"Нұрастана" республикалық жастар апталығы

1 ақпан, 2012

Жаһан ҚазҰУ-ға бас иеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым саласындағы маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі, химия және химиялық технология факультетінде гидрофильді, яғни суда еритін полимерлер негізінде жұмыс істейтін нейрондық желілерді жасау қолға алынды.

Мұндай желілер адам зердесінің пайда болуына алып келген үдерістерді модельдеуге қабілетті көрінеді. Ал оларды жасау қазіргі кезде өте көкейкесті мәселе. Бүгінде Ресей ғалымдары адам мен миға ауыстыруды жүзеге асыратын GF-2045 деп аталатын ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Алайда, адам миының қалай құрылу үдерісін егжей-тегжейлі анықтамай тұрып, жасанды дене мен зердесін жасау мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, ресейлік GF-2045 жобасының әлсіз тұсы да осында.

Ал, отандық ғалымдарымыздың зерттемелері осы олқылықтардың орнын толтырып, жоғарыдағы жобалардың барынша шынайы жүзеге асуына кепілдік береді. Себебі гидрофильді полимерлер мен олардың негізіндегі кешендер саласындағы қазақстандық физико-химиялық мектептердің өкілдері әлемдік көрсеткіште алда. Thomson Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың полимерлер мектебінің үш бірдей өкілі Г.А. Мун, З.С. Нұркеева, в.в. Хуторянский соңғы бес жыл бедерінде интерполимерлік кешендер саласындағы әлемдік ғалымдар мен мамандар арасында алғашқы үш орынды иеленіп отыр.

Перизат Үркімбаева