"Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет

14 желтоқсан, 2011

13.12.11.


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Қазақстанның инновациялық дамуын мемлекеттік-құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияға А.Ағыбаев, З.Кенжалиев бастаған отандық профессорлар мен Ломоносов атындагы МГУ профессоры Л.Головко, Киев ұлттық университетінің профессоры С.Лиховая және тағы да басқа шетелдік заңгер ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ магистранттар мен студенттер қатысты. ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Лайықұлы конференцияның алғы сөзін сөйлеп, осы жиынның өтуіне арнайы келген шетелдік әріптестеріне алғысын білдірді. Ғылыми басқосуда Қазақстанның инновациялық дамуын мемлекеттік-құқықтық қамтамасыз етудің теориялық, тәжірибелік және тарихи мәселелері, Азаматтық қоғам институттары дамуының құқықтық мәселелері және дәстүрлі кезеңдегі қазақтардың құқықтық құндылықтарда, идеяларда, құқық нормаларын қолдану негізінде Қазақстан қоғамының құқықтық мәдениетін қалыптастыру сияқты тақырыптар кеңінен талқыланды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушылары тарапынан азаматтардың өмір сүру деңгейін ары қарай көтеру, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және тәуелсіздік пен егемендікті нығайту мақсатында Қазақстанда экономиканы қарқынды дамыту және индустриялық-инновациялық дамуын жетілдіру бағдарламаларын жүзеге асыру барысында айтулы ұсыныстар жасалды. Мәселен, еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің ең жаңа Тұғырнамасын және қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының экологиялық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең бір жаңа Тұғырнамасын әзірлеу және қабылдау, Кеден одағы жағдайында бірыңғай кедендік реттеуге қол жеткізу мақсатында кедендік заңнамамен қоса, тиісті саладағы қылмыстар мен әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін заңи жауаптылықты қарастыратын заңнаманы да бірегейлендіру сияқты ұсыныстармен толықты.


Саягүл ӘЛІМБЕКОВА