01.02.12. Қазақстан тәуелсіздігінің үшінші онжылдығы - дамудың іргелі міндеттерімен, оның нақты әлеуметтік бағдарымен көңілден шығады. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауында еліміздің тұтастығын, тұрақтылығын әрмен нығайтудың 10 бағдарын анықтап, дәйектеп берді. Бағдарларда әлемдік дағдарыс қысымынан шым-шымдап шығаратын және қоғамды жаңғыртудың әртарапты бағдардағы тетіктері нақты жүйеленген.
Оған негіз, алдағы жылдар Қазақстан қарқынды үлкен құрылыс алаңына айналмақ, инновациялық іс-әрекеттердің қазақстандық жүйесі нығайтылмақ, орта топтағы іскерлердің, кәсіпкерлердің және мемлекеттік қызметкерлердің өзара байланысын реттейтін инновациялы-интеллектуалды кластерлер жасалынбақ. Бастауға құқықтық негіз бар. Сұранысқа лайық ұсыныс, ұсынысты ұйымдастыратын, іске асыратын нақты әрекеттер қажет. Жобалардың әлеуметтік бағдары елеулі, есебі жүйелі әрі қолжетімді. Олардың құндылығы - елдің, өңірдің, адамның келбетін қатар жаңартуға арналғандығында; өлке мен саланың ерекшелігіне бейімделгенінде; әркімнің дәйекті инициативасына мүмкіндікті кеңейітпек бастауында. Сондықтан әрбір бағдарды халқымыздың азаматтық бірлігін, кәсіби өмірін, тұрмыс жағдайын және сауатты сана-сезімін жаңа сапаға көтеруге арналған ашық жол, сол тұтқалы нысандарға әркімді ынталандыратын тиянақты ұстаным деп қабылдауға тұрарлық. Жолдауда мерейлі белестерге жететін, жеткізетін тетіктер сараланып берілген. Олардың бір арнасын - «инновация-интеллектуалды жаңғыру», екіншісін - «әлеуметтік серіктестік-әлеуметтік жауапкершілік», үшіншісін - «рухани тұтастық-рухани тазару» демекпіз. Міндет - осы жүйелі ұстанымдарды ұлттық мүддеге, ұлттық мәдениетке икемдеу және білім саласын осы деңгейге көтеру. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы бағытта тындырымды жұмыстар жүргізуде. Оқу жүйесінде адамдық ресурс пен кәсіби мамандықты бір-бірімен тұтас үйлестіретін жұмыстарды жандандыратын міндеттерді шешу - күн тәртібінде өткір тұр. Олардың қатарында - жаңа технологиялық үрдістер мен рухани-адамгершіл факторларды өзара үйлестіру. Президентіміз білім саласында инновациялық технология жүйесі мен тәрбие жұмыстарындағы адамгершіл өлшемдерді қатар жүргізу мен тең ұстау қажеттігін тағы да ескертті. Сонда ғана жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге баулудың аумағы да, қарқыны да жас ұрпақ арасында күш алмақ, қолдау таппақ. Мерейлі белестердің еңсе көтеретін, тұлғалық қабілетті жандандыратын қуатты кеңестердің демеулігі осында.
Жақан МОЛДАБЕКОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры
|