«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
Қазақстан нәсілдік кемсітушіліктен ада мемлекет
ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің «әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы, «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза» орталығы мен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы бірлесіп, Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен нәсілдік кемсітудің барлық түріне қарсы бағытта дөңгелек үстел мәжілісін өткізді.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы Дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров, АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Джеймс Патрик, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы, уағыз-насихат бөлімінің қызметкері Ұтысхан Алтынбек және ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова, философия және саясаттану факультетінің оқытушы-профессорлары мен еліміздің белгілі ғалымдары қатысты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенова «Ұлтаралық татулығы жоғары әрі әртүрлі нәсілдер шоғырланған елімізде нәсілдік кемсітушілік жоқ» деген ғылыми тұжырымдалған пікірін білдірсе, Дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров «Ата Заңымыздан бастап барлық заңдар барлық азаматтарды, этностарды бірдей дәрежеде қабылдап, адам құқықтарына ортақ көзқараспен қарайды» деген ойын жеткізді. ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі, «Әл-Фараби» ғылыми орталығының директоры Жақып Алтаев нәсілдік кемсітудегі ислам дінінің құндылықтарына тоқталып «Ислам діні мейірімділікті, барлық адам баласына тең көзқараспен қарауды негіз етеді. Ол нәсілдік кемсітушілікке мүлдем қарсы. Сондықтан ислам діні ешқандай ақтауды қажет етпейді», - деді.
Қазақстан Республикасы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық Конвенциясына қол қойған мемлекеттердің бірі. Осы орайда Қазақстан жүйелі түрде БҰҰ сессиясында еліміздегі аталған мәселеге қатысты жүзеге асып жатқан іс-шаралар жөнінде есеп беріп отырады. Қазақстан Республикасының есебіне БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі Комитеті оң бағасын беріп, ұйым сарапшылары Қазақстанда әртүрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт жағдайда қатар өмір сүруіне қажетті жағдайлардың жасалғанына ризашылығын білдіріп келеді.
Бүгінгі дөңгелек үстелде ғалымдар «Қазақстан нәсілдік кемсітушіліктен ада мемлекет. Дегенмен жаһандану заманында оның кескіні өзгеріп отыратыны жасырын емес. Сондықтан бұл тақырып ылғи зерттеп отыруды қажет етеді» деген тұжырымға келді. Әлем алдындағы осы тәжірибемізге нұсқан келтірмес үшін жаңа әдіс-тәсілдер мен зерттеулердің тұжырымдары жасалыну керектігі айтылды.
Нәзік МАҒАУИЯ