«Тәуелсіздік жылдарындағы бухгалтерлік есеп және аудиттің дамуы»

12 желтоқсан, 2011

Желтоқсан 2011 жылы «Тәуелсіздік жылдарындағы бухгалтерлік есеп және аудиттің дамуы» тақырыбына еліміздің бухгалтерлік есеп пен аудит қызметін дамытуға үлес қосқан ғалымдар мен мамандар қатысқан дөңгелек үстел өтті.

Тәуелсіздіктің 20 жылы – жетістіктерімізді ұғыну мен болашаққа деген міндеттерімізді айқындау мүмкіндігі. Мерейтойды атап өту мемлекеттілік пен патриоттықты нығайтуға себепші болуы және мерейтойды экономикада, әлеуметтік салада, ғылым мен мәдениетте жаңа үміттермен қарсы алған дұрыс екендігі аталған.

Осы тарихи оқиғаны атап өту аясында негізгі жетістігі сауатты мемлекеттік саясат, азаматтық бейбіт өмір мен ұлтаралық келісім болған Қазақстанды мықты, қарқынды даму үстіндегі және әлем мойындаған ел ретінде таныту міндетін мойнымызға алдық. Қоғам арасында өз тарихына деген құрметтік қарым-қатынас пен патриоттық рухты нығайту, мемлекетіміздің болашағы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті сезінуді қалыптастыру өте маңызды.

Іс-шараны ашқан кафедра меңгерушісі экономика ғылымының кандидаты, доцент Б.Б.Сұлтанова сөзінің әлқиссасын құттықтаумен бастап, бухгалтерлік есеп пен аудитке елеулі еңбектерін сіңірген ғалымдарды жиылғандарға таныстырып өтті.

Алғашқы сөзді экономика ғылымдарының кандидаты, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің профессоры Кеулімжаев Қуантқан Кеулімжайұлы бастады. «Кеңестік дәуірде бухгалтер деген мамандық онша еленбейтін,-деді ол. - Экономистер олардан биік тұратындай көрінетін. Бірақ, мен айтайын, бухгалтерден – экономист та, қаржыгер де шығады, ал экономистен бухгалтер шықпайды. Бухгалтерлік есеп өте ауыр, күрделі, қиындыққа төзуді, шыдамдылықты талап етеді». 55 жыл бойы экономика саласында аянбай қызмет еткен 83 жастағы ғалым өзінің тың ойларын ортаға салды. Студент жастарымыздың тіпті өнімнің өзіндік құны саналатын калькуляциялауды да білмейтінін және оқу үрдісіндегі кредиттік технология бухгалтерлік есеп мамандықтарын оқытуда қолайлы еместігін, қазіргі кездегі олқылықтарды бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейтінін алға тартты.

Келесі болып мінбеге көтерілген Тайгашинова Құсникамал Тортабайқызы (экономика ғылымдарының докторы, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің профессоры) бүгінгі экономикада жаңашылдықтың төмендігін, заман талабына сай жастардың ізденіс пен зерттеу мақсатында аз жұмыс жасайтындығын айтты. «Осыдан біраз жыл бұрын мен магистранттарға жерасты жолы туралы теориялық тұрғыда инновациялық ой айттым, ал қазір ол жаңалық емес. Сол секілді, әр түрлі салалардың дамуына байланысты бүгінгі таңда инновациялық әрекеттерді іске асырудағы жұмсалатын шығындарды жіктеп есепке алу қарастырылмаған»,-деп сөзін жалғады. Сонымен қатар, ол инновациялық әрекеттер уақыт өткен сайын күнделікті шаруашылық қызметіне ауысқандықтан айнымалы шығындар құрамында болуы тиіс екендігін айтты.

Экономикалық мамандықтың республикалық оқу әдістемелік кеңесінің төрайымы, экономика ғылымдарының докторы, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің профессоры Міржақыпова Седеп Тоқтамұратқызы дөңгелек үстел тақырыбына орай арнайы баяндама дайындап, ЖОО-дағы экономика мамандықтарының оқытылу жайымен көпшілікті құлағдар етті. «ҚазЭУ-де «Кәсіби бухгалтерлер ұйымы» бар. Бұл ұйым кәсіби біліктілікті жоғарылату мақсатында құрылған және Қазақстандағы бухгалтерлерге арнайы сертификат беретін 11 ұйымның бірі,-дей келе, - оқу үрдісінде қиын және негізгі пәндер бакалаврға емес, магистратураға бөлінген. Сондықтан бакалавр тәлімгерлері алған білім магистратурада тереңдетіліп оқылуына байланысты пән түрлері қарастырылған. Магистратураға қабылдау барысында көңіл бөлінбей отырған тұсы мамандық бойынша білім алған бакалавр болу керек. Оны айтып отырған себебім, осы мамандық бойынша магистратурада тіпті таэквондашылар оқуға түсіп, «біз экономиканы оқимыз және көтереміз» деген шала-шарпы мақсат қояды. Осылайша экономиканың жалпылама салаға айналып бара жатқанына қынжыласың. Дипломды жай ғана қолға ала салу мақсат емес, өмір бойы сол мамандыққа лайық екеніңді дәлелдей түсу аса маңызды».

Сөз кезегін алған 1971 жылы экономика саласында тұңғыш рет қазақ тілінде кітап жазған ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, Алматы Техникалық университетінің профессоры Дәулетбеков Әйтей Дәулетбекұлы да құнды пікірлерін ортаға салды.

Одан кейін мінберге шыққан Ержанов Абдулла Қалиұлы (ҚазҰТУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы): «60-тан аса ілімнің көш басында осы экономика тұрады. Кеңестік кезеңде алған біліміздің нәтижесінде бүгінде пайдаланып және заман талабына сай жаңашаландырып, дамытып, қазіргі білім алушыларға пайдамызды тигізіп жатырмыз деп ойлаймын. Негізі экономика саласын зерттеп айтарлықтай еңбек сіңіріп жатқан жас азаматтар аз емес. Бір мысал келтірейін, өзіммен бірге 23 жасар өрімдей қыз диссертациясын жақсы қорғап шықты. Бүгінде жаңа технология мен инновациялық жаңалықтарды пайдаланып жүзеге асыруда секілді белді компаниялардың тізгінін аталмыш саланың жас мамандары ұстап отырғанына куәміз. Сондықтан, қазақ жастары еңбектенсе, ізденсе, экономика саласына айтарлықтай үлестеріңді қосатындығына сенімдімін»,-деп сөзін аяқтады.

Келесі кезекте ҚазҰУ «Есеп және аудит» кафедрасының доценттері э.ғ.к. М.Б.Байдаулетов, э.ғ.к. А.К.Бейсенбаева, аға оқытушы Ш.М.Манапова көкейде жүрген ойлары мен қордаланған мәселелерді көтере отырып: оқу құралдарының жетіспеушілігі, мемлекеттік тілдегі оқу құралдарының тапшылығы, құралдарды дайындаудағы Республикалық оқу әдістемелік кеңестің ықпалы, бухгалтерлік есептің экономикалық терминдерінің мемлекеттік тілге аударылмауы мен баламаларын дұрыс бермеуі, басқару есебіндегі стратегиялық жоспарлаудағы мәселелер айтып, одан шығудың жолдарын іздестіру бойынша ғалымдардан ұтымды жауап алды.

Кафедра студенттері ғалымдар мен мамандарға сұрақтар қойып, пікір алмасты. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар Еліміздің Егемендік алған жылдарындағы бухгалтерлік есеп пен аудиттің даму жолдарын атай келе жасалған іс-шаралардың нәтижесіне тоқтай келе тұжырымдарын айтып, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

«Есеп және аудит» кафедрасының ҒИ және ХҚ жөніндегі орынбасары – э.ғ.к. доцент Бейсенбаева Ажар Какимовна, осы кешті өткізді.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент