«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

10 қараша, 2011

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Қазақ телевизиясы өмірімізге ХХ ғасырдың өркениеті ұсынған жаңалық ретінде еніп, көпшіліктің көзайымына айналғаны рас. Күн сайын ел өміріндегі айтулы оқиғалардың бел ортасынан табылып, кең байтақ республикамызың түкпір-түкпірінен ең маңызды оқиғаларды көгілдір экран алдына тізілген көрерменіне қаз қалпында жеткізіп отырған телевизия шамалы уақыт ішінде әлемді жаулап қана қоймай, әр отбасының ажырағысыз серігіне айналды.

Өткен ғасырдың 60-жылдары телесаланың қоғамдағы орнын айшықтау тұрғысында «телевизия өнер ме, өнер емес пе?» деген мәселе төңірегінде мамандар арасында біраз пікірталас өрбіп, оған да нүкте қойылған-ды. Өйткені белгілі тележурналист Сұлтан Оразалы айтқандай, «Ол техникалық жағынан қиял жетпес мүмкіндіктерді ашып, көз ілеспес жылдамдықпен, адуынды қарқынмен жаңғырып, жаңа өнер ретінде бүгінгі күнге дейін адам баласы жаратқан өнер атаулының барша қасиетін бойына сіңіріп, жаңа тұрпатты өнер тудырып отыр. Ол - ұқсата білсе, ұлттың ұлы мұратына жетуіне орасан көмек беретін құдіретті құрал»

Бұлай тек айтуға ғана оңай. Әйтпесе ХХ ғасырдың туындысы телевизия үшін небары 1 минуттық ақпаратты дайындауға қаншама шығын, қаншама уақыт, қаншама ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетінін көрерменнің бірі білсе, бірі білмейді. Көрермен салтанатымен эфирде отырған жүргізушіні ғана көреді, сол салтанатты мазмұнына сай түрлендіріп, сәнін кіргізу үшін кадр сыртында қызмет ететіндердің төгілген маңдай тері, ұшан-теңіз еңбегі мен есімдері еленбей ескерусіз қалтарыста қала беретінінен хабарсыз.

Жалпы, Қазақстанда таза телевизия саласын ғылыми түрде тереңінен зерделеп зерттегендер жоқтың қасы, телесалаға арналған еңбектер де көп емес, бірлі-жарым ғана. Сол бірлі-жарым арасында телесалаға қатысты тұрақты түрде қалам тербеп жүрген Құдайберген Тұрсыновтың ерекшелігі - телевизияны ғылыми тұрғыдан түбегейлі зерттеуге басы бүтін кіріскен бірден-бір кәсіби маман болғандығында. Міне, енді Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында мерейлі тойға тарту ретінде тележурналист-ғалымның 40 жылға жуық тынбай ізденісінің нәтижесі іспетті көлемі бес томға деп жоспарланған «Қазақ телевизиясы» энциклопедиясының алғашқы екі томы жарыққа шықты. «Қазақ телевизиясы» энциклопедиясы бір күнде дайын бола қалған дүние емес. Ол сонау өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында бұрынғы КазГУ-дің журналистика факультетінің студенті атанған Құдайбергеннің таңдаған кәсібінің қыр-сырына қанығуды бастаған алғашқы күндерден өзін қызықтырған саланың құпиясын тереңінен игеруді көздеген мақсатының жемісі десе де болғандай.

Сонымен, кеше әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде филология ғылымдарының докторы, про­фессор, Халықаралық телевизия және радио Академиясының (LATR) корреспондент мүшесі, кітап жобасының жетекшісі және идея авторы әрі телеэнциклопедияның бас редак-торы Құдайберген Тұрсын жетекшілігімен жарық көрген көптомдық «Қазақ телевизиясы» энциклопедиясының 1-2 томдарының тұсаукесер рәсімі өтті. Оны әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың журналистика факультеті, Қазақстан Журналистика Академиясы, журналисти-ка факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ ка­федралары бірлесіп ұйымдастырды.

Тұсаукесерде сөз алған Журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов, профессор Сағымбай Қозыбаев, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің проректоры Дандай Ысқақов, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, радиодиктор Сауық Жақановалардың пікірі ардагер-журналист Ғұсман Игісінов айтқандай, «энцик­лопедияны шығарып отырған телевизияның тәжірибесінен түбегейлі өткен, онан кейін ғылымға құлай берілген Құдайберген. Сондықтан да бұл еңбек отандық ғылымға қосылған зор үлес» дегенге саяды. 90-жылдардан бері Құдайберген Тұрсыновпен бірге осы энциклопедияны шығаруға қолғабыс тигізулерін өтініп, әрі демеуші табу мақсатында республиканың түкпір-түкпірін бірге аралап, алғашқы қиындықтарды бірге бөліскен диктор Ласкер Сейітов пен ардагер журналист Сәлімгерей Сұлтанғалиевтер жоба авторының жігерлігіне, қолға алған ісін жарты жолда қалдырмай жалғастыруды көздеген жанкештілігіне тоқтала отырып, мұндай қасиет өз кәсібіне шексіз берілген азаматтардың ғана қолынан келетін ұлағатты іс екенін баса айтып өтті.

«1970-1990 жылдары Қазақ ССР Мемтелерадиокомитеті-

нің жүйесінде ғана 7000-ға

жуық адам бір мезгілде түрлі салада қызмет атқарды. Осылардың әрбірі марапатқа да, атаққа да лайықты кәсіби мамандар болатын. Алайда олардың көпшілігі бүгінгі кезеңнің ағынымен көзден таса, көңілден тыс қалды. Сондықтан да кітапты шығарудағы мақсат - азаматтықтың үлгісін танытып, елдіктің туын ұстаған ағаларымыз бен апаларымыздың әрі әріптестеріміздің ұлт рухын асқақтатқан айбынды әрі жауапты еңбектерінің алдында бас ию және өмірден озғандарына тағзым ету» дейді энциклопедияның авторы Құдайберген Тұрсынов.

Кітаптың алғашқы томы алфавитттік ретпен А-дан Г-ға дейінгі аралықты қамтыса, екінші том Г әрпінен К әрпіне дейінгі аралықты жүйелей оты­рып, осы саланың қызғылықты фактілерімен қоса өрілген. Елу жылдан астам (1958-2011 жж.) тарихы бар отандық электронды БАҚ саласында осынау жылдар аралығында әлденеше мыңдаған кәсіби тележурналистер мен саяси шолушылар, телекомментаторлар мен теле­режиссерлер, телеоператорлар мен дыбыс режиссерлері, жарық қоюшылар мен бейнеинженерлер, дизайнерлер мен продюсерлер жемісті жұмыс істеді. Энциклопедияның шығармашылық тобы соның бәрін қамтуға тырысқан.

Сайраш ӘБІШОВА, ардагер журналист:

- «Қазақ телевизиясы» энциклопедиясының жарық көруі - «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дейтіннің нақты мысалы. Өркениеттің де белгісі осы. Тарих ең бірінші кезекте ұрпаққа керек. Ұрпақты тарихсыз қалдыруға бомайды. Ол ұрпақ болашағына үлкен кесірін тигізеді. Тарихын білмеген ұрпақ, өз мемлекетінің тарихымен мақтана алмаған ұрпақ өзге елдің сарқытына еліктеп кетеді. Ұлы ұстаз Ушинский «Әр халық өз ұлтын, өз дәстүрінің негізінде тәрбиелеуі керек» депті кезінде. Ал енді Қазақстан бұл күндері осындай тағылымды бүкіл ел ұран ғып алатындай кезеңге жетіп отыр. 20 жылдыққа аяқ басқан тұста өзіміздің өткенімізді еске түсіріп, соны ұрпаққа мәңгілік мұраға қалдыруға ұмтылу - бүгінгі ұрпақтың, аға толқынның негізгі міндеті деп білемін. Энциклопедия соның бір көрінісі сынды көңілім марқайып тұр. Бұл шын мәнінде өркениеттің жолына бет бұрғанымыздың көрінісі».

Қалыбек АТЖАН, «Қазақстан» телерадио корпорациясы төрағасының аймақтар жөніндегі кеңесшісі:

- Біткен іске қашанда сыншы көп. Алайда осы энциклопедияны шығару барысында Құдайбергенің алдын ала

әбден дайындалғанының куәсі болдық. Бастағанын баянды ету жолында қандайда бір кедергі-лер мен қиындықтарға жасып қалмай, өз ісін Құдайбергенге ғана тән төзімділікпен жалғастыра білді. Міне, мынау еңбек соның жемісі. Бұл кітапта жалғыз тележурналистика саласы ғана қамтылмаған, сонымен бірге әлемдегі бар ақпарат көздері жайында да мәлімет жеткілікті. Сондықтан да барша оқырман үшін құнды дүние. Басқа әріптестері де хал-қадерінше көмектесті, дегенмен көш басында Құдайбергеннің жүргені

ақиқат. Құдайбергенге қос қуаныш құтты болсын дегім келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл Құдайбергеннің өзінің 60 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тамаша тартуы.

Валерий ЖАНДАУЛЕТОВ, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі баспасөз қызметінің Алматы орталығының жетекшісі:

- «Энциклопедияның Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында жарыққа шығуының мәні зор. Кітапта тек телесала тарихы ғана қамтылмаған, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері, қалыптасу кезеңдері тамаша өрнек тапқан, себебі Қазақ телевизиясының тарихы ел тарихының ажырамас бір тармағы.

Шәрипа ЖАМЫҚАЕВА, тележурналист:

- Кітап шығарып жүргендер біледі, оның машақаты жетер-лік. Ал енді сөздік, энциклопедия шығару дегеніңіз инемен құдық қазғандай тірлік. Энциклопедияның жарыққа шығуына ерекше еңбек сіңірген Құдайберген Тұрсынов оны жеке басы үшін емес, «кейінгі ұрпақтың бір кәдесіне жарасыншы, біреуге болмаса әйтеуір біреуге бір пайдасы тиер» деген ниетпен құрастырғаны шындық. Энциклопедияда Қазақстан зиялылары, әдебиет пен өнерге еңбегі сіңген майталмандар, қоғам қайраткерлерлері, әр жылдары эфирге шығып, көрерменнің сүйіктісіне айналған танымал тележурналистер мен дикторлар туралы да көптеген дерек бар. Телерадио саласына қатысты терминдерге кеңінен түсінік беріледі, жан-жақты мағлұмат алуға болады.

Баса айта кетер бір жайт - бұрын-соңды ТМД аумағында осы сынды көлемді дүниенің шықпағаны, телесалаға арналған энциклопедия тұңғыш рет Қазақстанда жарық көріп отыр. «Қазақ телевизиясы» энциклопедиясының алдына тек 1999 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Австралия сынды бірнеше елдің ғалымдары бірлесіп шығарған 2200 беттік «Телеэнциклопедия» ғана шыға алады. Қорытар болсақ, «Қазақ телевизиясы» энциклопедиясы өз тағдырын журналистикамен байланыстырамын деген талапкерлер үшін таптырмайтын рухани қазына, болашақ ұрпаққа қалар ғибратты, құнды дүние.

Ұлбосын АЙТӨЛЕН