Қазақ журналистикасының антологиясы жарық көрді
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде проф. Н.Омашевтің жалпы редакциясымен жарық көрген «Қазақ журналистикасы» атты үштомды басылымның тұсаукесері өтті. Бір басылымға біріктірілген «Қазақ баспасөзі», «Қазақ телевидениесі», «Қазақ радиосы» атты үш кітаптың авторлары - еліміздің белді журналистері мен журналистика саласының ғалымдары. Қазақ журналистика теориясын бір антологияға жинақтау - толғағы келіп, уақыт талабынан туындаған мәселелердің бірі еді. Сондықтан бұл қуанышқа ортақтасуға қазақ журналистикасының Әбілфайыз Ыдырысов, Темірғали Көпбаев, Қайнар Олжай, Сейтқазы Матаев сынды майталмандары келді.
Кітап ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Ақпарат және келісім министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызы бар әртүрлі әдебиетті шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.
Ауқымды еңбек қазіргі қазақ журналистикасының көкейкесті проблемаларына арналған. Авторлардың арасында журналистика саласындағы танымал зерттеушілер мен БАҚ жетекшілері бар. Олар - Н. Омашев, Б. Жақып, А. Мархабаев, Ж. Ерман, Қ. Олжай және т.б.
«Қазақ баспасөзі» деп аталатын кітапта жаһандану заманында ұлттық келбетімізді, ақпараттық қауіпсіздігімізді сақтап қалу, демократиялық қоғам және сөз бостандығы, ғылыми-танымдық журналистика мен қазіргі публицистика мәселелері талқыланды.
«Қазақ телевидениесі» атауын таққан кітап жаһанданудағы ақпаратты еркін алу проблемалары және қоғамдық пікір қалыптастырудағы телевидениенің аламан күші, ықпалы мен мүмкіндіктері жайлы баян етеді. Қазақ телевидениесінің әлемдік ақпараттық кеңістіктегі орны мен жаңа инновациялық технологияларды енгізулуіне жан-жақты ғылыми сараптама жасалынды.
Ұзынқұлақ деп аталып кеткен ең жедел ақпарат таратудың құралы - радио, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктері жайлы мағлұматты көзі қырақты оқырман «Қазақ радиосы» кітабынан таба алады. Сонымен қатар кітапта Қазақ радиосындағы алғашқы хабарлардың шығарылым тарихы жинақталған.
- Әр кездері осыған ұқсас оқулықтар жарық көрді. Бірақ осындай соқтаулы, салмақты дүние алғаш рет дүниеге келіп отыр. Қазір жаһандану заманында информацияның еркін ағымы деген түсінік бар. Дамыған елдер дамушы елдерге информациялық экспансия жасап отыр. Біз мемелекет қауіпсіздігін сақтау мақсатында осыған тосқауыл қоя білуіміз керек. Кітапта жаһандану кезеңіндегі БАҚ-тың ролі мен орны, қазақ баспасөзі, телевидениесі және радиосы, жүргізушілердің шеберлігі мен өзін-өзі ұстауы сияқты тақырыптар қамтылған, - дейді кітаптың жарық көруіне мұрындық болып, жетекшілік еткен проф. Н. Омашев. Ғалымның айтуынша, кітап материалы не бары екі айдың ішінде жинақталған, дегенмен, журналистиканың қыр-сырын жақсы меңгерген проф. Әбілфайыз Ыдырысов әділ байқағандай, бұл - ғалымдар мен журналистердің жиырма-отыз жылдық еңбегі мен жинаған тәжірибесінің жемісі.
|
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі