- Басты бет
- Жаңалықтар
- Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері: Ең күшті қару – сөз
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері: Ең күшті қару – сөз
Негізі, көпшілікпен жиі кездесіп жүрген адаммын ғой, бірақ мен үшін бұл кездесудің жөні бөлек. ҚазҰУ-ға 1961 жылы оқуға түсіп, 1966 жылы бітіріп шықтым. Ол кезде оқу ордасы қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының орнында болатын. Осы академияда 2008 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келемін. Драматургтер мен кинодраматургтерді, яғни телесериалдардың болашақ авторларын даярлап жатырмын.
Өнер академиясы жұмысқа шақырғанда: «Мен ҚазҰУ-дың филология факультетін бітіргенмін, бірақ педагог болып жұмыс істемеген адаммын. Менің айтқандарым педагогикалық жүйеге сәйкес келе ме, келмей ме? Творчество деген сол – кейде қатып қалған канондарға қарсы да пікір айтуың керек», – деген мәселені көлденең тарттым.
Станиславскийдің «Театр – киімілгіштен басталады» деген атақты сөзін білесіздер. Ол заман өзгерді, мен оған «Театр – драматургтің жазу үстелінен басталады» деп басқаша анықтама бердім. Расында да, солай. Осы ұстаздық еткен жылдарда «Театр және кино әлемі» деген 300 беттік оқулық жазып бітірдім. Ұлт тілінде түпнұсқада оқулық тым сирек, бәрі шетінен аударма. Осы күнге дейін біз аудармамен студенттерді қалай оқытып, тәрбиелеп келгенбіз? Үш жүз жылдық орыс театрының тарихы бар, Немирович-Данченконың, Станиславскийдің жазған оқулықтары бар, дегенмен олардың дәуірі өтіп барады. Қазақ театры қалай дамуда, қазақ киносы қалай жетілуде, қазақ театры қай жерде, әлемде қай нүктеде тұр деген мәселені жан-жақты сараптап оқулық жаздым. Оның барлық теориясын өзім жасадым. Сарапшылардың айтуынша, сенсациялық кітап болғалы тұрған сияқты. Бұйыртса, бір-екі күнде шығып қалады. Қолдарыңызға тисе оқыңыздар.
ҚазҰУ-ды, өзімнің білім алған ошағымды әлі сағынамын. Мен Жүргенов академиясында сабақ берем дедім ғой, баяғыда өзіміз жүрген жер, аудиториялар ыстық. Әр аудиторияда сабақ өткенбіз. Соның бәрі есіме түседі. Өкініштісі сол – Мұхтар Әуезовтен сабақ ала алмай қалдым. Қалғандарының, ұлы ұстаздардың алдын көрдік, білім алып шықтық. Біз қандай бақытты ұрпақ едік. Өзім шын жазуды үшінші курста бастадым. Оның алдында талай әңгіме жаздым, қазір солар үйде жатыр, оқып шығуға ұяламын. Тоғызыншы сыныпта жүргенде орыстың Гончаров деген жазушысының кітаптарын оқыдым. Ол кісі Тургенев, Чехов, Толстойлармен деңгейлес жазушы, бірақ аты көп атала бермейді. Атақты «Обыкновенная история», «Обрыв» деген шығармалары бар. Сол кітаптарды оқып, қатты әсерлендім. Нәтижесінде біраз әңгіме туды. Қарап отырсам, көбі еліктеудің деңгейінде қалыпты. Алайда сол әңгімелерім үйрену мектебі болды.
Сол секілді Достоевскийді өзім ерекше жақсы көрдім. Өмірімде оған үш рет келіп, үш рет кеттім. Алғаш оқығанда ғашық болдым, одан кейін он шақты жыл ұнатпадым, кейін қайтадан жақсы көрдім. Тіпті бір рет жек көріп кеткен кезім де кездесті. «За Иртышом живут дикие туземцы» деген бір ғана сөйлемі үшін жек көріп кеттім. Шоқанмен ерекше дос бола жүріп, жақсылығын көре жүріп, Шоқанға «Сіз мені жақсы көрем дейсіз, ал мен сізге ғашықпен» дейтіні қайда?.. Петербургте талай қызықты күндерді бірге өткізген, бірге жүрген Шоқан неге түсіндіріп айта алмады екен деген ой болды. Оның «Белые ночи» деген романы бар, соны студент кезімде өзім үшін аударып қойдым. «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүргенімде оның 150 жылдық мерейтойы келіп қалды. Сол кезде бас редактор Тахауи Ахтанов «ойбай, енді не істейміз, бір әңгімесін аударамыз ба, қайтеміз» деп шырылдап қалғанда, мен Тахаңа екінші курста өзім үшін аударған шығармасы бар екенін айтып едім, «соны алып келші» деп жата кеп жабысты. Мен сол шығарманы бастан-аяқ жатқа білемін. Жауапты хатшы З.Серікқалиев оқып шықты да, «рухы, эстетикасы, поэтикасы жақсы ашылған» деп қатты мақтады. Менің шығармашылық жолым осылай басталған.
Әр шығарманың жазылу тарихы бар. Осы уақытқа дейін 28 пьеса жазыппын, санмен өлшемейтін адаммын, алайда айта кетудің жөні келіп тұр, оның алтауы шетелдің он театрында қойылып жатыр. Екеуі Лондонда, үшеуі Петербургте, біреуі София, Түркия, Грузияда, тіпті сонау Мельбурнда қойылып жатыр. Келер жылы қатары көбейетін түрі бар. Бұл дегеніңіз – әрине, жақсы, екінші жағынан, қиын, жүйкең тозады. «Қарғынды» Англияда ағылшын тіліне аударыпты. Мен аудармашыға қазақ-орыс тілдерінде жібергенмін. Ағылшын тілінде көптеген жерлері түсіп қалыпты, аудармасы калька. Сөздің поэтикасы, эстетикасы, оның табиғатының, яғни тілдің әдемілігі бар, соның бәрі аудармада ескерілуі керек қой. «Қарғынды» қазақша, орысша оқыған жігіттер бар. Сонда салыстырмалы түрде алғанда, қазақ тіліндегісі тартымды екен, орысшаға онша келіңкіремейді деген пікір айтылған. Енді осыдан кейін «Қарғын» ағылшын тілінде шығатын болса, оны ешкім оқымайтын болар деген ой мазалайды.
Бесінші курста алғашқы кітабым жарыққа шықты. Содан бері қанша жыл... жазусыз өткен күн болмапты. Еврей жазушысы Олешаның «Ни дня без строчки» деген сөзі бар, тым құрығанда блокнотыңа көргеніңді, білгеніңді жазып қоясың. Ал қалай жазу керегін ешкімге үйрете алмайсың. Ол – табиғаттың берген ерекше қасиеті, одан кейінгісі – оқу. Біз ауылдан келгенде хрестоматиямен тәрбиеленіп келдік. Біздің білетініміз, деңгейіміз хрестоматиялық шығарма болды. Батыс әдебиеті дегенді осында келіп естідік, мол қазына сонда жатыр екен, сіміре оқи бастадық. Әсіресе неміс жазушыларын, француз, ағылшын, Американың жас жазушыларын бас алмай оқыдық. Нобель сыйлығына ие болған шығармаларды, драматургтерді індете оқыдық. Несін айтасыздар, оқумен өткен күн болды. Әлем әдебиетімен танысқаннан кейін «біздің жазғанымыз әлі «наивный» екен, мыналар тақырыпты қалай таңдайды, образды қалай жасайды, қалай қысқа айтады, жалпақ сөз емес» деп таңғалдық. Бізде әлі күнге дейін көпсөзділік басым. Б.Брехт деген ұлы реформатор болған. Сол жазушы шындықты жазу үшін бес қағида қажет дегенді атайды. Нені жазасың, кім үшін жазасың, не үшін жазасың, қалай жазасың және бесіншісі цензураға байланысты. Біздің жазушыларымыз көп жағдайды білмейтін сияқты, зерттеп оқымаған сияқты. Драматургтер де сондай. Сахнада жүріп жатқан шығармасы драматургияның энциклопедиялық мағынасына жауап бере алмайды. Демек, ол драматургия емес, сахналық проза немесе сахналық поэзия. Ал драматургияның өз заңы бар, бір сөз бәрін бүлдіреді, бір сөз бәрін тындырады.
Менің шетелге көп шығатынымды білесіздер, Лондонда екі пьесам жүріп жатыр, үшіншісі дайындық үстінде. Батыс Еуропа қазақ жазушыларынан не күтеді? Мәселеге осылай қарау керек. Жазушының еңбегін басқалар оқып, сахнада қойып, кітап етіп шығармаса, оның не керегі бар? Абайды неге жапатармағай аударып жатырмыз? Әлем Абайды Абай күйінде тани ала ма? Меніңше, тани алмайтын сияқты. Себебі Абайды аудару өте қиын. Абайды түсіну үшін, Абайды аудару үшін Англияда немесе Германияда Абай сияқты бір адам туу керек. Қазақтың тілін Абайдай түсінетін адам керек. Осындай қиындықтар бар. Қазақстанды бәрі бірдей біледі деу қиын. Кешегі Австралия бізге әлі күнге дейін абориген, жабайы деп қарайтын тәрізді. Мен кезінде олардың бір-екі өкілін «Сіздер не деп отырсыздар? Кенгуру мен аборигендер сіздерде бар, когда Еуропа без штанов ходил, у нас Великая империя Туран был, самое цивилизованное государство» деп қуып шыққанымды білесіздер. Бізде Конституциясы бар мемлекет болған. Кейде осылай қатты айтуға тура келеді. Енді солар «Борте – императрица мира» деген атпен менің пьесамды қайта қойып жатыр. Елшілікке де барыпты, көрсетіпті.
Осыдан біраз бұрын Лордтар палатасында таңдамалы пьесалар жинағымның тұсаукесері өтті. Бұл өзі бірінші рет болып отырған жағдай. Жалпы, жазушының Лордтар палатасында шығармасының тұсаукесері алғаш рет өткізіліп отыр. Қай Құдай игенін білмеймін. Бұған дейін Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памук болды деп жүруші едім, сөйтсем, олардыкі әншейін шай ішу екен. Менікі нағыз тұсаукесер болды. Онда үлкен баннер, менің портретім ілулі тұрды, мінбер түбінде «Дулат Исабековтің туғанына – 75 жыл» деп жазылған. Екі лорд сөйледі, оның бірі – баронесса Алисосати, Ұлыбритания парламентінің депутаты, мәдениет бөлімінің басшысы баяндама жасады. Бесінші болып маған сөз тиді. Мен өз сөзімнің тоқетерін айтайын: «Құрметті еуропалықтар, әсіресе Еуропа құрлығының шетінде жатқан ағылшындар! Сіздердің мәдениеттеріңіздің түп-тамыры шығыста жатыр. Сіздер мұны ұмыттыңыздар. Шығысқа арқаларыңды беріп отырсыздар, мойын бұрыңыздар. Сонда жақсылықтың бәрін көресіздер», – дедім. Мәдениеттің бастауы шығыстан алынған, тектерінің түбі де шығыстан шыққан. Сондықтан Англияда немесе Францияда бір қауымдастық құрсақ деген ұсыныс жасадым. Баяғыда пен-клубтар бастаған идея, соны жалғастырсақ деген ой ғой менікі. Орталығы, әрине, Еуропада болғаны абзал, әлем жазушыларының қауымдастығын құрсақ деген идея тастадым.
Әлем енді еш уақытта тыныш болмайды. Өрт шығу, су басу, жер қозғалу деген енді тоқтамайды. Адамзаттың қасіреті тоқтамайды. Мына жақта соғыс жүріп жатыр. Дүниежүзі қарулануда. Ең күшті қару – сөз. Тіпті Библияның өзінде солай демеп пе еді? Бәрі сөзбен басталып, сөзбен аяқталады – бейбітшілік те, соғыс та. Ең нашар жазушының артында мың оқырманы бар. Ал әлемге танымал қаламгердің артында миллиондаған оқырман тұр. «Әлем жазушылары бірігетін болсақ, ең күшті қару – сөз» деп айтып кеткенмін. Ол үшін, әрине, айту керек, жүру керек, қаржы керек. Негізі, олар менің ойымды қатты қолдады. Қазір енді не болып жатқанын білмеймін.
«Бөртенің» премьерасы Мельбурнда қойылады. Өкінішке қарай, оған бара алмаймын, 26 сағат ұшуды денсаулығым көтермейді. Лондонға келгенде барып көрермін дедім. Одан кейін сол театр Америкаға гастрольмен барады екен. «Үндеместі», «Көр қазушыны», «Тіршілікті», «Әпкені», тіпті кешегі «Бөртені» қалай жаздым?.. Драматургияда «қозғаушы күш» деген бір үлкен термин бар. «Ромео мен Джульеттаны» жазуға қандай қозғаушы күш түрткі болды? «Отеллоны» жазуға қандай күш ықпал етті? Чеховтың «Вишневый садын» жазуға қандай қозғаушы күш әсер етті? Сол сияқты менің шығармаларым да өмірге тектен-тек келген жоқ. Әрқайсысын жазуға түрткі болған тарихы, қозғаушы күші бар.
Пың ДӘНЛИҢ, шығыстану факультетінің студенті:
– Мен қазақ тілін үйреніп жүрген қытай қызымын. Қазақ тілін үйрену үшін қандай шығармаларды оқуға кеңес бересіз?
Дулат ИСАБЕКОВ:
– Ең алдымен ынта, талап керек. Ең бай тіл – қазақ тілі. Мен мұны қазақ болған соң айтып отырғаным жоқ. «Ақымақ» деген сөздің он сегіз түрі, «кереңнің» алты нұсқасы бар, ал «сәуле», «нұр» деген сөздердің алты-жеті нұсқасы кездеседі. Соның бәрін білген, ерінбей үйренген Герольд Бельгер деген ұлты неміс жазушысы болған. Қазақтың жазу тілін сынаумен өтті. Содан кейін қазақтілді орта керек.
Екі орыстың көшеде қазақша сөйлесіп бара жатқанын көресіңдер ме? Сөйте отырып олар «орыс тілі қыспақта» дейді. Мен өткенде Д.Құдайбергеннің концертіне келген австралиялық әйелмен ұшақта бірге отырып қалдым. «Мен мақұлықпын, ағылшын тілін білмеймін» дейді. Сол әйел Алматыға келерінде қазақша бес-алты сөз жаттап алыпты. Қызық болғанда, екеуміз қазақша сөйлестік. «Ұшақтағы тамақ дәмді екен ғой» дейді. «Алматы керемет қала екен, сіздер шетелге құмар боласыздар ғой, қандай ғажап шаһар» дейді. Демек, тіл үйренуге ынта, мәдениет керек.
Хамза БЕРДЕН, журналистика факультетінің студенті:
– Бір әңгімеңізде «әдебиеттің алтын ғасыры өтіп кетті» дедіңіз. Сіздіңше, оның қайта оралуы мүмкін бе?
Дулат ИСАБЕКОВ:
– Сіздер менен әдебиеттің алтын ғасыры туралы сұрап отырсыздар. Бүкіл әлем үшін ХVІІІ ғасыр әдебиеттің алтын ғасыры болды. Енді ол қайтып оралмайтын сияқты. Одан кейін орыс әдебиетінің алтын ғасыры ХІХ ғасырда кетті. Енді ол да оралмайды. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр. Біз Шерхан Мұртаза, Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев – бәріміз «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген кезде басылым 260 мың тиражбен жарық көретін. Мұны Мәскеу түсінген жоқ. Ол заманда қазақтың саны 6-6,5 млн еді. Ал қазір ондай тираж жоқ. Әдебиет пен ұлт егіз болатын. «Әдебиет пен халық егіз еді» деген баяндама жасағанмын. Маған сол кезде бүкіл қазақ халқы үлкен оқу залында отырған сияқты болып елестейтін. Сол кезде біз өте көп оқыппыз, тіпті қойшылардың өзі «Жұлдызды» етігінің қонышына тығып алып, оқып жүретін.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ