиялық процестердің тәуліктік ырғақтарының табиғаты, хроноқұрылымдық көрсеткіштері, стресс факторлардың әсер ету механизмдері және тағы басқа көрсеткіштері. Оның бәрі патентпен қорғалған, бес монография мен 300-ден астам мақалада жарық көрген.
– Ғылымның аты – ғылым. Ғылыми зерттеулерсіз қандай да бір жаңалықты дәлелдеп шығу мүмкін емес. Өмір жасымыз ұзақ болуы үшін, кең-байтақ даламызды халыққа толтыру үшін не істеуіміз керек? Осы мәселені қарапайым тілмен қалай жеткізер едіңіз?
– Мен шетелдердегі конференцияларға жиі барамын. Мұсылман еліне барғанда әдейі адамдарға қараймын. Египеттің астанасы Каирде болғанымда, үлкен жасқа келген аталар мен әжелер көптігін байқадым. Ол жақта өмір сүру оңай емес. Халық көп. Дегенмен адамдары ұзақ өмір сүреді және түр сипаты да келісті. Мұның құпиясы неде? Израильде, Пәкістанда болғанда да жасы келген, үлкен кісілердің көп екенін аңғардым. Маған осы қызық болып көрінді. Ырғақ жайын зерттеп жүргеннен кейін маған мынадай ой келді. Пайғамбарымыз адамзатты ойлап, оның денсаулығы мықты болсыншы деп, тұтқаны беріп кеткен сияқты. Ол қандай тұтқа? Ол – күн шықпай тұрып ояну, күн батқан соң ұйықтау. Мұсылман елдерінде үлкен кісілердің көбі күн шықпай тұрып жуынып-шайынып, намазын оқиды, тіршілігін жасайды. Күн батқанда жуынып-шайынып, ерте жатады. Сонда олар табиғаттың ырғағының ішінде жүр деуге болады. Оларға табиғат өзі қуат беріп отыр. Кейде ауырып не болмаса шаршап тұрғанда далаға шығып серуендеп келгенде жақсы болып қаламыз. Өйткені біз табиғаттан қуат аламыз.
Розбаш, Холл және Янг тәуліктік ырғақтың механизмін зерттеу жұмысы үшін 2018 жылы Нобель сыйлығын алды. Біздің университеттің ғалымдары сол зерттеумен айналысып жатыр. Оны мақтанышпен айтуға болады.
Атақты физик А.Эйнштейн жүз жыл бұрын математикалық формуланы жазды. Формула бойынша аспанда гравитация толқыны бар екенін, оны дәлелдеуге аппаратура керектігін теоретик ретінде айтып кетті. Осы теория бойынша ғалымдар жүз жыл бойы жұмыс істеді. Оны тек 2019 жылы дәлелдеп, гравитация толқынын ашып, бір топ ғалым Нобель сыйлығын алды. Басқаша айтқанда, ырғақтар биожүйеде де, табиғатта да бар, ал ырғақ – қуаттың көзі.
Қазақ халқы жаратылысынан табиғатқа жақын. Далада жүріп, атқа мініп, ерте тұрып, малын жайғап, табиғи ырғақпен жүрген. Сондықтан ұзақ өмір сүрген. Оларға табиғи ырғақ күш беріп отырды. Ал қазір қалай? Жастар түннің бір уағына дейін қыдырып жүреді. Ырғағы шайқатылған оларда қайдан денсаулық болады? Қыдыруға, жүруге болады, тек ырғақты бұзбау керек. Себебі бұл – табиғи заң. Табиғи заң дегеніміз – объективті заң. Бұл біздің пікірімізбен байланысты емес. Сондықтан оны білуіміз керек және сол заңмен өмір сүруге тиспіз.
Тамақ ішу, ұйықтау, ояну, жұмыс істеу – бәрінің өз ырғағы бар. Ғалым Иван Павлов мынадай эксперимент жасаған. Түнде бір уақытта жарықты қосып, итіне тамақ береді. Иті ойнақтап, сілекейі ағып, тамақ ішкісі келеді. Жарты жылдай өткенде сол уақытта жарықты қосады, бірақ тамақ бермейді. Ит сілекейі ағып, тамақ жегісі келеді. Кейін тексеріп қараса, асқазанында жара пайда болыпты. Студенттер «асқазаным ауырып тұр» деп жатады. Олар уақыты болса тамақ ішіп, болмаса жүре береді. Тамақты белгілі бір уақытта ішіп-жеу керек. Болмаса бұл асқазанға өте зиян келтіреді. Күнделікті бір уақытта ішкен тамақ пайдалы, сіңімді. Егер асқазан, ішек-қарынымыз мықты болса, онда иммундық қабілетіміз де жақсы болады. Иммундық қабілетіміз асқазанмен, ішек-қарынмен байланысты. Көбі бұған мән бермей жүреді де, кейін жара пайда болғанда бір-ақ біледі.
Қазір адамдардың көбі қалада тұрады. Сол себепті адамдарға әлеуметтік факторлар әсер етеді. Соңғы уақытта ғалымдар адамдарды үш топқа бөледі: «бозторғай», «жапалақ» және «кептерлер». «Бозторғай» тобына жататын адамдар ерте жатып, ерте тұрады, «жапалақ» тобындағы кісілер кеш жатып, кеш тұрады, ал «кептерлер» тобындағы кісілер кез келген уақытта оянады және ұйықтайды. Осы үш топтың соңғы екі тобы («жапалақ», «кептерлер») әлеуметтік топ деп айтуға болады. Бұлар біздің табиғатымызға қайшы келетін топтар. Ал біз үшін бірінші топ («бозторғай») нағыз табиғатымызға тән заң деп айтуымызға болады, себебі сол түнде мелатонин деген гормон синтезделіп, ішіміздегі ырғақты процестерді қалпына келтіреді. Ал егер түнде ұйықтамай жүрсек, мелатонин синтезделмейді, сол себепті түнде ұйықтау денсаулығымызға пайдалы. Жалпы айтсақ, біріншіден, тәртіп болу керек, тәртіптен реттілік туады, ал реттіліктен ырғақ пайда болады. Сонымен денсаулық болу үшін табиғат заңын қабылдап, сол заңмен өмір сүру керек. Басқаша айтқанда, тәртіп, реттілік және ырғақ – осы үш ұғым денсаулықтың негізі. Осы заңды қабылдап, өмір сүрсек, денсаулығымыз мықты болады. Денсаулық болған соң, көп және жақсы жұмыс істейміз, жасымыз ұзақ және санымыз көп болады. Жаңа Қазақстанда денсаулығы мықты азаматтардың көп болғаны керек. Меніңше, әр мемлекеттің даму деңгейі тұрғындарының денсаулығы мен білім деңгейімен тікелей байланысты.
– Күннің ырғағын бұзатындар негізінен жастар деп ойлаймын. Сіз студенттерге дәріс оқу барысында осы жайлы айтасыз ғой, олардың қабылдауы қалай болады?
– Студенттерге осы тәртіп жайлы айтқанда ұйып тыңдайды. Биологиялық ырғақ – ұлтымызға үлкен үлес қосатын, денсаулығымызды нығайтатын, өмірімізді ұзартатын құрал. Ырғақсыз өмір жоқ. Ырғақ жойылған жерде өмір де бітеді. Биофизика тілімен айтсақ, сол жағдайда реттілігіміз нөлге тең болып, ретсіздігіміз максимум болады. Қарапайым сөзбен айтқанда, тіршілікке жұмсалатын қуатымыз таусылады. Сонымен ырғақ дегеніміз – тіршілікке қажетті қуаттың көзі болып саналады.
Биологиялық ырғақ арқылы біз адамның жасына баға бере аламыз. Төлқұжаттағы және биологиялық жас бар. Кейде түріне қарап «Сіз елудесіз бе?» деп сұрайды. Ол сексенде болуы мүмкін. Төлқұжатта – 80, биологиялық жасы – 50. Керісінше, жасы жетпей ерте қартаятындар да бар. Жалпы, жаман кісі болмайды. Табиғат бәрін жақсы қылып жаратады. Адамды орта бұзады. Сол себептен табиғатқа жақын болуымыз керек. Егер позитивті кісі болса, қоршап тұрған кісілерге де жақсы. Ашуланған, мас кісілердің жанында тұрмау керек. Ондай кісілерден жаман энергетика бөлінеді. Ол кісіні жаман деуге болмайды. Кейбір себептерден ол сондай болып қалды. Жақсы, позитивті әңгіме, елдің жақсылығын айтып жүретін кісілермен жүрген жақсы. Ғайбат сөз, өсек айтпаған жөн. Бұның бәрі біздің энергетикамызбен байланысты. Жоғары жиілікті ырғаққа жол бермеу керек. Бұл – арақ, нашақорлық, ашулану, өсек айту т.б. Кейбір кісілер біреуді жамандап отырып, түрі қызарып кетеді. Мұндай кісілердің энергетикасы жаман (сапасы жоқ қуаттарды таратады).
Мен қазақ жастарына, студенттерге қарап қуанамын. Бір-біріне деген көзқарасы позитивті, бір-бірімен құшақтасып бара жатады. Жақсы сөйлеседі. Төбелесіп, ұрсысып жатқанын көрмейсің. Жастарға қарап көңілім толады. Демек, болашағымыз жақсы болады.
Алдымен тәртіпке мән беру керек. Тәртіп ырғаққа, ырғақ денсаулыққа, денсаулық жақсы өмірге алып келеді. Адамның ең үлкен құндылығы – өмір. Басқа құндылықтар мен байлықтың бәрі осыған тәуелді. Соңғы кезде хронобиологияға қатысы жоқ адамдарды да осы тақырып қызықтыра бастады. Біз дәріге үйір болмауымыз керек. Әр дәрі – у. Адамға оны амал жоқтықтан береді. Денсаулығымыз мықты болу үшін денешынықтырумен айналысуымыз керек. Ол – гимнастика, жүру, велосипед, жүзу т.б.
Өзім таңғы бесте тұрамын. Түнде сағат онда ұйықтауға жатамын. Таңғы алтыдан кешкі алтыға дейін бәріне үлгеруге болады.
– ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесін алды. Бұл ғалымдарымыздың жаңа ізденіске деген құлшынысына оң әсерін тигізуі мүмкін бе?
– Университетте Ғылыми кеңестің мүшесімін. Ректорымыз Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев «Өзімізде ашылған жаңалықтарды, бағыттарды жалғастыруымыз керек» деп үнемі айтады. Қолдау көрсетіп жатыр. Қазір зерттеу университеті болдық. Бағыттарымызды көрсетуге жол ашылып отыр. Университетімізде, оның ішінде биология және биотехнология факультетінде өте мықты ғалымдар көп және ғылыми мектептер бар. Соның бағыттарын әрі қарай дамытып, көрсетуіміз керек. Біз осы саланы коммерцияландыруға жоба ұсындық. Алдағы уақытта іске асырсақ деген біраз жұмыстарымыз бар.
– Әңгімеңізге рақмет.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ