Шет тілдері мамандарының ұстаханасы
Қазақстанның БҰҰ деңгейінде мойындалған әлемдегі 193 елмен қарым-қатынасын дамытуда шет тілдерін білетін мамандарға деген сұраныс бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда артпаса, кеміген жоқ. Бұл бағыттағы жұмыста Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің де өзіндік орны бар. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны бүгінде шығыс елдерінің 15 университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберінде студенттер мен оқытушылардың шетелдік тағылымдамаларын жүзеге асырып келеді.
Факультетте елшілік өкілдері, шетелдік ұйымдар мен шетелдердің әртүрлі делегацияларымен кездесулер жиі өтеді. Сондай-ақ шетел елшіліктері мен мәдени орталықтары ұйымдастырған түрлі мәдени шараларға белсенді түрде қатысамыз. Студенттер мен оқытушылар тағылымдамадан өтіп тұратын шығыс елдерінің белді оқу орындары арасында Қытайдың Шанхай қаржы-экономикалық университеті, Синьцзян университеті, Орталық экономика және бизнес университеті (Бейжің), Қытай мұнай және газ университеті, Бейжің технологиялық университеті, Ланьчжоу университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Бейжің шет тілдері университеті, Тяньцзин университеті, Циньхуан университеті, Нанкин университеті, Сычуан университеті, Үндістанның Хинди тілі орталық институты (Дели), Иранның Тегеран университеті, Кореяның Пайчай университеті, Корей тіл институты (Сеул), Ханг университеті, Ихва университеті, Каннам университеті, Пусан университеті, Түркияның Анкара университеті бар.
Білікті мамандар шоғырланған, оқу-тәрбие процесі мен ғылыми-зерттеу жұмысы жақсы жолға қойылған қызықты әрі шығармашылыққа толы факультеттегі Қазақстан шығыстануының басты орталығы – Қытайтану кафедрасы. Оның қызметі жоғары санаттағы, теориялық білімді терең меңгерген, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту барысында қытай тілі, тарихы мен мәдениеті, саясаты мен экономикасынан жоғары деңгейде білім мен білік көрсете білетін кәсіби мамандарды даярлауға бағытталған. Бұл кафедрада шығыстану, аударма ісі (қытай тілі), шетел филологиясы мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Мәселен, шығыстанушы кем дегенде шығыстың бір, батыстың бірнеше тілін, ауызша және жазбаша аударманың дағдыларын игерген, білім алып жүрген аймақ дінін, доктринасын, құқығын, әдебиетін, дәстүрлі мәдениетін толық және жан-жақты меңгерген маман иесі.
Аударма ісі (қытай тілі) мамандығы студенттерге барлық саладағы ауызша және жазбаша аударманың аудару шеберлігін және аудару дағдыларын жан-жақты жетік меңгеруге баулиды. Студенттер сонымен қатар жоғары білімді әрі кәсіби мамандардан дәріс алып, аударма саласындағы білімін одан әрі кеңейтіп, аудару әдістерінің заманауи талаптарын үйренеді. Бұл мамандықта оқитын студенттер алмасу бағдарламасы арқылы Қытай университеттерінде тілдік тәжірибеден өтіп, ауызша аудару әдісін, тыңдап түсіну дағдысын меңгереді.
Кафедра қызметінің тағы бір негізгі бағыты – еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайына аса қажетті мамандарды халықаралық деңгейде даярлау. Шетел филологиясы мамандығының студенттері екі шетел тілін меңгеріп қана қоймай, тілдерді оқыту теориясын жете меңгеріп, әлеуметтік өмірдің әр саласында қолданып, тәжірибе жасай алады.
Осы жерде Қытайтану кафедрасы жетістігінің бірін атап өткен артық болмас. Студенттер арасындағы «Қытай тілі көпірі» сайысының Қазақстандағы қорытынды сынында менің жетекшілігіммен Мәдина Кенжебекова бірінші орынды жеңіп алды. Соның нәтижесінде Қазақстан 126 мемлекеттен өкілдер қатысқан «Қытай тілі көпірі» сайысында үздік деп танылған 30 елдің қатарында болды. Бұл студентке сабақ берген ұстаздардың да қажырлы еңбегі мен ғылыми жұмыстардың нәтижесі деп айта аламыз.
Гүлия ӘЛИХАНҚЫЗЫ,
Қытайтану кафедрасының доценті,
педагогика ғылымының кандидаты