ҚазҰУ-да Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңадан ашылған институтта сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, Әл-Фараби кітапханасының қорында 600-ден астам қолжазба толық зерттелмеген. Қазіргі таңда институт мамандары аталған қолжазбаларды, құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын қолға алды.
Салтанатты шара аясында «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I халықаралық ғылыми конгресі өтіп, қатысушылар Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелерін талқылады.
Конгрестің мақсаты – түрлі ғылым саласы өкілдерін түркітану және алтайтану саласындағы зерттеулерді жинақтауға және түркілік мұраларды зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға жұмылдыру.
Алқалы жиынға қазақстандық ғалымдармен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекеттерінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, білім ордасындағы түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының жұмысына тоқталды.
«Әлемдік сарапшылар кезінде «ХХІ ғасыр түркі мәдениетінің ғасыры болады» деп болжаған. Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде. Түркі әлеміндегі ілім-білім тарихының басында тұрған әл-Фараби, Махмұд Қашқари, әл-Хорезми, әл-Бируни, Мұхамед Бабыр, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири сынды тарихи тұлғаларымыздың еңбектері бүгінгі ұрпаққа жетті. Соңғы он жыл ішінде түркітілдес мемлекеттердің мемлекетаралық ынтымақтастығы ерекше дами түсті. Түркологияның өзекті мәселелері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Бүгінгі конгресс аясында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашып отырмыз. Бұл осы саладағы мамандар мен жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде пленарлық отырыста Халықаралық түркі академиясының президенті, тарих ғылымының докторы, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шаин Мұстафаев, Сумгайт мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор Рамазан Мамедов, Түркі мәдениетін зерттеу институтының директоры, доктор, профессор Бижан Ахмет онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ Бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқанов, ҚР ҰҒА Халықаралық «Qazaq tili» академиясының президенті, Халықаралық түркология орталығының төрағасы Ерден Қажебек баяндама жасады. Өз сөзінде Ерден Қажыбек түркі әлемінде әлі де зерттелмеген мұралар жеткілікті екенін айтты.
«Түркі әлемі – адамзат өркениетінің алтын бесігі. Еуразия құрлығын ен жайлаған түркі әлемі өзінің бай мәдениетімен, терең тарихымен мақтана алады. Алайда түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген мұралар жеткілікті. Сол тарихи мұраларды зерттеу үшін ҚазҰУ базасында институт құрылғаны қатты қуантады. Біз түркологияны зерттеу жұмыстарын жандандыра түсуіміз қажет. Көптеген конференциялар мен пленарлық отырыстарды жиі ұйымдастыру керек», – деді Ерден Қажебек.
Сондай-ақ басқосуда Қазақстан Республикасындағы түркітілдес елдер елшіліктерінің өкілдері де сөз сөйлеп, пікір алмасты.
Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы секцияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі