«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

31 қаңтар, 2012

Қазынадан бөлінетін мол қаржы тиімді пайдаланылуы тиіс

Ұзатылған жылдың қорытындысы бойынша елімізде жан басына шаққанда ІЖӨ 11 мыңнан астам долларды құрады. Экономика 7,5 пайызға өскен. Ал халықаралық резервтеріміз 75 миллиард доллардан асып түскен.

Бір қарағанда аз көрінбегенімен, Алматы Инновациялық форумы аясында өткен ІІ Инновациялық конвент кезінде қала әкімі, Инновациялар мен жаңа технологиялар кеңесінің төрағасы Ахметжан Есімовтің сөзінен мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан мол қаржының тиімді пайдаланылмай отырғанын ұқтық. «Кейде біз жұмысты ақырына дейін сапалы атқармай, сан қуып кетеміз. Қазақстанның 50 инновациялық жобасына Алматы қаласынан 19 жоба енген. 2004-2011 жылдары Даму институттары жалпы құны 46 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаны қаржыландырды. Бірақ еліміздің ғылым және білім орталығы саналатын қала үшін бұл тым жеткіліксіз. Мемлекет бөліп отырған мол қаржы тиімді пайдаланылмайды» деді Ахметжан Смағұлұлы.

Соңғы жылдары өндірістегі инновациялық белсенділік деңгейінің төмендігі салдарынан ғылыми-зерттеулерге деген талаптың да әлсіз болғаны анық.

Экономиканы реформалауда ғылымның рөлін бағаламаушылық осындай жағдайларға әкелді. Ал ғылыми-техникалық және технологиялық прогрестің өндірістегі өнімділік факторын жоғарылатуға әсер ететіні ертеден белгілі. Өкінішке қарай, бұл факторлар кезінде онша ескеріле қойған жоқ. Инновациялық форумды ұйымдастырудағы мақсаттың өзі Алматы қаласының бүкіл ғылыми әлеуетін және ғылым мен өндірістің өзара байланысын көрсету. Осыған орай инновацияны орнықты дамытудың негізі ретінде ғылыми ізденістер мен білімнің бүгінгі жағдайы басты тақырыпқа айналды. Өйткені 2 миллионнан аса тұрғыны бар еліміздің ең алып шаһарында инвестиция салуды және белсенді қаржылық қызметті талап ететін үлкен жобалар қоржыны жеткілікті. Мысалы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Алматы қаласынан Индустрияландыру картасына 5 мың жұмыс орны құрылатын жалпы құны 258 миллиард теңгеге тең 28 жоба енсе, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 20,3 миллиард теңгенің 68 жобасы кірген. «Еліміздің экономикалық табыстылығын жоғарытехнологиялы интеллектуалды өндіріс айқындайды, ол үшін арнайы экономикалық аймақ дәрежесіне ие осындай Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық орта және инфрақұрылым қажет. Бүгінгі күні бұл парктің аумағында 112 қатысушы тіркелген. Өткен жылы бір қатысушының өндірген өнімі 13 миллион теңгені құрады. Мұны инновациялық өрлеу деп атау өте қиын. Өкінішке қарай, көптеген инновациялық жобалар толық өндірістік шығарылымға жол тартқан жоқ» деп қынжылды қала басшысы. Оның айтуынша, осы парктің жұмыс істеуін инженерлік қамтамасыз ету бойынша 1,5 миллиард теңге тұратын жаңа энергетикалық қосалқы станса іске қосылып, қаладан паркке жеткізетін бөлек жаңа жол да салыныпты. 2012 жылдың жергілікті бюджетінде паркті сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық құн құжаттарын жасауға 150 миллион, сондай-ақ табиғи газ жеткізуді толық аяқтау үшін 430 миллион теңге қарастырылған. Ең бастысы, қала алдында 2015 жылға қарай инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыс орындарын көбейту мәселесі тұр.

Инновациялық конвентке Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің, бизнес-қауымдастықтардың, Даму институттары, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі жобаларға енген кәсіпорын басшылары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, Алматы тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы инновациялық дамудың локомотиві бола алады. Өйткені ол ғылыми-техникалық кадрлар, жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары, өндірістік патенттер көрсеткіштері жағынан болсын, мол мүмкіндіктерге ие және елімізде алда келе жатқан қала. Тек осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет.

Ахметжан Смағұлұлының сын пікірлері қозғау салды ма, кеңес қатысушылары белсенділік танытып, өздерін толғандыратын мәселелерді батыл пікірлерімен білдірді. Тіпті «Инновациялар мен жаңа технологиялар кеңесінің жұмысын да қайта қарап, жаңадан ұйымдастырған жөн» десті олар. Бірінші кезекте оның атауын осылай қалдырмай, «Инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі кеңес» деп өзгертіп, әркімнің атқаратын жұмысын нақты белгілеу қажет.

Содан соң қазіргідей бір жылда бір емес, айына бір рет немесе кем дегенде тоқсан сайын бас қосып, атқарылған істерді айқындап, атқарылатындарын пысықтап отырған дұрыс. Сонда жобаларды қаржыландыру (соңғы он жылда ғылым мен инновацияны қаржыландыру мөлшері ІЖӨ-нің 0,2 пайызын ғана құрапты), оларды өндіріске енгізуге қатысты түйткілді түйіндер тез тарқатылып, кемшіліктер жедел жойылатын болады. Нәтижеде жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер мен инновациялық технологиялар паркінде дүниеге келетін жоғарытехнологиялы инновациялық жобалардың өндіріске енгізілуі жеделдеп, экономикамыз шын мәнінде үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағытына түседі. Ал қазірше өзара тығыз ынтымақтастықтың жоқтығы, қағазбастылық, өзге де бюрократиялық кедергілердің көптігі, басшылар мен қосшыларда жауаптылық пен қызметтік тәртіптің төмендігінен ең жақсы деген бастамалардың өзі өндіріске қиындықпен еніп жатыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, Алматыны әлемдік деңгейдегі инновациялық қалаға айналдыруға болады. Осы мақсатта қазақ білімінің қара шаңырағы саналып, келешекте еліміздегі ең ірі ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналғалы отырған ҚазҰУ «Инновациялық Алматы» деген жоба ұсыныпты. Енді тек арман ақиқатқа айналғай деп тілейік.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ