«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газет
Қазақ тілі Қытайда да құрметті
Еліміз Тәуелсіздік алған жиырма жылда Президентіміз Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қолымыз жеткен қуаныштарымыздың бірі - тағдыр тауқыметімен шетел асқан қандастарымызбен дер кезінде тығыз байланыс жасап, олардың тарихи отанына оралуына және емін-еркін келіп-кетуіне мүмкіндік туғаны. Осы орайда қазақстандық ғалымдардың да шетел асып, тамаша тәжірибе жинақтауына мүмкіндіктер туды. Айталық, соңғы жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қытай Халық Республикасы Орталық ұлттар университетімен тығыз байланыс орнатып, сол университетке дәріс оқуға оқытушыларды жіберіп келеді.
Жақында Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің арнайы шақыруымен тәжірибе алмасуға барып қайттық. Бейжіңде орналасқан білім ордасында 1953 жылы қазақ тілі және әдебиеті мамандығы ашылса, 1971 жылы қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы құрылған. 2004 жылы осы кафедраның негізінде қазақ тілі - әдебиеті факультеті болып дербес шаңырақ көтереді. 1979 жылдан бастап магистранттар, ал 1993 жылдан докторанттар қабылдап келеді. Қазір факультетте 183 студент, 15 магистрант, 9 докторант білім алуда Қазақстанның беделді оқу орындарымен жиі қарым-қатынас жасап, білікті мамандарын дәріс оқуға шақырып, өз студенттерінің білімін арттыруға жағдай жасап отырған факультет деканы Жаң Диңжиң - қазақ, түркі тілдері грамматикасы тарихының маманы. Қазақ тіліне жетік Жаң Диңжиң мырза әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін ең таңдаулы оқу орны деп білетіндігін, сол себепті Орталық ұлттар университет байланысты барынша нығайтуға ниетті екендігін білдірді.
Жылыжүзді қауышудан соң факультет партия ұйымының хатшысы Мұхтар Әбілқақұлының қабылдауында болдық. Ал деканның орынбасары Болаш Шөкейұлы факультет өмірімен, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамымен таныстырды. Тарихи отанынан алыста жүрсе де қазақ тілінің қамын ойлап, кейінгі жастардың өз тілін ұмытпауы үшін жанын сала аянбай еңбек етіп жатқан ұстаздардың, факультет ғалымдарының қазақ тілінде жарыққа шығарған оқулықтары мен оқу құралдары да бар екен.
Біз де өз кезегімізде университетіміз туралы айтып, қазіргі кезде онда болып жатқан игі істер мен жетістіктер туралы баяндадық. Университетіміздің ғылыми-зерттеу университетіне айналып, әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері қатарына енгендігін айттық. Өзіміздің жарыққа шыққан еңбектерімізді сыйға тарттық. Факультетте жұмыс істеп жатқан түрколог ғалымдармен пікір алмастық.
Студенттер алдында «Тілдердің өзара ықпалдастығы» тақырыбында екі сағаттық лекция оқылды. Бір қуанғанымыз - ондағы қазақ жастарының білімге деген құштарлығы ерекше екендігі. Студенттердің лекцияға деген қызығушылығы өте зор болды, көптеген сұрақ қойылды. Сондай-ақ Шыңжаң радиосына арнайы сұхбат бердік.
Ал Қытайда қазақ тілінің қанатын кеңейтіп келе жатқандығы бізді қайран қалдырды.
Ұлбала АЛЖАНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
профессоры, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»,
мемлекеттік грантының иегері