«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

13 қаңтар, 2012

06.01.12.

Қайраткер ғалым, ел азаматы

Қазақстан ғылымының қайраткері, ұлағатты ұстаз, ел патриоты, бүгінде сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген академик Нәдір Кәрімұлы Нәдіровтің еңбек жолы мен ғылыми соқпағы - өзгелердікіне ұқсамайтын өзіндік өрнегі, өзіндік ізі бар, мәні де, маңызы да үлгі тұтарлық азаматтық жол.

1936 жылы Әзірбайжан Республикасының Нахичеван ауданындағы Кикач ауылынан Қазақстанға жер аударылды. Cталиндік зорлық пен зомбылықтың ащы дәмін татты, 4 жасында әкесінен айырылды, бес жасында ағасы Абдолла репрессия құрбаны болды. Бала Нәдір достық пен бауырмалдықтың да озық үлгісін көріп өсті. Қазақ елінің де жағдайы мәз емес еді. Соған қарамастан, қазақтың үлкені арқасынан қағып, ақылын айтты, кішісі ілтипатын көрсетті. 1948 жылы Жамбыл облысы Талас ауданындағы қазіргі Өрнекті ауылында онжылдықты қазақ тілінде тәмамдаған ол Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) химия-биология факультетіне оқуға түсті. Бітіргеннен кейін сол кездің талабы бойынша 1953 жылы Қаратауға барып химия пәнінен сабақ берген. 1956 жылы Нәдір Кәрімұлы В.И. Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының аспирантурасына қабылданды. Кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Химиялық реакциялардың тепе-теңдігі мен жылдамдығын танып-білу әдістері» деп аталған болатын. Бұл тақырып бойынша бірнеше ғылыми мақалалары одақтық дәрежедегі таңдаулы ғылыми журналдарда басылды. Сонымен бірге 1957 жылы Лондонда шығатын «School scіence Revіew» деген журналдың №137 санында да жарық көрді. Оның есімін әуелі Кеңес одағы таныды. Олай болатыны, Нәдір Кәрімұлы Мәскеу университетіне Қазақстан үкіметінің жолдамасымен түспегендіктен, Мәскеу қайда жіберсе, сонда баратын тәртіп бойынша сонау Қиыр Шығыстағы Хабаровск Мемлекеттік педагогикалық институтына кафедра меңгерушісі болып барды. Осында өткізген тоғыз жылдың ішінде (1959-1968) жаңа ізденістерімен танылды. Бірнеше ғылым кандидаттарын даярлады. Осындағы ұстаздық еңбегі ескеріліп, оған «РСФСР Халық ағарту ісінің үздігі» деген құрметті атақ берілді. «Әуелі Одаққа танылды» дейтініміз осы атаққа қатысты болатын. Одаққа аты мәлім қарымды ғалым ұстаздықпен бірге ғылыми жұмыстарын да үздіксіз жалғастырған еді. Сібір мен Қиыр Шығыстың топырақ құрамын зерттеп, сол өңірге тән топырақтың физикалық-химиялық құрамдары мен қасиеттерін анықтауға кірісті. Ғылыми ізденістер химия ғылымында табиғи сербенттердің (әктопырақ) физикалық-химиялық әрекет ету қабілетін арттырудың жаңа жолдарын дүниеге әкелді. Осыдан кейін шетелдік әдіс-айлалар отандық амалдармен алмастырылды. Ғалымның әр еңбегі нәтижелігімен ерекшеленді әрі сонысымен құнды да. Осы бағыттағы ғылыми жұмысы негізінде жазылған докторлық диссертациясын 1967 жылы 35 жасында біздің университетіміздің химия факультетінде қорғады. Сол кездегі қазақстандық химия ғылымының көшбасшылары, академиктер А.Б.Бектұров, Б.А.Бірімжанов, М.И. Усанович, М.Т. Козловский, Д.В. Сокольский, И.Н. Әзербаев, тағы басқалар мүше болған Ғылыми кеңес Ресейден келген ғалымның еңбегін объективті бағалады. Осы жұмысты одан әрі жалғастырған ғалым сорбенттердің адсорбциондық және каталитикалық құрамын анықтау жолында да ғылыми нәтижелерге қол жеткізді.

Бұдан кейін соя майының құрамы мен қасиетін зерттеу барысында бұл майдың құрамындағы дәрумендерде табиғатта кездесетін сегіз изомердің бар екендігі анықталды. Олардың әрқайсысы өзіндік физикалық-химиялық сипаттары және ерекше биологиялық белсенділігімен айқындалады.

Хабаровск өлкесіндегі жалғыз химия ғылымының докторы осылайша өзінің химия саласындағы ғылыми мектебін қалыптастыруға күш салды. Халық шаруашылығына қажетті ғылыми еңбектері үшін әрі осы жаңа бағыттың негізін қалаушы ғалым ретінде оған М.В. Ломоносов атындағы медаль берілді.

Қазақстанға оралған соң, 1968-1975 жылдар аралығында ол Қазақ Химия-технология институтында ғылым жөніндегі проректор болып қызмет еткен еді. Сол жылдары республикада тұңғыш рет мұнай мен газ өңдеу технологиялары кафедрасын ұйымдастырды және оған өзі басшылық етті. Ғалымның жетекшілігімен бұл кафедрада мұнай өңдеуге қажетті алюмосиликатты катализаторларды зерттеу ісі қолға алынды. Сөйтіп, мұнда да мұнай өңдеуді зерттеудің ғылыми мектебін жасақтады. Кеңестер одағы Министрлер кеңесі жанындағы Ғылым және техника жөніндегі Мемлекеттік комитеттің тапсырмасымен Н.К.Нәдіров стратегиялық маңызы бар жаңа ғылыми бағытты басқарды. Қанттан каталитикалық гидрогенолиз арқылы көпатомды спирт алу технологиясын жасауды қолға алды. Көмірсутегін тұғырлы түрде зерттеу және нәтижесін өндірістік өңдеулерде пайдалану саласында да ғалым аз еңбек сіңірген жоқ. Ғылымдағы теориялық тұжырымдарды нақты тәжірибеде іске қосу үшін ғалым Батыс Қазақстандағы мұнай мен газ-кен орындарына ғылыми-зерттеулер жүргізетін Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтына директор болып тағайындалды. Осындағы ғылыми ойды нақты іспен үйлестіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру нәтижесінде қазіргі Атырау мұнай және газ институтының жаңа ғимараты бой көтерді, пайдалануға берілді. Бұл өңірдегі 15 жылға созылған еңбек жолында көптеген мұнай мен газ-кен орындарының ашылуына мұрындық болды. Бұл жөнінде ол өзінің «Тенгиз - море нефти, море проблем» деген монографиясында жан-жақты айтқан болатын. Монография демекші, ғалымның жалпы редакциясымен 8 кітаптан тұратын «Новые нефти Казахстана и их использование» (1979-1987); 5 кітаптан тұратын «Нефтебитуминозные породы» (1982-1988) деп аталатын ұжымдық монографияларда өзі негізгі автор ретінде қатысты. Және соңғы монографияның жинақы нұсқасы ағылшын тілінде Канадада жарық көрді. «Технология повышения нефтеизвлечения» атты кітабы үшін Кеңес одағында химия саласындағы ең жоғары марапат - академик И.М. Губкин атындағы сыйлықты, ал «Высоковязкие нефти и природные битумы» еңбегі үшін ҚР академик Қ.И.Сәтбаев атындағы бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Ғалымның «Мұнай және газ» ғылыми-техникалық журналды ұйымдастырып шығарғандығын атап өткім келеді. Себебі Нәдір Кәрімұлының Бас редакторлығымен шығатын бұл журнал Францияда да тіркелген. Сонымен бірге ол журнал ІNSPEC-тің ағылшын тілінде шығатын ғылыми-техникалық мәліметтер базасына енген. 2011 жылы бұл журнал ғылыми басылымдардың халықаралық аудитінің қорытындысы бойынша «Рейтингі ең жоғары ғылыми журнал» аталымы бойынша лауреат атанды.

Бүгінде қазақстандық мұнай химиясы ғылымының ақсақалы, академик Н.К. Нәдіров ғаламдық энергоэкологиялық стратегия мәселелерімен айналысуда.

Ол ғалым ретінде, ұстаз ретінде, еліміздің патриоты, өз қоғамының қайраткер азаматы ретінде де елге танымал.

Оның «Мы, курды-казахстанцы» деген монографиясының орны ерекше. Ол - қазақстандық күрдтердің «Барбанг» деп аталатын ассоциациясының Құрметті президенті, Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылғаннан бергі белсенді мүшесі.

Қазақстанды туған жеріндей, қазақстандықтарды туған еліндей, қазақтарды туған бауырындай көретін академик Нәдір Кәрімұлы Нәдіровке жаңа табыстар тілейміз.

Ғалым МҰТАНОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик