Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен биылғы Наурыздың басты ерекшелігі – бір айға созылатын «Наурыз-арт» сурет көрмесінің ұйымдастырылуы. Көрме мерекені атап өтудің жаңа тұжырымдамасын толығымен қамтыды. Шыны керек, ҚазҰУ қабырғасында бұрын-соңды мұндай бай туынды ұсынған көрме ұйымдастырылған емес. Мұны көрме жұмысын тамашалауға келген оқытушылар мен қызметкерлер, қара шаңырақ қонақтары да айтып жатты. Көрмеге майталман суретшілермен бірге жас буын да тартылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Көркемсурет академиясының президенті Амандос Ақанаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көркемсурет академиясының академигі Нэлли Бубэ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Алпысбай Қазығұлов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Бейсебек Ақанаев, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ахмет Ахат, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Тоққожа Қожағұл және т.б. танымал суретшілер мен университеттің Асылхан Әбдірайым, Марат Жүнісбеков және Досжан Балабек сынды фотограф-оқытушылары өз жұмысын ортаға салды. Көрме университет оқытушы-профессорлары мен қызметкерлерінің, магистранттар мен студенттердің, сондай-ақ қонақтардың көз қуанышына айналып отыр.
Амандос АҚАНАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Наурыз мейрамы аясында Қазақ ұлттық университетінде суретшілердің көрмесі ұйымдастырылатыны туралы естігенде ерекше қуандым. Көрмеге қатысуға бірден келісімімді бердім. Жоғары оқу орнының қабырғасында көрме ұйымдастырылуы үлкен оқиға. Бұл жастарды, білім алушыларды мәртебелі өнерге баулиды. Ізгілікке, адамгершілікке, әдемілікке үндейді. Ерекше атап өткім келетіні – бұл университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасы екенін және сол кісінің қолдауымен өтіп отырғаны. Өйткені Жансейіт Қансейітұлы көркемсурет өнерін жақсы түсінеді, терең бағалай біледі. Енді қара шаңырақ жоғары оқу орнының бастамасын өзге оқу орындары да қолдап, қуаттаса бек разымыз.
Тоққожа ҚОЖАҒҰЛ, кескіндемеші, портретші, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры, «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР Көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті:
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен қара шаңырақ қабырғасында суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. ЖОО қабырғасында соңғы кездері көрме көп өтпейтіні құпия емес. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған Наурыз мерекесі аясында суретшілер көрмесінің ашылуы мейрамға ерекше мән, өң берді. Университетте өткен мерекенің тағы бір ерекшелігі – шетелдерден келіп оқып жатқан студенттер, елшіліктерден келген қонақтар өздерінің ұлттық киімдерін киіп, билерін билеп, әндерін шырқады. Қандай жарасымды! Бұл күні біздің, өнер адамдарының көңіл күйі ерекше көтеріңкі болды. Осының барлығы қазақ ұлтының мәдениетін, кеңпейілділігін, салт-дәстүрін, халықтар достығын, бірлікті бағалайтын ел екенін көрсетті. Наурыз рухани құндылықтың бастауы болу керек. Қара шаңырақ ҚазҰУ сол үдеден шыға білді.
Марлен НЫСАНБАЕВ, суретші-график, ҚР өнер қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясы президентінің орынбасары:
– Наурыз мерекесі қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Наурыз-Арт» суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері суретшілер көрмесі көп ұйымдастырылмайды. Жоғары оқу орындарының қабырғасында көрме өтпегелі де біраз болып қалды. Өздеріңіз білесіздер, өкінішке қарай, елімізде өнер нарығы дамымаған. Көркемөнер аукциондары жоқ, галереяларда тұрған картиналардың сатылымы мардымсыз. Өзім арт-менеджер ретінде суретшілерімізді Еуропаның Италия, Франция, Испания және т.б. елдеріндегі арт-галерея иелерімен таныстырамын. Олар қазақстандық суретшілердің шығармашылығын, туындыларын жақсы бағалайды. Шетелге шығу үшін, әрине, қаржы ресурстары керек. Суретшілерде ондай мүмкіндік бола бермейді. Ал мына ҚазҰУ ұйымдастырып отырған көрме қандай тамаша! Университетте қаншама оқытушы, студенттер бар. Келіп-кететін қонақтар бар, осылардың бәрі мына көрмені тамашаласа рухани күш алады. Жас суретшілер көпшілікке танылады.
Белгілі суретшілер Амандос Ақанаев, Нелли Бубэ сияқты суретшілермен бірге осы көрмеге қатысу мен үшін үлкен құрмет. Көрменің қойылу тәртібі маған өте ұнады. Отанымыздың ұлттық ерекшеліктерін, табиғат байлығын, мәдениеті мен тұрмысын өте керемет паш ететін көрме болды.
Жас суретшілерге айтарым, түрлі тақырыпта этюдтар жазып, материал жиыстырыңыздар. Мұның шығармашылыққа пайдасы өте зор.
Руслан АКАНАЕВ, художник-график, представитель направления «современный стим-панк», член Союза художников РК:
– Сегодня, после 30 лет хаотичности в мире искусства, растерянности наших художников и работников культуры, когда в этой области сохранились лишь отдельные фрагменты былого величия и точечно не утрачен уровень профессионализма, я с большой радостью поддерживаю все мероприятия, направленные на сохранение и развитие большого художественного наследия нашей страны.
В эти дни, когда в старейшем университете Казахстана проводится весенняя выставка, я благодарю за приглашение поучаствовать в этой праздничной экспозиции. Я горд за наш родной КазГУ и констатирую новый уровень отношения к духовной стороне нашей повседневности. Это прекрасный пример для всех, кому небезразлично будущее нашего государства и многонационального народа. Хочу выразить благодарность руководителям университета и организаторам!
Әлия ҚАБИҚОЖАЕВА, суретші:
– Жыл басы – Наурыз мейрамының Қазақ ұлттық университетінде жаңа сипатта тойлануы маған ерекше ұнады. Университет қабырғасында суретшілер көрмесінің ұйымдастырылып жатқанын естігенде үйде тыныш отыра алмадым. Ұйымдастырушылармен хабарласып, ұсыныс айтып едім, өтінішімді жерде қалдырмады. Көрмеге қойылған шығармалар өте мазмұнды. Мұнда ардагер суретшілермен бірге менің де шығармашылығым насихатталды. Өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Көрмеге келген қонақтар менің туындыларыммен танысып, автор ретінде маған сұрақтар қойды, шамам келгенше жауап бердім әрі көрменің бір ай бойы жұмыс істейтіні көңілімнен шықты.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ,
Қайыржан ТӨРЕЖАН