- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-дың рухани жаңғыруы мен инновациялық дамуында Ақсақалдар кеңесінің рөлі зор
ҚазҰУ-дың рухани жаңғыруы мен инновациялық дамуында Ақсақалдар кеңесінің рөлі зор
13 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ақсақалдар кеңесі өтті. Бұл кеңестің құрамында профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ соғыс және еңбек ардагерлері қоғамының тұрақты төрағасы Ғаббас Жұматов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесінің төрағасы профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Сұлтан Сартаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Мейірхан Әбділдин, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Майя Шигаева, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Тұрсынбек Кәкішев, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Әбілфайыз Ыдырысов, профессор Уахит Шәлекенов және ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, химия ғылымдарының докторы, професор ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Зұлқайыр Мансұров және тағы басқа ғалымдар бар. Қара шаңырақта былтыр құрылған кеңестің бұл отырысында бір жылғы жасалынған жұмыстар қорытындыланып, атқарылған істердің есебі тыңдалды. Әлемдік тоу-университеттер қатарынан орын алған білім ордасының биік белестеріндегі Ақсақалдар кеңесінің рөлі сараланды. Отырыс ақсақалдар кеңесінің мүшесі болған заңғар ғалым Салық Зимановты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Қазыналы қариялармен ақылдасып, тәжірибе алмасу – келісіп пішкен тонның келте болмайтындығына дәлел екендігін ескерген ҚазҰУ басшысы Ғалым Мұтанов ақсақалдар кеңесінің бірінші отырысында жасалынған ұсыныстар мен бастамалардың орындалу дәрежесі қандай деген сұраққа тоқталып, «ҚазҰУ-дың 2011 жылы жеткен жетістіктері» тақырыбында баяндама жасады. Ақсақалдармен ақылдасу, кеңес тілегіне құлақ түру өз пайдасын әкелетініне сенім артты. Ал Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, бірінші проректор Мұқамбетқали Бүркітбаев Ақсақалдар кеңесі шешімдерінің орындалу барысымен таныстырды. Ақсақалдар кеңесінің бірінші отырысынан кейін Гуманитарлық ғылым саласындағы басым бағыттарды дамыту мақсатындағы арнайы гуманитарлық кеңес құрылған болатын. Осы орайда бүгінде ҚазҰУ-да осы кеңес аясында Әлеуметтік-гуманитарлық білім саласында ғылыми зерттеулерді дамыту бойынша комиссия, Корпоративті мәдениетті дамыту бойынша комиссия, Гуманитарлық ортаны дамыту мәселелері бойынша комиссия, Пәнаралық байланыстарды дамыту бойынша комиссия, Студенттердің тілдік даярлығы мәселелері бойынша комиссия және ҚазҰУ оқытушысы мен ғалымының позитивті имиджін дамыту бойынша комиссия жұмыс жасап жатқандығы айтылды. Жыл ағымында Кеңес Оқытушының корпоративті мәдениет кодексі, Студенттің ар-намыс кодексі, ҚазҰУ оқытушысы туралы ереже және ҚазҰУ студенті туралы ереже сияқты маңызды құжаттарды әзірледі. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың әр студенті оқып шығуы міндетті болып табылатын 100 әдеби шығарманың тізімі талқыланды», - дейді.
Ақсақалдар кеңесі құрылғалы біршама істерге мұрындық болғандығы таразыланды. Мәселен Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің мұрындық болуымен студенттер арасында бірнеше кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастарды оқытумен қатар тәрбиелеу саласында ақсақалдар кеңесінің мүшелері алда да өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін жеткізді. Болашақ кадрларды даярлап жатқан білім ордасының жұмыстарын ізгілендіруде біршама ұсыныстарымен де бөлісті. Профессор Әбілфайыз Ыдырысов журналистика факультеті негізінде кітаптану саласын дамытуды қолға алып, баспалармен байланысты нығайтуды алға тартып, бұл бағыт дамыған тұста студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығы дамитындығын тілге тиек етіп, шетелдік профессорлардың ҚазҰУ-ға келіп дәріс оқуын құптады. Себебі, олар Қазақстан ғалымдарымен танысып, Қазақстан мемлекеті жайында мағлұмат алып, әлемдік деңгейде насихатталуына үлес болмақ деген ой айтты. Ал профессор Уахит Шәлекенов университетте жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын, заманауи талапқа сай келетіндігін ризашылықпен жеткізсе, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Ұлттық болмысымызды, төл тарихымызды, әдебиетімізді әлемге насихаттау үшін отандық мықты ғалымдарымызды шетелдік университеттерге дәріс оқуға жіберіп отыру қажет», - деген пікірімен бөлісті. Ол ұлттық рухани құндылықта тәрбиелеуді күн тәртібінен түсірмеген жағдайда бәсекеге қабілеттілік те арта беретіндігін меңзеді. Ал, ардагерлер мұндай талаптар қара шаңырақта атқарылып жатқан әр істе көрініс беретіндігін, сонымен қоса университет заманауи дамып келе жатқандығын зор ықыласпен айтты. Ал, профессор Өтеген Күмісбаев білім ордасы оқытушыларына ағылшын тілдерін үйрету бағытында тегін курстар ашылса деген ұсынысын айтты. Ақсақалдар кеңесінің әр мүшесі алда тағы да студенттермен арнайы кездесулер ұйымдастырып, жатақханаларға барып пікір алмасуға, тәрбие мен білім беруге атсатысатындықтарын жеткізді. Аға буынның ақыл кеңесі қашанда асыл қазына екендігін алға тартқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов барлық ұсыныс талаптар ескерілетінін айтты. Студенттердің кітап оқуға қызығушылығын ояту, тәрбелеу, мәдени ошақтарға бару, рухани кештер ұйымдастыру бір сөзбен айтқанда рухани құндылықты инновациялық дамумен қоса жаңғыртуды басты міндет етіп отырған ҚазҰУ басшысы ақсақалдар ақылына арқа сүйеді. Қара шаңырақтың беделі мен әлеуеттін арттыруда қолдау танытып жүрген ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне алғысын жеткізіп, тәуелсіздік күніне деген лебізімен бөлісті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі