ҚазҰУ-да Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы туралы отырыс жұмысы өтті
2009 жылдың 5-6 ақпан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның Болон үдерісіне қосылу жөнінде жұмыс отырысы өтті. Халықаралық форумды ұйымдастырған ҚР Білім және ғылым министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Университеттердың Ұлы Хартиясының Обсерваториясы және Еуропа Кеңесі. Жұмыс отырысына Білім және ғылым министрі Ж.Қ.Түймебаев, Еуропа кеңесі және Болон үдерісінің жұмыс тобы өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып Еуропа аймағында жоғары білімге қатысты біліктілікті мойындау жөніндегі Лиссабон Конвенциясына қол қойып бекітті, қазірде Болон үдерісіне ену мен Еуропалық мәдени біліктілікті бекіту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Жұмыс отырысының мақсаты әлемдік білім кеңістігінде Қазақстанның беделін көтеру және Болон үдерісіне қосылу мәселелерін талқылау болды.
Отырыс жұмысында алғысөзді ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов алды. Болон үдерісіне қосылу жолындағы Қазақстан Республикасы білім саласының мақсаттары және қазақстандық жоғары оқу орындарының дайындық деңгейі туралы Білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев баяндама жасады.
- Жоғары білім саласы болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми ауқымды өндірісі үшін бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды көздейді. Біздің мақсатымыз - әлемдік білім кеңістігіне енген және тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін өтей алатын бәсекеге қабілетті көпдеңгейлі білімнің ұлттық үлгісін қалыптастыру. Біз әлемдік қауымдастықта өмір сүре тұрып, онда жүріп жатқан процестерден тысқары қала алмаймыз. Сондықтан Қазақстанның Болон үдерісіне белсенді қосылуының негізгі мақсаты ортақ дүниежүзілік стандарттарды қабылдау болып табылады, - деп қорытындылады өз сөзін Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар Университеттер Ұлы Хартиясының бас хатшысы Бастиан Бауманн Болон үдерісінің басты принциптері мен құндылығы; 2009 жылғы Болон үдерісі жұмыс тобының төрайымы Вера Стастна Чехия Республикасы үлгісіндегі елдің үндеуі мен жауапкершілігі; Люксембург Білім министрлігі департаментінің директоры, Болон үдерісі жұмыс тобы төрағасының орынбасары Герман Донделингер Болон үдерісіне ену, пайда болуы, қағидаттар мен дамуы; студенттердің Еуропалық одағы төрайымының орынбасары Анита Лис, Еуропа Кеңесінің Жоғары білім беру Департаментінің директоры Шуер Берган, AERES Франциялық ұлттық аккредитациялық Агенттігінің Халықаралық ынтымақтастығы бойынша кеңесшісі Эрик Фромент, Болон үдерісінің сыртқы ынтамақтастық жұмыс тобының төрайымы Барбара Вейтгрубер Болон үдерісі шекарасын кеңейту тақырыбында баяндамалар жасады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1994 жылы халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындады. Жыл сайын Қазақстан жастарына үш мың «Болашақ» стипендиясына дейін беріледі. Бүгінде еуропалық білім алудың жалғыз жолы осы стипендия болса, Қазақстанның Болон үдерісіне енуі, сөзсіз, бұл мақсаттарды жеңілдетіп, үлкен мүмкіндіктер аша түседі.
Егер қазіргі уақытта істелген жұмысқа қорытынды жасасақ, онда Қазақстанда Болон декларациясының принциптерін енгізу халықаралық талаптарға сай оқу бағдарламаларын сәйкестендіру, білім берудің әртүрлі деңгейіндегі бағдарламаларының сабақтастығын жасау, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығына икемдеу, мамандарды дайындаудың компетентті үлгісіне көшу, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын бірыңғайлау арқылы студенттердің жинақылығын күшейту, оқу бағдарламаларын таңдау жолымен білім алушыларды академиялық еркіндікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айта кету керек.
Жұмыс отырысының барысында Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы жөніндегі қадамдары төңірегінде пікірталас, сұхбат өткізіліп, отырыс шеңберінде республикамыздың жоғары оқу орындарының жетістіктері мен тәжірибесін айқындайтын көрме ұйымдастырылды.
Жұмыс отырысына Қазақстанның 31 жоғарғы оқу орнының ректоры, соның ішінде Университететердің Ұлы Хартиясына (Италия, Болонья қаласы) қол қойған оқу орындары қатысты.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі