ҚазҰУ-да Наурыздың әлем елдерінде тойлануы көрсетілді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ факультеттері Наурыз мейрамының әлем елдерінде аталып өту дәстүрлерін паш етті. Жаңа форматта жүзеге асқан мерекелік шарада оннан аса мемлекеттегі Наурыз жоралғылары таныстырылды. Шығыстану факультеті (Иран, Үндістан, Түркия, Жапония, Корея, Қытай), Халықаралық қатынастар факультеті (Тәжікстан, Бангладеш), Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті (Ауғанстан, Қытай, Моңғолия) белсене атсалысып, алғырлық танытты. Наурызкөже дайындау әдістерімен бөлісіп, Ұлыстың ұлы күні дастарқанға қойылатын ас мәзірлерін әзірледі. Сондай-ақ мерекелік салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық киімдер мен спорттық ойындар көрсетілді.
Мәселен, түбі бір түрік бауырлар бұл мерекені Невруз деп атайды. Бұл күні көшелердегі саябақтарда от жағылып, адамдар лапылдаған жалынның үстінен секіреді. Оттың үстінен секірген уақытта адам бойындағы жаман энергиядан, ауру-сырқаудан арылады деп сенген. Музыкалық аспаптармен ән орындалады. Балалар батпырауық ұшырады. Мейрам қарсаңында тағамның түр-түрі жасалады. Олар – жапырақшамен дайындалған бөрек, юфка, леблели, локум, сондай-ақ тәттілердің сан алуан түрі.
Ирандықтар «Ноуруз» атайтын мереке наурыздың 20-нан бастап 13 күн тойланады. Міндетті түрде жеті түрлі дәмнен «Хафт-Син» тағамы әзірленеді. Ол «с» әрпінен басталатын 7 түрлі тағаммен әрленеді. Олардың арасында міндетті түрде болуы тиіс: монета (секке), сірке су (серке), сарымсақ (сир), дәмдеуіштер және мерекелік тағамдар бар. Үстелге міндетті түрде айна мен жанып тұрған балауыз қойылады.
Ауғанстанда «Навруз» немесе «Жаңа жыл» 21-22 наурызда тойланады. Мазари Шариф қаласы Наурыз мейрамын тойлау «астанасына» айналады. Олар бұл күндері Кабулдағы Карт Сакхи мешітіне жиналып, әулие тудың көтерілуін тамашалайды. Дастарханда жемістер мен дәндер, жеті түрлі жемістен дайындалған компот және бес түрлі тағам болады. Отбасындағы баланың санына байланысты алдын ала жұмыртқа пісіріліп, түрлі түске боялады. «Бақытсыздықты өзімен бірге алып кетеді» деген ырыммен, жанұядағы әр балаға кем дегенде бір дана жұмыртқа жегізетін болған.
Өзбектер «Навруз» мейрамын 21 наурызда ресми тойлайды. Алайда мереке 13 күнге созылады. Мереке күндері жәрмеңкелер, жалпы халықтық шерулер, ит және әтеш шайқасы, ат шабысы, басқа да түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ұлттық киімдерімен ән айтып, би билейді. Сумәлек асын дайындау дәстүрге айналған. Бұл – бидай ұнынан жасалған тағам. Сондай-ақ самса, хош иісті палау, халим мен жасыл желек қосып дайындалған нишалда тәтті бәліші әзірленеді. Сумаляк – өмірді, денсаулықты, молшылық пен жылылықты білдіреді.
Қырғыздар «Нооруз» мерекесін 21-і күні ғана тойлайды. Мол дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылады. Сумелек пен көже дайындалады. Халық арасындағы сенімге байланысты «су» және «мелек» (періште) сөздерінен құралған. Қырғыздар бұл мерекені қазір жалпыхалықтық сипатта тойлайды. Мерекелік концерт қойылып, ұлттық ойындар ойналады.
Түркіменстанда «Новруз байрамын» 21-22 наурызда тойлайды. Наурыздың осы күндері ауыл шаруашылығы үшін жаңа жыл болып саналады. Мерекелік дастарқанға бидай өнімінен ұлттық тағамдар әзірленіп, халва, тәтті нандар мен уыттан ботқа дайындалады. Бұл күні асты ұлттық киім киген ерлер әзірлейді. Наурызда түркімендер бір-бірінің үйіне барып, қонақ болады, ал жастар кешке жаппай сауық-сайран құрады.
Әзербайжандар «Новруз байрамды» 20-нан бастап бес күн тойлауды дәстүрге айналдырған. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған. Дастарқанға жұмыртқаны айнаның үстіне қою дәстүрі бар. Жұмыртқа бір жағына домалаған кезде, соны жаңа жылдың келуі деп санайды. Әрбір үйде дастарқан үстінде міндетті түрде бидай тұқымынан өсірілген дәмдер қойылады. Шекербура да дайындалады. Бұл – ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам.
Тәжіктер «Навруз», «Бәйшешек», «Гүлгардон», «Гүлнавруз», «Хадир айиам», яғни, «үлкен мереке» аталған мейрам 20-21 наурызда өтеді. Мерекеге арнап бидай өнімінен суманақ асын дайындайды. Бұл елде де «с» әрпінен басталатын тағамдарға ерекше мән беріледі. Олар: суманак пен сипанд, сирке мен сэмени, сабзи және т.б. Бұл тағамдардан басқа үстелде айна, балауыз және боялған жұмыртқалар болады. Осы барлық аталғандардың символикалық мән-мағынасы бар: балауыз – адамды жаман рухтан сақтаушы жарық пен от, ал жұмыртқа мен айна – ескі жылдың аяқталуын білдіріп, жаңа жылдың алғашқы күнінің басталғанын сипаттайды. Ерлер жағы көкпар тартады. Оны «бузкаши» деп атайды.
Үндістан мұсылмандары да Наурыз мерекесін атап өтеді. Оларда айрықша ырымдар мен сенімдер жоқ. Мерекелік дастархан дайындалып, әдемі киім киініп, барлық нәрсені гүлмен көркемдейді. Мұнда да үлкен етіп от жағады және үндістер «кетер жылдың барлық сәтсіздіктері осы отпен бірге кетеді» деп сенген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі