Барыс жылы табыс жылы болды

5 қаңтар, 2023

2022 – барыс жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін табысқа толы жыл болды. Ыстамбұл мен Бішкекте ҚазҰУ-дың филиалы ашылса, одан кейін оқу ордасында МИФИ-дің филиалы білім алушыларға есігін айқара ашты. Биылғы есте қаларлық ерекше оқиға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қара шаңыраққа арнайы ат басын бұрып, жас ғалымдармен кездесуі болды. ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 150-орынға көтерілді. Бұдан өзге де жаңалықтарды «Жылдың айшықты оқиғалары» арнайы бетінен оқи аласыздар.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚазҰУ-ға келді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келіп, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамымен және жас ғалымдармен кездесті.

Президент шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұрасына арналған мұражай экспозицияларымен, ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми-инновациялық жобаларының нәтижелерімен танысты.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына оқу ғимараттары мен қызметтік тұрғын үй және студенттік жатақхана салу бойынша ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарын баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы оқу орнының зерттеу университетіне трансформациялану бастамасы мен ҚазҰУ-ды қайта жаңғырту жоспарын қолдады.

Президент білім ордасында жоғары білікті мамандар даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүлден келген хат


Қадірлі де құрметті досым Жансейіт Түймебаев!

Сіздің шақыруыңызбен Қазақстанның ең дамыған әрі заманауи жабдықталған беделді университеті – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келу нәсіп болды. Қысқа мерзімді дайындықтың нәтижесінде сіздердің жоғары деңгейдегі қабылдауларыңызға ризашылығымды білдіргім келеді. 

Университетте болған сапарымда болашағымыз саналатын жастармен бас қосып, оларға көшбасшылық туралы баяндама жасағаныма өте қуаныштымын. Осы орайда, мен Қазақстанның бүгінгідей болашағының да соншалықты жарқын боларына өз басым куә болдым.

Маған берілген «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры» атағы мені барынша қанаттандыра түсті. Түркі халықтары және ғылым мен білім әлемінде соны жаңалықтар ашқан ойшылдың есімімен аталған университет тарапынан осындай атаққа ие болу мен үшін бір ғанибет.

 

Қырғыздың тұңғыш президенті көшбасшылық дәріс оқыды


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті, Ресей ғылым академиясының академигі, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев көшбасшылық дәріс оқыды.

Академик Асқар Ақаев білім ордасының басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын ерекше ілтипатпен жеткізді. «ҚазҰУ-мен 45 жылдан соң қайта қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін көп рақмет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Орталық Азиядағы ең үздік университет. Биік табыстарға көптеген жоғары оқу орындары өте ұзақ жолдан өтіп жетеді. Бұл жұдырықтай жұмылып еңбек еткен білікті ұжымның жемісі», – деді профессор.

 

Білім ордасы QS WUR рейтингінде 150-орынға көтерілді


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR халықаралық рейтингінде кезекті рет жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бір жылда университет Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-орыннан 150-орынға көтерілді.

Әлемнің үздік университеттерімен бір қатарға орналасқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде өзінің көшбасшылық позициясын дәлелдеді.

ҚазҰУ-дың жаңа табысы – іскерлік басшылықтың, оқытушылар, ғалымдар мен білім алушылардың қарқынды жұмысының жемісі. Бұл университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің және халықаралық білім, ғылым кеңістігіндегі танымалдылығының айқын көрсеткіші.

Quacquarelli Symonds World University Rankings (QS WUR) халықаралық рейтингінің ресми нәтижелері 2022 жылдың 8 маусымында жарияланды.

Бұл рейтингке дүниежүзінің 2462 жоғары оқу орны қатысты, оның ішінде тек 1422 ЖОО ғана тиісті дәрежелерге ие болды.

 

Ыстамбұлда филиалымыз бар


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапарына сәйкес, Ыстамбұл қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды.

Университет филиалы жоғары кәсіптік білім беру бағдарламасын іске асырып, ғылым мен білімнің халықаралық интеграциялануына ықпал етеді. Әрі университеттің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда QS әлемдік рейтингінде Топ-150 үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретін Қазақстанның ең үздік университеті Түркияның 20-дан астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатты.

Филиалдың ашылуы академиялық ұтқырлық аясындағы жобаларды жүзеге асыруға, оқытушылар мен студенттер алмасуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді. Жыл басынан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сегіз факультетінің 247 магистранты Түркия университеттерінде ғылыми-зерттеушілік тәжірибе мен тағылымдамадан өтті.

 

Бішкекте университет филиалы жұмыс істей бастады


Қазақстан Президенті Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсіміне қатысты. Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жасаған ресми сапары Қ.Тоқаев пен С.Жапаровтың Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсіміне қатысуымен аяқталды.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев екі мемлекет басшыларына оқу ордасының білім беру және ғылыми жобалары, соның ішінде қырғыз студенттері үшін грант бөлу жоспары туралы айтты. Университетті аралап көру барысында президенттер жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамымен және ҚазҰУ-дың қырғызстандық түлектерімен әңгімелесті.

 

МИФИ филиалы ашылды


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен МИФИ ҰЯЗУ филиалы салтанатты түрде ашылды.

Бірлескен білім беру жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы «Қайғылы қаңтар сабақтары: қоғамның бірлігі – тәуелсіздік кепілі» атты отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев алға қойған Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындары филиалдарын құру туралы стратегиялық міндетін орындау аясында жүзеге асты.  

Филиалдың құрылуы «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, елде ядролық энергетиканың дамуына жаңа серпін береді.

«Филиал түлектері еліміздің стратегиялық саласын дамытуға елеулі үлес қосарына сенімдіміз. Студенттер сапалы инженерлік білім алады. Олар ғылыммен айналысады, қажетті дағдыларға ие болады, заманауи ғылыми зертханаларда тағылымдамадан өтеді», – деп атап өтті жетекші ЖОО басшысы.

 

ҚазҰУ ғалымының зерттемесі АҚШ-та жалғасады


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы АҚШ-тағы Миссисипи университеті ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге кірісті.

Зерттеу орталығының базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылған болатын.

Мұнда сұраныстағы өнімдердің бірі – тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы биологиялық белсенді қоспа. 2020 жылы дайындалған табиғи тұнбаның құрамына өкпені қуаттайтын, қақырық түсіретін, қанды сұйылтатын, қандағы майларды жоғалтып, қан айналымын жақсартатын, күш-қуат беріп, ұйқыны реттейтін қасиеті бар өсімдіктер қосылған.

 

Cирек кездесетін қолжазбалар зерттеледі


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Жаңадан ашылған институтта сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, Әл-Фараби кітапханасының қорында 600-ден астам қолжазба толық зерттелмеген. Қазіргі таңда институт мамандары аталған қолжазбаларды, құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын қолға алды.

Салтанатты шара аясында «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I халықаралық ғылыми конгресі өтіп, қатысушылар Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының жұмысы туралы айтты.

 

Жатақхана тапшылығы тиімді шешіле бастады


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жатақханаларға күрделі жөндеу жүргізіп, бөлмелерді кеңейту арқылы орын тапшылығын шеше бастады. Осы тәсіл арқылы оқу орны алдағы уақытта жатақханалардағы орын санын 2000-ға көбейтуді көздеп отыр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен күрделі жөндеуден өткен №10 жатақхана қайта ашылып, студенттерге пайдалануға берілді. 313 орындық жатақханаға тарих факультетімен қатар, химия және химиялық технологиялар факультеті мен физика-техникалық факультетінің студенттері орналасты.

Бұған дейін 356 орындық №5 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, журналистика факультетінің студенттеріне салтанатты түрде қайта берілді. Осыған орай, оқу орнында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды.

 

Түркияда тәжірибе алмасты


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен және ұйымдастыруымен білім ордасының 50-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдары Түркияға тәжірибе алмасуға барып қайтты. Сапар аясында ҚазҰУ делегациясы Ақтеңіз университетінде болып, Антальяның көрікті жерлерін аралады.

Ақтеңіз университеті – Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Түркияда академиялық зерттеулер негізінде жазылған ғылыми мақалалар бойынша Ақтеңіз университеті үздік бестікке кіреді.

Бір аптаға созылған курс барысында оқытушылар түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар заманауи білім беру, инновациялық әзірлемелер мен оқытудағы озық технологиялар тақырыбында тренингтерге қатысты.