«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет
Желтоқсанның 22 жұлдызында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Саят Болатұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының өкілдеріне мемлекеттік награда тапсырды.
Білім және ғылым вице-министрі тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, бүгінде білімге, ғылымға деген үлкен қолдауды атады. Осы орайда, жастарды тәрбиелеп, оқытуда сүбелі үлес қосып жүрген оқытушы-профессорлар құрамына ризашылығын білдіріп, марапаттарды табыстады. Атап өтер болсақ, «Құрмет» орденімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ардагері Валентина Исенгалиева, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Жоғары технология және тұрақты дамыту институтының директоры Серік Көмеков, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра профессоры Досмұхамед Кішібеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Лейла Ахметова марапатталса, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет атағымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Надежда Гайнуллина, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының мүше-корреспонденті Хозе Қазыханов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мейірхан Әбділдин марапатталды.
Іс-шараға ғылыми қоғамдастықтың өкілдері және Алматы қаласындағы университеттердің оқытушылары қатысты. «Бұл атақ ерекше, жоғары мәртебеге ие деп білемін. Бұл атақтың тапсырылуы – Білім және ғылым минситрлігінің ірі бастамасы. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында атқарған істеріме берілген өлшеусіз баға деп есептеймін», - дейді профессор Мейірхан Әбділдин. Өз кезегінде барлық марапат иелері еңбектерінің еленгеніне ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу барысында сондай-ақ Орталық Азия бойынша ең ірі болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасы дизайнының жобасы және жабдықталуы бейне нұсқада ұсынылды. Оның құрылысы және техникалық жабдықталуы келесі жылдың басында аяқталады деп жаспарланып отыр. Кітапхананың жалпы алаңы 19 мың. шаршы метрді құрайды. Кітап қоры 2 миллион экземплярды құрамақ, жоғары технологиялық электронды түрде қызмет көрсету жүйесі оқырмандарға жедел әрі сапалы қызмет етуге мүмкіндік береді. Жаңа кітапханада заманауи ыңғайлы оқырман залы, сирек кездесетін және ғылыми қор, университет атауына қарай ұлы ойшыл және философ Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы болады.
Әйкерім Райсқызы