"Алаш айнасы" Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

10 ноября, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті химия факультетінің үлкен залында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алматыда оқитын шығысқазақстандық студенттермен және зиялы қауым өкілдерімен кездесуі болып өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аталмыш университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, «Азия авто» АҚ президенті Ержан Мәндиев т.б. қоғам қайраткерлері қатысты. Негізі, осыдан екі-үш ай бұрын облыс әкімі Б.Сапарбаев бастаған делегация еліміздің жүрегі, ерен еңсесі – елордада болып, Астанада білім алып жатқан студент жастармен және қаламгерлермен кез­дескен. Ұлттық академиялық кітап­ханада өткен шығармашылық кешке ақын-жазушылар, журналистер мен ас­та­налық жас ақындар қатысты. Бас қа­лада білім алып жүрген мыңға жуық студенттің ішіндегі ең үздік 220-сы әкім­мен Назарбаев университетінде кез­десті. Болашақ жас ма­ман­дардың ал­дын­да қоғам қайрат­кер­лері, өңірдің ірі кә­сіп­орын басшыла­ры сөз сөйлеп, шы­ғыс­тағы соны серпіліс­тер туралы баян етті. Өндіріс, ауыл шаруа­шы­лығы, ғы­лым, кәсіпкерлік саласында жас мамандар қажет екені жеткізілді. Енді осы үрдіс жалғасып, әсем қала, гүл қала – Алматыда көптен күткен кез­десу өтіп отыр. Бұл жиынның түпкі мақ­саты – ұрпақтар сабақтастығын үзбей жал­ғас­тырып, жас мамандарды туған өңірге қызмет етуге шақыру. Кездесуге Алматыда білім алып жүрген 400 тәлімгер қатысты. Жалпы, оңтүстік астанада төрт жарым мың шығысқазақстандық өрен білім алады. Ол­ардың басым көпшілігі педагогикалық, ме­ди­циналық, техникалық, аграрлық оқу орындары мен Ұлттық консерваторияда шоғырланған. Тек Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінде мыңға жуық студент оқиды. Жиында облыс әкімі өңірде жүзеге асып жатқан ілкімді істер туралы кеңінен әңгімеледі.

Бердібек Сапарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық бағдар­ла­ма­ның аяқ алысы, аймақтың өндірісі, ауыл шаруашылығы, ғылым, өнер сала­сындағы жетістіктері жайлы айтып берді. Облыс экономикасын жақсартудағы мақсат-мүд­де, стратегиялық жоспарларды жүзеге асы­ру үшін өңірге жас мамандар қажет еке­нін де тілге тиек етті. Әсіресе өндіріс, медицина, ауыл шаруа­шылығы саласы мен көлік құрайтын зауыт­тар білімді де білікті мамандарға мұқ­таж. Осы ретте сөз сөйлеген облыс­тық пере­инаталдық орталықтың басшы­сы Рая Рақымова, «Азия авто» АҚ прези­ден­ті Ержан Мәндиев, шаруа қожа­лы­ғы­ның төрағасы Владимир Акулов бола­шақ мамандарды өз саласымен таныс­ты­рып, нақ­ты ұсыныстар жасады. Ал «Қазақ­мы­рыш» ЖШС инженері – Дидар есімді жас маман замандастарына өзінің қызметі туралы әңгімеледі. КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова тәлімгерлерге ақжол тілеп, өнерлі жастарға ақыл-кеңесін айтты. Өз кезегінде тәлімгерлер көңілде жүр­ген, көкейге түйген сауалдарын әкімге қо­йып, пікір алмасты. Жастарды аймақтың эко­номикалық, әлеуметтік әлеуеті, денсау­лық, білім беру саласындағы жаңалықтары қы­зықтырды. Аймақтың білім беру саласындағы соны сер­­пілістері туралы әңгімелеп, жас­тар­дың сұ­рақтарына жауап берген соң Бер­дібек Сапарбаев жиынға қатысқан бар­лық тәлімгерге орташа көлемдегі шәкірт­ақы, ал ең үздік 20 студентке облыс әкімі­нің гра­мо­тасы мен сыйақысын табыс етті. Жалынды жастармен жүздескен соң, ШҚО әкімі қоғам қайраткерлерімен, қа­лам­герлермен және өнер адамдары­мен кездесті. Олардың арасында Қаб­деш Жұ­ма­ділов, Б.Төлегенова, Мәрзия Тұр­лы­ха­нова, Мұрат Әуезов, Сейіт Қасқабасов, Ше­риаз­дан Елеукенов, Қалиқан Ысқақ, Сейіт­қазы Матаев, Қайнар Олжай, Серік Жан­болат, Жарқын Шәкәрім, Кәдірбек Се­гіз­баев, Бауыржан Жақып, Майра Ілиясова, Толқын Забирова сияқты есімдері елге танымал тұлғалар бар. Белгілі қаламгерлер мен өнер майтал­ман­дарының сыр-сұхбаты мазмұнды әрі тартымды өтті. Шығармашылық кездесуде «Шығыс жұлдыздары» энциклопедиясы та­ныстырылып, кездесудің мерейлі меймандарына сыйға тартылды. Ырыс аунап, нар шөккен Шығыс Қазақстан тума таланттар мен дарындарға да өте бай. Қаншама ғалымдар, қаламгерлер, күміс көмей ән­ші­лер мен сахна саңлақтары, өнер және мә­де­ниет қайраткерлері топырағына аунап өскен. Олардың есімдері ел Тәуелсіздігі­нің 20 жылдығына арналып шыққан жаңа кітап­қа еніп отыр. Бұл басылымда Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналармен қатар, қазіргі заман жазушылары мен жас ақындар да тізбектелген. Жинақты шы­ғаруды ұсынып, жобаға жетекшілік еткен – ШҚО әкімі. Тағы бір атап өтуге тұ­рар­лық басылым – «Күншығыс атласы» деп аталатын ғылыми еңбек. Атласта облыс­тың картасы, тарихы, жағрапиялық ерек­шелік­тері кеңінен баяндалады. Туған жердің базарлығын ала келген шығыс жұртына алматылық оқу орындары да алғыстарын білдірді. Кездесудің соңында жиылған жұрт естелік фотоға түсіп, келешекте де бас қосып тұруға уағ­да­ласты. Аймақ басшысы Бердібек Сапар­баев кездесу соңын «Елбасының табанды әрі жігерлі саясатын жүзеге асырып, туған өңірімізді бірге түлетейік, келешектің үмітін ақтайық!», – деп қорытындылады.

Серік ЖҰМАБАЕВ