ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Инновациялық Алматы» жобасын ұсынды
26 қаңтарда Алматыдағы «Алатау ақпараттық технологиялар орталығы» ақпараттық технологиялар паркінде екінші инновациялық конвент өтті. Иннавациялық форумға ұласқан конвентке Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, еліміздегі жоғары оқу орындарының басшылары, бизнестік қауымдастықтардың өкілдері, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылатын жобалардың бастамашылары мен кәсіпорын басшылары қатысты.
Жиында бас баяндаманы мәлімдеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов «Инновациялық Алматы» жобасын ұсынды. Жоба Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі инновациялық дамуын қамтиды. Алматы Қазақстанның ғана емес Орталық Азиядағы инновациялық дамудың локомотиві бола алатындығын алға тартқан Ғалымқайыр Мұтанұлы: «Инновациялық Алматы» жобасы әр салада жасалып жатқан жұмыстарды бір бағытқа жұмылдыруды көздейді. Соның нәтижесінде Алматыны әлемдік деңгейдегі инновациялық қалаға айналдыру көзделіп отыр. Онда халықаралық тәжірибелер зерттеліп, инновациялық даму тетіктерімен өзіміздің мүмкіндіктер ескерілді», - дейді.
Сондай-ақ, Ғ.Мұтановтың айтуынша, жоғары технологияларды енгізу арқылы «Ақылды қала» жобасының негізі салынады. 2020 жылға дейінгі бұл жоба Алматының дамуына зор ықпалын тигізбек. Өйткені Алматы ғылыми-техникалық кадрлар, жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары, өндірістік патенттер көрсеткіштері жағынан болсын, елімізде алда келе жатқан қала. Алматының инновациялық дамуда мүмкіндіктері зор екендігін баса айтқан академик жобаның басты мақсаты - Алматының инновациялық тұрғыдан дамуы үшін ең озық технологияларды енгізу екендігін баяндады.
«Ақпараттық технологиялар паркі» директоры Аманжол Қожасбаевтың айтуынша, Алматының «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 114 компания тіркелген. Сонымен бірге, «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қатысушылардан 2011 жылы ел бюджетіне 568 млрд. 338 млн. теңге көлемінде салық түсімі түскен. «Қазіргі таңда арнайы экономикалық аумағында 114 компания тіркелген. «Ақпараттық технологиялар паркі» салық басқармасының мәліметіне қарағанда, қатысушылардан ел бюджетіне түсетін салық көлемі жыл сайын өсіп келеді. Оның айтуынша, 2011 жылы «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына отандық бірқатар ірі жоғары оқу орындары мен компаниялар кірді.
Алқалы жиын соңында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ең үздік инновациялық жоба, ең үздік жас ғалым, шетел технологияларын бейімдеу және инновациялық кәсіпорын аталымдары бойынша жеңімпаздарды марапаттап, ақшалай сыйлық табыс етті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі