Жастарға жауапкершілік жүктелген күн

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері Сейдін Бизақұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ сөзінің құнары» атты «Тілтанымдық мектеп» семинары аясында 2022 жылдың 29 қараша күні ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы конференц-залында шара өткізілді.
Жиынды Ахмет Байтұрсынұлы атындығы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанқызы кіріспе сөзбен ашты. Институттың «лексикология» бөлімінің дайындаған «Тілдің өміршеңдігі сөздің құнары мен қуатында» атты бейнеролик таныстырылды. Бейнеролик профессор С.Бизақұлының өмірі мен шығармашылығына арналып, ғалымның еңбектері мен отбасылық өмірінен толық ақпарат берді.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақұлы «Профессор С.Бизақовтың қазіргі қазақ лексикографиясына қосқан үлесі», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Ақымет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Анар Салқынбай «Ғалым танымындағы түркілік ортақтық», Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Саян Жиренов «Қазақ сөзінің көркемділігі: С.Бизақовтың синонимдер сөздігін құрау тәжірибесінен», А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әмірбекова «Қазақ сөзінің әсерлілігі: көңіл-күй лексикасы», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Гүлмира Жеткерген «Қазақ сөзінің варианттылығы: балама атаулар мен жарыспа сөз жайында» атты тақырыпта баяндамалар жасады. Баяндамашылар ғалымның еңбектеріне терең талдаулар жасап,тіл тағлымына қатысты пікірлерін ортаға салды.
Ғалымдар шараға қатысып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ филологиясының 2- курс студенттеріне болашақ әріптес ретінде қарап, қазақ тілінің болашағы осы жастардың қолында екендігін ескертіп, зор жауапкершілік жүктеді. Жиналған зиялы қауым асыл тіліміздің абыройын асқақтатып мәртебесін арттыру, одан әрмен қарай биіктету келер толқынның мойнында екендігін айтты. Бұл - жастарға көрсетілген үлкен құрмет.
2-курс студенті Ильяс Мерей: «Шамамыз келгенше ортаға салынған сарқылмас сандық алтыннан пайда ала білдік. Нағыз ғалымдардың арасында өткен екі-үш сағат он жыл бере алмайтын тәжірибе мен білім берді. Бүгінгі күннің трендіне айналған «ИДЕАЛ КҮН» дегеніміз осы болса керек!»,- деп ойын түйіндеді.
Шара барысында 85 жылдық мерейтойын тойлап отырған Сейдін Бизақовтың «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» атты еңбегінің тұсауы кесілді.
Басқа жаңалықтар


