24 қараша, 2011 жыл
Бәсекеге қабiлеттi маман даярлауымыз керек
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң философия және саясаттану факультетiнiң аясындағы жалпы және этникалық педагогика кафедрасының тамыры тереңде жатыр. Өткен жылы кафедра өзiнiң 70 жылдық мерейтойын тойлады. Ең басты мақсатымыз – заманауи талаптарға жауап беретiн мамандар даярлау. Кафедра тек бiлiм берiп қана қоймай, педагогика мәселелерi бойынша ғылыми зерттеу орталығының да мiндетiн атқарып отыр. Жалпы және этникалық педагогика кафедрасын педагогикалық идеялардың орталығы, қозғаушы күшi десек те, артық айтқандық емес. Бiлiм беру аса маңызды әлеуметтiк-мәдени құндылық десек, үлкен шығармашылық iзденiстi қажет ететiн осы шараны кафедра қызметкерлерi үлкен жауапкершiлiкпен атқарып отыр.
Мұғалiмдiк, ұстаздық қызметтiң мәртебесiн төмендетiп, беделiн түсiру бағытында бұқаралық ақпарат құралдары да, интернет де аянып қалып жатқан жоқ. Әсiресе, интернеттегi жауапсыздықпен айтылған, аты-жөнi жоқ материалдар мен мәлiметтер жалпы ұстаздардың бет-бейнесi мен беделiне нұқсан келтiруде. Бұл да жөнге келтiрiлуi тиiс шаралардың бiрi.
Педагог мамандардың мәртебесiнiң көтерiлмеуiне нарықтық қатынастар да өзiнше зиян келтiрiп отыр. Нарықтық қоғамдағы еңбек заңдылығы бойынша, “заманауи талаптарға жауап бере алмайтын” педагогтар қайраңға шығып қалып жатыр. Осының өзi де педагогтардың беделiн түсiруге жеткiлiктi. Осындай қиын-қыстау кезеңде жалпы бiлiм беру процесiндегi басты адам капиталы – педагогтың беделi жоғары, мәртебесi биiк болуы тиiс. Өйткенi алдына келген шәкiрттi тұлға етiп тәрбиелейтiн үлкен жауапкершiлiк осы педагогтардың қолында.
Нарықтық қатынастар белең алып, жұрт басы ауған жаққа бытырай қашқан уақытта да сүйiктi кәсiбiн тастамаған, шәкiрт тәрбиелеу iсiн өмiрiнiң мәнi мен маңызы деп бiлген ұстаздар қауымы қадiрлеуге әбден лайық. Осы орайдағы бiздiң мiндетiмiз, яғни жалпы және этникалық педагогика кафедрасының мақсаты – бәсекеге қабiлеттi, бiлiктiлiгi жоғары, заманға сай мамандар тәрбиелеу.
Гүлмира Қасен,
педагогика ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы;
Перизат Абдуллаева,
педагогика және психология магистрi, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы.