«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

15 желтоқсан, 2011


Тәуелсіздікке жеткенімізге 20 жыл толды. «Осындай аз уақыт ішінде елімізде қоғамдық, экономикалық, саяси өмірімізде қандай өзгерістер болды, қандай табыстарға қол жеткіздік?» деп сын көзімізбен талдау жасап қарайтын болсақ, мақтанарлықтай жетістіктерге ие екеніміз әлемге аян.

Қазіргі таңда Қазақстанда Президенттік басқару заңды түрде қалыптасып, Елбасы Назарбаев әлем мойындаған Көшбасшыға айналды. Қазақстан 20 жылдың ішінде әлеуметтік, экономикалық, саяси дамудың сапалы жаңа кезеңдеріне батыл аяқ басты. Әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты жақсарып, ел экономикасы дамып, халықаралық деңгейде беделі артып келеді. Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, яғни ел болашағы ғылым мен білімнің дамуымен тығыз байланысты. Осыған орай, 2011 жылы қабылданған «Ғылым туралы» заң ғалымдардан жаңа технологияларды арттыруда аса белсенділікті талап ете отырып, әрбір ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының арасындағы байланысты нығайтып, сапалы мамандар дайындауды қарастырып отыр.
Сонымен қатар Қазақстан ғалымдары әлемдегі ғылымы, экономикасы жақсы дамыған алдыңғы қатардағы елдермен байланыс жасай отырып, әлемдік ғылыми кеңістікке енуді мақсат етіп қойды. Оның басты себебі, біз жаhанданудан, дүниеде болып жатқан ғылыми жаңалықтардан қалыс қалмауымыз керек.
Елбасының білім мен ғылымды дамытуға қойған басты талаптарын іске асыру барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы алдына басты мақсат қойып, іске асырудың алғашқы қадамдарын бастап кетті. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстардың бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мәртебесін әлемдік деңгейге көтеру, сөйтіп, білім мен ғылым кеңістігінен Ұлттық-зерттеу университетінің іргетасын қалап, әлемдік кеңістіктен қомақты орынға ие болу.
Соңғы бір жылдың ішінде әлемнің 601 үздік университеттерінің арасынан 200-орынға көтеріліп,
401-дәрежеге ие болдық. Орта Азия континентінде осындай дәрежеге бірінші ие болып отырмыз. Университеттің беделінің көтерілгендігінің екінші куәсі, Қазақстандағы жоғары оқу орындары ара­сынан бірінші болып
БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған ең тұңғыш университет деген құрметке ие болуы.
Осыған орай, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойына арналып «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» атты ұранмен университетте дүниежүзілік форум өтті. Бұл форумға әлемнің 30 елінен 100-ден астам ғалымдар, жоғары білім саласында еңбек етіп жүрген көрнекті қайраткерлер, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері IGIP, IFES, SEFL, COPES пен Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Осы форумда үш бағытта мәселелер қарастырылды.
Олар: зерттеу университеттерін қалыптастыру мен дамыту; ЖОО мұғалімдері мен студенттерінің академиялық ұтқырлығын жақсартумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялизациялау және технологияны жаңа сапаға көшіру жайы қызу талқыға түсті. Пленарлы мәжілістерде өзекті мәселелер талқыланды. Әсіресе, ғылыми қатынасты реттеуді заңдастыру актілері, инновациялық қызмет, интеллектуалды меншік, ғылымның нәтижесін өндіріске енгізу, т.б сұрақтар талқыланып, болашақ шешімдерін табу жолдарын көрсетті. Инновациялық жобаларды жетілдірудің, ынтымақтандырудың механизмдерін халықаралық деңгейде іске асыру жайлы кең, жан-жақты талқылап, тиісті шешім жасалынды. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен
«әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің достары» атты халықаралық клуб құрылды. Клубтың басты қызметі - зерттеу университеттерінің дамуына жәрдем берумен қатар, одан әрі өзінің позициясын әлемдік білім беру кеңістігінде нығайту. ҚазҰУ достары клубының құрметті төрағасы болып Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сайланды.
Халықаралық форумға қатысушылар мәжіліс соңында мынадай қорытындыға келді: 2010-2011 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын және Қазақстанның индустриялық- инновациялық стратегиясын іске асыру үшін және зерттеу университетін құру үшін, әлемдік тәжірибені табысты енгізу үшін, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанынан инновациялық жобаларды іске асыратын арнаулы инфрақұрылымдық база қалыптастыру қажет.
Осындай инновациялық жоба үшін университетіміздегі биология және биотехнология факультетінің жанынан биомедицина саласының қалыптасып, дамуына өз үлестерін қосуға Оңтүстік Кореядан келген ғалымдар оң ниеттерін білдіріп, тиісті мөлшерде инвестиция бөлуге келісімін берді. Сонымен қатар форум делегаттары талқыланған проблемалардың нәтижесі бойынша бағалы ұсыныстар енгізді. Форумға қатысушылар білім және ғылым министрлігіне, Халықаралық инженерлік академиясына және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұжымына өткізілген форум үшін ризашылығын білдірді. Атқарылған іс-шаралардың барлығы тек жай сөз емес, іс жүзінде әлемдік білім және ғылым кеңістігінде қауымдасу болып саналады. Сондықтан біздің университетіміздің алған бағыты сенімді және дұрыс.
Қазіргі таңдағы республика, министрлік, университет деңгейіндегі жасалып жатқан жұмыстардың мақсаты мен міндеттері біртұтас іс-шара деп қарастырамыз. Сондай-ақ кең ауқымды, ауқымы зор іс-шараның орындалуы университеттің алдыңғы позициядан көрінуінiң және оның халықаралық деңгейдегі беделінің жоғары екендігінің басты дәлелі деп білемін.


Сұлтан Төлеуханов,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, профессор