Ауаның ластануы ауқымды мәселе

2 желтоқсан, 2022

Жасыратыны жоқ, дамушы елдерде ауаның ластануына қарсы іс-шара аз жүргізіледі. Бұл мәселе тіпті қажетті деңгейде зерттеле бермейді. Мамандардың айтуына қарағанда, ауаның шектен тыс ластануы мезгілсіз өлім себептерінің бірі болып саналады. Бұған әсіресе дамушы елдер бейім келеді.

«Қазақстанда осынау ауқымды экологиялық түйткілді зерттейтін институт жоқ, ал ауаның сапасы бойынша мамандар санаулы ғана. Әдетте ҚазҰУ-дан басқа университеттерде ауа сапасына арналған курстар ұсынылмайды. Сондықтан мүмкіндік бола қалған жағдайда өз командамның біліктілігін арттыруға бар күш-жігерімді жұмсаймын», – дейді PhD докторы Насиба Байматова.

Таяуда химия және химиялық технология факультетінің Е.Ерғожин атындағы мәжіліс залында PhD докторы Насиба Байматованың ұйымдастыруымен химия және химиялық технология факультетінің бакалавриат, магистратура және докторантура студенттеріне арналған метеорологиялық мәліметтер мен ауа сапасының деректерін талдау бойынша Air Quality тренингі өтті. Шараға Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының елшілігі қолдау көрсетті.

Тренингте АҚШ Мемлекеттік департаментінің ауа сапасы бойынша штаттан тыс маманы, доктор Ранил Дхаммапала білім алушыларға арнап, дәріс оқыды. Дәрісте доктор Дхаммапала атмосфера ластануының метеорологиясы: шекаралық қабаттың тәуліктік және маусымдық таралуы және ол ластаушы заттардың концентрациясына қалай әсер етеді, метеорологиялық мәліметтерді алу, деректердің негізгі сапасын тексеруді қалай орындау керек, метеорологиялық мәліметтерді ластаушы деректермен салыстыру және жалпы мәліметтерді талдау, статистикалық бағдарламалау тілі, NOAA HYSPLIT модельдері, AERMOD View деген тақырыптарды қамтыды. Тренинг практика түрінде жүргізілді. Қатысушылар Америка метеорологиялық қоғамы, АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA) және Нормативтік модельді жетілдіру комитеті әзірлеген AERMOD View бағдарламасымен жұмыс істеп, нақты зерттеу жүргізді.

Lakes Environmental Software әзірлеушілері тренингтер барысында AERMOD View бағдарламасының толық нұсқасын ұсынды. Бұл пайдалану амалдарын түсінуді жеңілдетті.

Сондай-ақ доктор Ранил қайта жабдықталған «Биосфера экологиясы» зертханасында болып, бағдарламаның орындалу барысын талқылады.

«Мұндай тренингтер білім алушылардың қызығушылығымен шектеліп қалмайды, ғылымда белгілі нәтиже беретініне сенімдімін. Метеорологиялық көрсеткіштердің атмосфералық ауаның ластануына әсер ету мәселелері біздің елімізде аз зерттелген және біз объективті көрініске қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді салудамыз», – дейді Насиба Байматова.

Гүлзат СМАҒҰЛОВА