Өнерлілер Қытайда өнерлерін көрсетіп қайтты

13 ақпан, 2012

Білімнің қарашаңырағы ҚазҰУ-да шексіз білім алумен қатар өнерлі жастарға қолдау үнемі қарастырылатыны көңілге қуаныш ұялатады. Жақында ректорымыз Ғ.М.Мұтановтың қолдау көрсетуімен бір топ ҚазҰУ студенттері мен қызметкерлері Ланьчжоу және Хайнань провинциясында өткен студенттік фестивальге қатысып қайтты.

Аталған бірінші студенттік фестиваль Қытай Халық Республикасының Шанхай ынтымастық ұйымына төрағалығы шеңберінде «Тату көршілік және достық жылы» ұраны негізінде ұйымдастырылған болатын. Негізгі мақсат ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің өнерлі жастарын әлемдік сахналарда бір-біріне таныстыру, тәжиірбе алмасу, болашақта тығыз қарым-қатынас жасау.

Делагацияны университеттің Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы басқарып барды. Сонымен қатар Еңлік Қайырсынова (халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы), Зита Сванбаева («Қобыз» және «Домбыра» үйірмелерінің жетекшісі), Әлібек Мұхамеджанов (философия және саясаттану факультетінің 1 курс магистранты, домбыра үйірмесінің мүшесі), Самал Жанатқызы (Экономика және бизнес мектебі факультетінің 1-курс студенті, «Эстрада және вокал» үйірмесінің мүшесі, әнші), Орынбасар Ташенов (механика-математика факультетінің 4 курс студенті, домбыра үйірмесінің мүшесі) барды.

Алдымен Ланьчжоу қаласында бірнеше күн әр мемлекеттен келген студенттер өз өнерлерін көрсетіп, дөңгелек үстел басына жиналып бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатты.

Одан кейін Хайнань провинциясының Санья қаласында да болып, Санья университетінде фестивалдің ашылуына қатысып, қазақтың әсем әнін, күмбірлеген домбырасын, қоңыр үнді қобызын танытып жалпы жұртты тәнті етті.

Фестивальге Қазақстан, Қытай, Ресей және Қырғыстан мемлекеттерінің түрлі университеттерінен студенттер қатысты. ҚазҰУ-дың өнерпаздары бұл концертте де аянып қалмады. Түрлі жанрдағы шығармаларды орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар шетелдік әріптестермен Янода демалыс орнында, мәдени-көпшілік орталарда, мұражайларда болды.

Зита Сванбаева, «Қобыз» және «Домбыра» үйірмелерінің жетекшісі:

Ланьчжоу университетінде қойған концертімізге сол жақта оқып жүрген қандастарымыз шексіз ризашылықтарын білдіріп жатты. Әсіресе, әнші Самал Жанатқызы Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін орындап, тамаша дауысымен жұртты таң қалдырды. Ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар», Нұрғиса Тілендиевтың «Махамбет» күй-поэмасы, Ричард Клайдерманның «История любви» шығармалары да көпшіліктің көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды. Ал, Чжеки Чанның қытай тіліндегі «Endless love» әнін біздің студенттеріміздің орындауында естіген жұрт мұндай өнерге дән риза болып, шексіз ықыластарын білдіріп жатты. Шет елде өз еліңнің қадірі, ұлттық болмысына деген шынайы ықыласты сезгенде өзіңді бақытты сезінеді екенсің. Негізгі концертіміз Хайнань провинциясының Санья қаласында өтті. Бұл концертте біздің университетіміздің мақтанышы тамаша дауыс иесі Самал Жанатқызы Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындағанда көрермендердің таңғалысында шек болмады. Арнайы музыкалық білімі жоқ болса да біздің студенттеріміздің орындау шеберлігі, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті әрбір қатысушыдан артық болмаса кем болмады десем артық айтпаған болар едім. Шетелде қазақтың қара домбырасымен Құрманғазының «Терісқақпайын» күмбірлеткен Мұхамеджанов Әлібек те көрермендердің толассыз қошеметіне ие болды.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Г. Ә. Сәрсенбекова:

Қай мемлекеттің болмасын болашағы – жастар. Осы тұрғыдан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері жастарының басын біріктірген 1 халықаралық жастар фестивалінің маңызы зор болды. Елі, жері, тілі бөлек әлем жастарын құдіреті күшті өнер біріктірді. Қазақстан Республикасы атынан барған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастары өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Ең қызығы және біз мақтанарлық жайт, фестивальға қатысқан оннан астам ЖОО ішінде музыкалық факультеті жоқ бірден бір университет бола тұрып, фестиваль бағдарламасына концерттік номерлері көп өткен университет біз болдық. Сонымен қатар басқа ЖОО делегация құрамы 18-20 студенттен тұрса, біздің делегация 6 адамнан тұрды. Соған қарамастан студенттеріміздің аспаптарда ойнау кәсіби шеберлігі, вокал, ұлттық нақыштарға бай сахна костюмдері, сахна мәдениетін жетік меңгергендігі, жалпы білімінің тереңдігі, сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетінің арқасында «фестиваль көзайымына» айналдық. Бұқаралық ақпарат құралдарының үнемі назарында болдық. Басқа елдердің университеттерінен тағы да бір оза шапқан тұсымыз – қарсы алушы елге, мәдениетіне деген құрметімізді айшықтаған арнайы қытай әнін қытай және қазақ тілінде орындаған бірден – бір мемелекет, бірден-бір ЖОО – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болды. Халық өте жоғары бағалап, болған қалалардың, жалпы кештердің барлығында қолқалап орындауымызды сұрап жатты.

Фестиваль ұйымдастырушылары тарапынан Қазақ ұлттық университетіне деген ықылас ерекше болды. Ланьчжоу ЖОО басшылары, оқытушы-профессорлар құрамымен ресми бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған қандай шара болмасын университетіміздің жетістіктері туралы терең толғаныс, мақтанышпен жеткіздік. Әрбір елден келген делегациялармен жеке-жеке кездесіп, сувенирлерімізді табыстап, университетаралық байланыстың аясын кеңейттік. Біздің делегацияның тағы бір ерекшелігі Қытай елінде оқып жүрген қандастарымызды, Қазақстан ЖОО-нан, соның ішінде ҚазҰУ-ден оқып жатқан студенттердің басын қоса білдік. Ланьчжоу университетінің басшылары көк байрағымызды жоғары көтерген біздің жанкүйерлеріміздің көптігін көргенде таңқалысын жасыра алмады. Уақыттың тапшылығына қарамастан қалашықтағы студенттердің тұратын жатақхана жайымен де таныстық. Қазақ халқының дарқандығы мен кеңпейілділігі жат елде де үстем құрды.

Студенттерге сапалы білім алумен қатар өнерін шыңдап, жан-жақты тұлға болып қалыптасып, дамуда барынша жағдай жасап жатқан ректорымыз Ғ.М. Мұтанов басқарып отырған университет ұжымына алғысымызды білдіреміз.

Мұхамеджанов Әлібек, философия және саясаттану факультетінің 1 курс магистранты:

Қытай елі – дамыған мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындаған мемлекет. Осы елдегі бірінші студенттік фестивальге қатысу, шетелдік үлкен сахналарда өнер көрсету мен үшін үлкен жетістік, зор бақыт болды. Әсіресе Хайнань провинциясында өткен бірнеше күн ерекше есімде қалды. Янода тропикалық демалыс орталығы өзінің табиғи болмысымен таң қалдырды. Сонымен қатар Ланчьжоу қаласындағы Қытай тарихынан сыр шертетін мұражай барлығымыздың есімізде қалды десем қателеспеймін. Жалпы Қытайға барған сапарымыз көптеген шетелдік өнерлі достар табуымызға өз септігін тигізді. Қытайдағы қандас бауырларымыздың қонақжайлығы ұнады. Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, Қытайды студенттердің білім алуына, өнерлерін шыңдауға бар мүмкіндік жасалған екен. Қазақстаннан келген әіресе ҚазҰУ жастарына деген ықылас қай қалада да сезіліп тұрды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Қазақстанның бірлігі жарасқан, жастары білімді, озық ойлы, өнері өршіл, болашаққа нық сеніммен бара жатқан елінің шын патриоттары екенін көрсетіп қайтты.

Студенттер клубы