"Президент және халық" Республикалық қоғамдық-саяси газет
2011 жылғы халқымыз үшін ең басты мереке – бұл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Бұл – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы осы күнге дейінгі ең атаулы оқиға. Елбасымыздың тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға және еліміздің болашақта дамуын қамтамасыз етуге бағытталған «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жариялау туралы» жарлығына сәйкес, 2011 жыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жылы деп жарияланды.
«Тәуелсіздік – бұл болашақ ұрпақтарға қалдыру үшін көздің қарашығындай сақтайтын және нығайтатын біздің басты игілігіміз. Еліміз өзінің дамуының 20 жылы ішінде қол жеткізгеннің барлығы Тәуелсіздіктің арқасында келді және біз оны ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Бұл – өткендегі жетістіктеріміз туралы айтуға ғана емес, бұл ертеңгі күнге сеніммен қарауымызға себеп» деп Елбасымыз атап көрсеткендей осы бір тарихи кезеңнің қазақстандықтар үшін қаншалықты маңызды екендігі баршамызға аян. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызға, еліміздің дербес мемлекет ретінде тұғырын тіктегеніне міне, биыл 20 жыл толды. 20 жыл уақыт өлшемімен салыстырғанда қас-қағым уақыт десек те, Егемендігіміздің іргетасын бекітуге себеп болған жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай.
Осы жиырма жыл ішінде еліміз еңселі мемлекет болып қалыптаса алды. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық теңестіретін дәрежеге жеттік. Біз қолда тұрған ядролық қарудан бас тарттық, сол арқылы әлем елдеріне, әсіресе, азулы алпауыт державаларға үлгі-өнеге көрсеттік. 2010 жылы ТМД мен Азия елдері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік еттік. Биылғы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық еттік, 7-қысқы Азиада ойындарын өткіздік. Бұл да еліміздің әлемдік аренадағы абыройын, мәртебе беделін танытады деп ойлаймын. Тәуелсіздік бізге көктен түсе салған жоқ. Тәуелсіз ел болуды армандаған ата-бабаларымыздың, осы жолда құрбан болған талай тарландарымыздың қанымен келді. Қазіргі Қазақстан халқы, әсіресе жастарымыз Тәуелсіздікті толық сезіне ала ма?, – деген сұрақ қоятын болсақ, жастарымызға «Егеменді ел болу», «елін, жерін сүю», «Тәуелсіздік» деген ұғымдарды бойына сіңіру – ол аға буынның міндеті, борышы. «Тәрбие бесіктен басталады» дейді халық. Тәрбиенің ең бастысы: Отбасы – Отанды сүюге, адамгершілікті, еңбекқор болуға, өз Отанына, халқына адал қызмет етуге, сонымен бірге қазақтың әрбір ұл-қызына өз халқының тегін, тарихын білуге үйрету.
Еліміз осы атаулы мерекені жан-жақты мерекелелік іс-шаралармен атап өтуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына өз үлестерін қосуда. Осыдан 20 жыл бұрын дүниеге келген сәбилер, бүгінде тәуелсіз мемлекеттің құрдастары деп айтса да болады. Осы жастарға елдігіміз, ерлігіміз жайлы, Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты күш-жігер жұмсалғаны, еліміздің тарихында мәңгілікке аттары қалған, өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында ұлт-азаттық көтеріліске шығып, тоталитарлық жүйенің темір құрсауын сетінеткен қазақ жастары жайлы, еліміз Егемендік алған жылдардан кейін жеткен жетістіктеріміз туралы тағылым беруді мақсат еткен үлкен іс-шара қазанның 21-інде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде өтті. Бұл «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» атты тақырыппен өткен іс-шараны университеттің халықаралық қатынастар, шығыстану факультетінің оқытушылары, студенттері бірлесе ұйымдастырып өткізді. Университетіміздің негізгі бағыты — студенттерімізге заман талабына сай сапалы білім беру, оларды өмірге баулу, сонымен қатар жас ұрпақты мәдениетті, ұлтжанды, патриоттық рух пен Отанға қызмет ету барысында рухани дүниесі бай азамат ретінде тәрбиелеп шығару. Отанымызды сүйіп, аялау үшін еліміздің, туған жеріміздің тарихын, өткені мен бүгіні жайлы жақсы білуіміз керек. Осы бағытты ұстанған университет оқытушылары бұл іс-шараны ұйымдастыру барысында студенттерге патриоттық сезімді бойларына сіңіру мақсатын көздеді. Іс-шара барысында Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолында басынан кешкен қиындықтары, ел болып іргесін көтергеннен кейін жеткен жетістіктері жайлы фильмдер көрсетіліп, 1-2-курс студенттері оқытушылардың жетекшілігімен өздерінің дайындап келген баяндамаларын оқып, түрлі презентацияларын кеш қонақтарына көрсетті. Әсіресе, халықаралық қатынастар мамандығының 2-курс студенті Сағымбаев Серіктің «Қазақтың тегі, қашаннан бері жұрт болғаны туралы» мақаласындағы түрлі ғұламалар мен ғалымдардың еңбектерінен алынған «Қазақ Х ғасырдың ар жағында көп заманнан бұрын өзінің хандары болып, өзін-өзі билеген, ежелден қазақ атанған түрік жұртының бір тарауы екендігі, қазақ ХІІ ғасырдың аяғында әртүрлі түркі руларымен қосылып, көбейіп, тағы да бөлек жұрт болып, сыбайлас жұрттардың көбімен соғысып, бірде жеңе, бірде жеңіле келіп, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Ресейге бағынғаннан кейін еркінен айырылған жұрт екендігі» жайлы, және т.б көптеген тамаша ой-пікірлері көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы, ата-бабамыз дүниеге келіп, кіндік кескен жері.
Бұл жер ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, XX ғасырдың қиын-қыстау кезеңдерін бастан кешіп, өзінің болмысын, бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан халқының жері, Отаны.
Халықаралық қатынастар факультеті, халықаралық қатынас мамандығының 2-курс студенттері Ақжарқын Сейтбек, Зейнепбүбі Сужекова «Бүгінгі Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі» туралы баяндамаларын оқып, жиырма жыл ішінде Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері, егемендік алған жылдар ішінде әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекеттің құрылғандығы, Қазақстанның дүниежүзілік саясатта, экономикада өз орны бар елге айналғандығы және бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында жасалынып жатқан жұмыстары жайында бейнепрезентациялар көрсетті. «Шығыстану» факультетінің 1-курс студенті Перизат Саменова қазақтың қара домбырасымен тамаша термелер орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Бұл іс-шара университет оқытушыларының, студенттерінің егемендігіміздің 20 жылдығына қосқан аз да болса үлесі деп айтуға болады. Өйткені, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында өтетін іс-шаралардың мақсаты – студенттерге Тәуелсіздігіміздің тірегі болуы үшін еліміздің болашақ өміріне, сан мамандықты игеретін мамандық иелері болуға баулитын саналы өмірлерімен, үлгілі тәртібімен, сапалы білімімен, жақсы қасиеттерімен үлес қоса алатындықтарын түсіндіру, жеткізу. Егер жастарымыз әр салада еңбек ететін еңбекқор, білімге құштар, спортты сүйетін, саламатты өмір салтын сақтайтын, дені сау ұрпақ өсіретін, рухани жағынан бай бақытты жастар қатарында болса, Қазақстан елінің тұғыры мықты мемлекетке айналары хақ. Өткенге салауат айтып, ата-бабаның мирас еткен тәлім-өнегесін өскелең ұрпақ тәрбиесінде басшылыққа алатын болсақ, жастарымызға білім берумен қатар, рухани жақтан тәрбиелеп, рухани құндылықтарды бойына сіңіре аламыз.
Бұл біздің басты міндетіміз, борышымыз.
А.Қ ҒАБАСОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті
дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушысы.