Араб тілін оқытудың заманауи мәселелері талқыланды
Сан ғасырлар бойы сауда жолдарының тоғысында болған Сауд Арабиясы түбегі ежелгі мәдениет пен әлемдік өркениеттерді бір-бірімен байланыстырып келеді. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының шақыртуымен халықаралық семинар-тренингке қатысты. Іссапардың мақсаты – араб тілін оқыту әдістемесі бойынша кәсіби біліктілікті арттыру.
Делегация құрамында қазақстандық арабтанушы мамандар, пән оқытушылары, оның ішінде шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессор-оқытушылары болды. Семинардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Сауд Арабиясы арабтанушы оқытушыларының кәсіби қауымдастықтарының байланысын нығайту, тәжірибе алмасу, кәсіби құзыреттілікті одан әрі дамыту.
Оқытушыларымыз семинарға ерекше қызығушылықпен қатысып, түрлі тақырыпта баяндамалар жасады, тәжірибе алмасуға мүдделі болды. Осы іс-шара аясында халықаралық форум өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырушы – Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы.
Форумды алты спикер өткізді. Оның төртеуі Қазақстаннан, қалғаны Араб тілі академиясы тарапынан. Форум келесі бағыттарда жұмыс істеді: дүниежүзіндегі басқа тілдерде сөйлейтіндерге араб тілін үйретудің ақиқаты және академияның жаһандық қызмет етудегі араб тілінің рөлі; Қазақстандағы араб тілінің білім беру тәжірибесі (ақиқат және проблемалар); Қазақстандағы араб тілінің білім беру тәжірибесі (академиямен ынтымақтастықтың амбициясы мен болашағы).
Қатысушылардың барлығы халықаралық форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және өткізілгенін атап өтті. Спикерлердің баяндамалары өзекті және ақпараттық мазмұнда болды. Мен шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының атынан аталмыш форумда «Бүкіл әлемде араб тілін оқыту: Қазақстанның тәжірибесі үлгі ретінде» тақырыбында баяндама жасадым.
Бұл форум жоғары оқу орындарында араб тілін оқытудың заманауи мәселелерінің кең ауқымын қамтыды. Халықаралық форумның, жалпы, семинардың ұйымдастырылуы, өзекті тақырыптар, практикалық мысалдар арқылы қолжетімді түрде қысқаша сипатталды. Семинарды тыңдаушылармен тікелей қарым-қатынас түрінде, яғни практикалық нақты мысалдармен білікті мамандар өткізді. Бұл іссапар қабылдаушы Халықаралық араб тілі академиясы тарапынан қаржыландырылды. Сол себепті Халықаралық араб тілі академиясының бас хатшысы, доктор Абдулла ибн Салих әл-Уәшмиге бүкіл ұжым алғыс айтады. Барлық оқытушылар халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды. Оқытушылар «осындай білім мен мәдени көпір жалғасын таба берсін» деген тілек білдірді.
Фатима МАМЕДОВА,
шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті