Байыпты байланыс
Қазақ Ұлттық университеті өрісін кеңейтті
Жуырда ректор Ғалым Мұтанов бастаған әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сапартобы АҚШ-та болып қайтты. Бұл сапардың негізгі мақсаты ғылым-білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту, зерттеу және инновациялық бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Америкадағы университеттермен әріптестік орнату болып табылады.
ҚазҰУ сапартобының шетелге сапары барысында әлемге танымал АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындары: Дарем қаласындағы Нью-Гэмпшир университетінде, Нью-Йорктің Колумбия университетінде, Берклидегі Калифорния университетінде, Сан-Франциско университетінде, Пало-Альтодағы Стэнфорд университетінде, сонымен қатар биотехнология, ұялы байланыс қызметін орнату және бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютер құрау және жасау салаларына бағытталған жұмыстарға негізделген жоғары технологиялық компаниялар шоғырланған атақты «Силиконды алқапта» болды.
Google Inc, HP, Cisco, Chevron Energy Solutions және тағы да басқа әлемдік компаниялар өкілдерімен болған кездесуде инновацияны жүзеге асыруда ғылым мен бизнестің ынтымақтастығы төңірегінде әңгіме өрбіді.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Колумбия университетінің профессоры, Жер институтының директоры Джефри Сакспен кездесті. Кездесу барысында Ғ.Мұтанов университеттің ғылым-білім, инновациялық қызметі туралы, әсіресе ҚазҰУ-дың зерттеу бағытына бет бұрғандығы жайлы айтты. Джефри Сакспен екіжақты әңгімеде «Біз зерттеу университетін жасаудағы ең үздік тәжірибелерді енгізбекпіз. Колумбия университетінің көп жылғы тәжірибесі біз үшін өте маңызды әрі қымбат. Өзара тиімді әріптестігімізді арттыруда солармен танысу бізге өз септігін тигізеді деп ойлаймын», – деп атап өтті Ғ.Мұтанов.
Кездесу барысында Global classroom жобасын әрі қарай кеңейту талқыланып, оның Қазақстан жағдайындағы жай-күйі талқыланды. ҚазҰУ-дың тыңдаушылары, студенттер мен оқытушыларын алдағы уақытта Колумбия университетінде тәжірибеден өткізуге қатысты келісім жасалды.
Д.Сакс өз кезегінде Жер институты жанында 30-дан астам зерттеу орталығы мен әртүрлі бағытта 800-ден аса ғалымның жұмыс істейтіндігін айтты. Колумбия университеті Қазақстанның оқу орындарымен әріптестікке ынтық, әсіресе, ҚазҰУ-мен. Бұл екі университет арасында серіктестік қарым-қатынас орнап келеді. «Integrated Approaches to Sustainable Development Practice» бағдарламасының тұрақты дамуының арқасында ҚазҰУ-мен жұмыс оң сипатта қызығушылық танытты», – дейді Джефри Сакс.
Су ресурстары, электр қуатын үнемдеу, инновациялық технологиялар, экономиканың әр тараптары бойынша біріккен ғылыми топтар құрып, осындай маңызды бағытта жұмыс бастауды ұсынды. Д.Сакс «Friends of KazNU» халықаралық клубына мүше болуға ниет білдіріп, ҚазҰУ студенттері мен ғалымдарына лекция оқып, университеттің барлық жұмыстарына белсене атсалысуға дайын екенін мәлімдеді. Ғалым Мұтанов әріптесінің тілегін құптап, ҚазҰУ-ға қонаққа шақырып, салтанатты түрде клуб мүшесінің куәлігі мен арнайы белгісін табыс етті.
Сонымен қатар сапар аясында ҚазҰУ-дың досы, Колумбия университетінің жаһандық магистрлік жүйе директоры Лусия Родригезбен маңызды кездесу өтті. Ол ҚазҰУ-да қазан айында өткен Зерттеу университетінің дамуына арналған халықаралық форумға қатысқан болатын. Форумда Global classroom жобасының аясында магистранттар мен PhD докторанттар Колумбия университеті профессорларының онлайндық жүйедегі лекцияларына қатысатындықтарын айтты. Л.Родригез «ҚазҰУ достары» клубына мүше болып, тең төрағалыққа ұсынылды. Кездесу барысында Лусия Алматыны сағына еске алып, «ҚазҰУ-дың бұл бастамасы барлығымыздың басымызды қосты, бұл – ректор Ғалым Мұтановтың үлкен еңбегі», – деді.
Қазақстаннан келген қонақтар университеттің студенттік бизнес-инкубаторымен танысты. Кәсіпкерлік орталықтың жетекшісі Лесли Хант өз сөзінде «Қоғамдағы сұранысқа ие студенттермен тиімді әрі пайдасы жоғары жобалар жасауға болады. Мұнда студенттерге сабақ барысында кәсіпкерлікті меңгеруге барлық жағдай жасалған. Оқу соңында олар өз жобаларын іске асырып, жұмыс орындарын қалыптастыра алатын деңгейге жететінін» айтты. Осыған орай, «Жылыжай» арнайы курсы жасалып, енгізіліпті. Университет мүмкіндігін саралай отырып, студенттердің бастамасын қаржыландырады, тәуекелге бара отырып, сәтті нәтижеге қол жеткізуге қолдау білдіреді.
Жобалар жүзеге аспай қалған күнде де бұл студенттердің болашақта ғылыми жобалармен жұмыс істеу ізденісіне серпін береді. Мұндай жағдайда университет барлық қаржылық шығынды өз мойнына алады. Оқу курсы мен тәжірибе жұмысының араласуы қазақстандық делегацияның қызығушылығын тудырды. Америкалық әріптестер алда ҚазҰУ-ға арнайы келіп, тәжірибелерімен бөлісетіндіктерін жеткізді.
Кәсіпорындар, ғалымдар және Үкіметпен инновациялық жобалар мен ғылыми жұмыстарды коммерциализациялауда серіктестік орнату тетігі жайлы профессор Джек Маккорти баяндады.
Өз кезегінде Колумбия университетінің профессорлары тарапынан ҚазҰУ ұсынған «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасы зор қызығушылық танытты. Бұл жоба нанотехнология және биотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, медицина, ақпараттық технологиялар және т.б. салалар бойынша жаңа технологиялар тудыруға бағытталған.
Кездесудің нәтижесінде Колумбия университетінде әріптестік меморандумына қол қойылды. Бұл құжат екі жақты серіктестіктің болашағына даңғыл жол ашады.
Бұдан өзге АҚШ-қа сапары барысында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бастаған делегация Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысовпен, еліміздің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімовамен және Нью-Йорктегі ЮНЕСКО байланысы бойынша Бюро директоры Филлип Криделькомен кездесті. ҚазҰУ-дың БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасына кеңінен қатысуы туралы делегация жетекшісі Раму Дамодаранмен кездесуде талқыланды. Атап айтар нәрсе, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ішінде Бас хатшы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған тұңғыш университет болып табылады.
Әли Битөре