«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газет

18 қаңтар, 2012

Ауған жастары Абай өлеңдерін жатқа айтады

«Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шет ел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шет тіліне орап, ана тілін тұншықтырып тастаса, ол – кешірілмес күнә. Сол себепті де,мемлекеттік тіл – ол біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын мықты бір діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс» деген еді Елбасы Н.Ә. Назарбаев.

ХХІ ғасыр босағасын аттаған тұста Тәуелсіздігін нығайту жолында Қазақстан халқы да басқа елдердегідей шұғыл өзгерістерді бастан кешіруде. Тәуелсіздік – Тәңір сыйы. Күнделікті өмірде, әлемде болып жатқан түрлі табиғат апаттары мен бодандықтың құрсауынан құтыла алмай жатқан елдердің тыныс-тіршілігін, тауқыметін көріп, Тәңір сыйлаған тыныш өмірімізгешүкіршілігімізді айтамыз. Азат елдің азаматы, еркін елдің ерке қызы болғанымыз үшін бақыттымыз. Тәуелсіздіктің тұғыры тілмен ғана берік болмағы хақ. Тәуелсіз мемлекеттің басты қағидасы – мемлекеттік тілді қастерлеу, құрметтеу. Ұлттық тілінен айырылған мемлекеттің болашағы қандай болмағы өзінен-өзі түсінікті. «ендеше, көкірек көзі ояу әрбір қазақ өз ана тілінде көркем сөйлеп, ата-бабаларымыз ардақтаған тіл байлығын келер ұрпаққа жеткізу азаматтық аманатым деп түсінуі тиіс. Ұрпақтан – ұрпаққа, бабадан – балаға жалғасқан ұлы мұра – ұлттың тілі. Оның мәртебесін көтеру – баршамыздың парызымыз.

Тәлім-тәрбие де тілден басталады. Халқымыз қашанда өз ойын көркемдеп, мақалдап-мәтелдеп, бейнелеп сөйлеуге шебер. Бірақ, бүгіннің жастары осы шеберліктен кенже қалып барады. Олай дейтінім, оқу орындарында, қоғамдық көліктерде, көшеде сөздік қорымызда кездесейтін сұрықсыз сөздерді еститініміз жасырын емес. «Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек» деген бабаларымыздан қалған сөз бар. Қазіргі жастарымыздың тілінде дәм де, мән де қалмай бара ма деп қынжыласың. Аға-буын замандастарымыз сияқты біз де кезінде арман болған, тек елесі қалған жасыл қала – Алматының кітапханалары мен оқу залдарының табалдырығын тоздыра жүріп, білім алдық, есейдік. Ал, қәзір бәрі басқаша. Бұлай болуы заман талабы десек те, ұлттық құндылығымыздың нәрсізденуінен деп түсінуіміз керек. Егер, белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, мұны тіліміздің оралымсыздығынан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігімізден көруіміз қажет. Жастарымыздың үлкен бір кемшілігі бар, ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі мүдіріп, аузына сөз түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып, қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтыны, сөйлемдерінің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбарланып кететіні бірден байқалады. Бұның өзі, әрине, тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары.

Әрине, бұл салдардың ұштығы отбасында жатыр. Кейбір аталар мен әжелеріміз бөгде тіл арқылы өздерінше «мәдениетті» болып көрінгісі келе ме, немерелерімен шүлдірлесіп, екі сөзінің жартысын бөгде сөзбен бүтіндеп, сәбидің тілін өзі жаралап тұрғанын түсінгісі келмейтіні жасырын емес. Қазақтың сөз құрамы кеше ғана қалыптаса бастаған жоқ, ол бағзы заманнан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Сол мұрамыздыв кейінгі ұрпағымызға саф алтындай сақтап жеткізу – мына бізге парыз. Олай дейтінім, біз сол қазақ балабақшасы мен қазақ мектебі тапшы болған замандағы балалардың ата-аналарымыз. Балаларымыз орысшаланған ортада өсті. Жас сәбиге не кінә қоясың?! Отбасында ата-анасымен бірге болатын аз уақыттарында олармен ана тілінде сөйлестік және талап қойдық. Бүгінгі атңда нәтиженің жемісін көріп жатқанымызға қуанамыз. Бала сөзіне бөтен сөздің араласпауын ата-ана тыймаса, өзге тілді «сөздік қор» молая түсері сөзссіз. Ендеше, таза сөйлеу де мәдениеттіліктің бір белгісі. Екінші себеп, жастардың сансын ғаламтор жаулап алды. Кітапхана мен оқу залдарында орындалатын ізденістің, еңбектің бәрін еш қиындықсыз-ақ ғаламторыңыз атқарып тұр. Жаһандану жағдайында тіл білгеннің артықтығы жоқ, бірақ, өзге тілге өз тіліңді он орап, өзегін өртесең, өз тіліңнің өшкені емей немене? «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» техниканың озық заманында мүлде компьютер қолданбасын дегеніміз емес, тек орнымен қолданса жөн болар еді.

Мақаланы жазуға көңіліміздегі көрікті ойлар түрткі болды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей биылғы жыл да басқа жылдардан өзгеше, мерейлі, мерекелі, берекелі қазақтың кең пейілінің куәсі болатындай әсерлі көңіл-күй сыйлауда. Бұл жылдың да тартуы мен табысы аз емес. Қазақстан жері достық кең пейілімен ауған жастарын кең қолтығына сыйғызып, білім нәрімен сусындатып жатқан жайы бар. Сол аталмыш ұлт өкілдерінің біразы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде білім алуда.

Дайындық кафедрасының ұжымы да әр мерекенің мерейін тасытатын кең көлемдегі іс-шараларды өз ретімен өткізіп келеді. Өтіліп жатқан шаралардың барлығына ауған жастары жұмылдырылып, белсене атсалысуына әр ұстаздың ықпалы зор. Жүлделі орындарға да ие болып жүр. Бұл табысымыз да бізді қуантты, ұжымның мерейін үстем етті.

Биылғы жыл да өзіндік жаңалықтарымен, табыстарымен қуандырмақ. Олай дейтінім, аз уақыт ішінде мемлекеттік тілімізде сөйлеп үйренген ауған жастары қазақ тілінде ән айтып, ақындардың өлең жолдарынан үзінділер оқып, таңғалдыруда.

Тіл – қарым-қатынас құралы. Құралдардың өткір болмағы шындалуынан. Тілді үйретуші ұстаздар ауған жастарының Қазақстан жеріне атбасын тіреген күнінен бастап үлкен жауапкершілікті сезініп, ұлттық құндылығымызды, яғни ана тілімізді үйрену жолында алғашқы қадамдарын сауаттандыру үшін аянбай тер төкті. Аталмыш аймақтан келген жастар тіліміз арқылы ұлы Абайды таныды. Осы ретте ұлылардан қалған мына бір нақыл сөз ойға орала береді:

«Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен дн гүлге айналып шыға келер» (Сағди).

Ұстаздық етудің екі жағы бар. Ол – ұстаздық еңбектің қиыны мен қызығы. Қиыны – тілді үйрету, қызығы – нәтижесін көріп қуану. Тілі түгіл, болмысы басқа баланың жүрегінен жол таба білу – үлкен шыдамдылық пен парасаттылықты талап етеді. Әрбір ұстаз білімнің тәрбиелік мәнін де ұмытпайды. Дәстүрімізді тілінен танытатын сан-алуан кештер, дөңгелек үстелред, қызықты танымдық-ғылыми мәселелер төңірегінде іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Осындай игілікті іс-шаралардың өзге ұлт өкілдерінің санасында қазақ еліне деген сый-құрмет, тілге деген қызығушылықтарын оятатындай әсері болатыны сөзсіз.

Тәуелсіздіктің тұғыры тілмен бекем екенін тілге тиек ете отырып, Қазақстанды мекен етіп, оқып жатқан өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіретін басты фактордың бірі – мемлекеттік тіл. Мемлекетті құлатпай мықты ұстап тұратын мықты діңгегі, яғни, тілді үйрету және меңгерту – мемлекеттік маңызды іс. Осындай маңызды істің басы-қасында тер төгіп жүрген де – ұлағатты ұстаздар. Қай ұлт өкілі болмасын, тілді үйренушіге ауызекі тілде күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын сөздерді ғана үйретіп қоймай, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен де мағлұмат бере отырып үйретсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Өзге тілді шәкірттерімізге «Қазақ осы, танып қой!» деген ұлы мақтаныш сезіммен ұлы ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыздың: «Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгінде, Сөйлеп тұрсың менің ана тілімде» деген өлең жолдарымен түйіндегім келеді.

Р.Әбішева,

ҚазҰУ-дың аға оқытушысы