БӘРІ ДЕ ТАЛАП ПЕН ЕҢБЕККЕ БАЙЛАНЫСТЫ

28 наурыз, 2023

Ақнұр Жидебекқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары, PhD, қауымдастырылған профессор. Таяуда ҚР ҒЖБМ «2022 жылғы ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды.

Білім берудің барлық үш деңгейінде: «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бакалавриат, «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша магистратура және докторантурада Ақнұр Жидебекқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алды. Менеджмент кафедрасында оқытушы, аға оқытушы ретінде қызмет атқара жүріп, 2017 жылдың желтоқсанында «Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыруды басқару (жасыл технологиялар мысалында)» тақырыбындағы диссертациясын ағылшын тілінде сәтті қорғады. 2018 жылы деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл қызметін магистранттар мен докторанттарға Менеджмент кафедрасында сабақ берумен қоса атқарып жүр.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеру Ақнұр Жидебекқызына студенттердің пікірсайыс клубына белсене араласуға, түрлі ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасауға, отандық және халықаралық зерттеу жобаларына қатысуына мүмкіндік берді. Мәселен, ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын бірнеше жобаны орындауға қатысты. Қазір «Қазақстандағы циркулярлық экономиканы дамыту: әлеует, үрдістер, перспективалар» тақырыбындағы жобаның ғылыми жетекшісі.

2018-20 жылдар аралығында Ақнұр Жидебекқызы институционалдық үйлестіруші ретінде Еуроодақтың Erasmus+ бағдарламасының 800 мың евродан астам бюджеті бар «Жаңа әлеуметтік орта – ENINEDU-ге сәйкес жоғары білім мен корпоративтік секторлардың интеграциясын жақсарту» тақырыбындағы халықаралық жобасын іске асырды. Бұл жобаның мақсаты – оқу бағдарламаларында оқытудың заманауи әдістерін қолдану практикасын зерделеу және оқыту нәтижелерін өлшеу, әрбір әріптес ел үшін қолайлы бизнес-ЖОО ынтымақтастық жүйесінде кешенді стандартты дайындау, ЖОО-лардың бизнеспен ынтымақтастығына қатысты ЕО елдеріндегі эталондық ұлттық заңнама бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу. Бұл кәсіпкерлік саласында түлектерді сапалы даярлауға ықпал етеді.

Ақнұр Жидебекқызы ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Ол Сингапур, Корея, Норвегия, Австралияда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты. Испания, Ұлыбритания, Франция, Грекия, Словакия, Австралия, Эстонияда ғылыми тағылымдамадан өтті. Erasmus+ оқытушыларының ұтқырлық бағдарламасы аясында Нидерланды мен Польшада дәріс оқыды.

2019 жылы жас ғалым ҚазҰУ-дың «Үздік жас ғалым» байқауының жеңімпазы, 2021 жылы «Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның» иегері атанды. Сондай-ақ ол – Диссертациялық кеңестердің және ҚР ҒЖБССҚЕК ұсынған басылымдар тізбесіне кіретін ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі, «Farabi Journal of Social Sciences» журналының ғылыми редакторы. Профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттардың ғылыми және жарияланымдық белсенділігін арттыруға бағытталған вебинарлар сериясының авторы.

Ақнұр Жидебекқызы жас та болса 50-ден астам мақала жариялады. Оның ғылыми мақалалары инновациялық менеджменттің өзекті мәселелерін, сондай-ақ жасыл экономиканы, тұрақты дамуды, мемлекеттік және жергілікті басқаруды, жобаларды басқаруды зерттеуге арналған көптеген мәселелерді қамтиды. Scopus базасы бойынша Хирш индексі 5-ке тең.

«Ғылым жолы күрделі екенін білеміз, бұл жол сізді неге қызықтырды?» деген біздің сауалымызға ол былай жауап берді: «Ғылым жолын таңдауымның түп тамыры балалық шақта десем, еш қателеспеймін. Әріп танығалы кітап оқуға өте құмар болдым. Ата-анамның жылдар бойы жинаған асыл мұрасы мектеп бітіргенше рухани азық болды. Қазақ ертегілері мен батырлар жырынан бастап, тарихи, танымдық, ғылыми кітаптарға дейін бәрін бас алмай оқи бердім. Бастауыш сыныпта жүргенде ұстазымның «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына «ғалым дейін бе, әлде ғарышкер десем бе» деп көп ойланып барып, соңында ғалымдықты таңдағаным есімде».

Ақнұр Жидебекқызы мектепте де, университет қабырғасында да үнемі ізденісте жүріп, түрлі интеллектуалдық сайыстар мен пікірталастарға қатысты. Анығын айтқанда, аналитикалық ойлау қабілетін шыңдай түсті. Әрі ортасына қарай бой түзеп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы аға буын ғалымдардың терең біліміне, тәлім-тәрбиесіне, өсиет-өнегесіне тәнті болды. Докторантураны тамамдаған соң, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысып, біржолата еңбек жолын осы бағытқа арнады. Қазіргі таңда ғылым-білім саласында еңбек етіп жүргеніне еш өкінбейді.

Әңгіме арасында біз одан «Жалпы, ғалымның біздің қоғамда қадірі бар ма?» – деп сұрадық. «Қоғамда ғалым болып, ұстаздық ету жалақысы төмен, еңбегі елеусіз қалатын қызмет деген пікір қалыптасқаны жасырын емес. Алайда соңғы жылдардағы үкімет тарапынан қабылданған бірқатар шаралардың нәтижесінде оң өзгерістер орын алғанына куәміз. Ғалымдарға, әсіресе жас ғалымдарға қазіргі таңда өзі қалаған зерттеу тақырыбымен айналысып, қоғам игілігі үшін пайдалы нәтижелерге қол жеткізіп, оған қоса, материалдық жағдайын да түзетуге мүмкіндік көп. Барлығы адамның өз талабы мен еңбегіне байланысты. Мысалы, қазір жыл сайын докторантурада оқуға бөлінетін мемлекеттік грант саны едәуір артып, шәкіртақысы 195 мыңға жетті. 1000 грант «Жас ғалым» конкурсының аясында постдокторантураға бөлінді. Сондай-ақ жылына орта есеппен 50-60 млн теңге грант жеңіп алуға мүмкіндік беретін бірнеше байқау өтеді. Шет тілін білген білікті мамандарымыз халықаралық деңгейдегі гранттарды да жеңіп алуға мүмкіндік бар. Жаһандық ғылымның дамуы өзара әріптестік пен тәжірибе алмасуға негізделген, сәйкесінше, ғалымдарымыз халықаралық деңгейдегі конференциялар мен тағылымдамаларға да көптеп қатысуда. Мемлекет тарапынан да ғылыми-зерттеу нәтижелерін қалың оқырманға таныстыру, жетістіктерді дәріптеу сынды жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда, болашақта ғылымға ден қойып, осы салаға бет бұратын жастардың саны арта түседі деген сенімдемін», – дейді Ақнұр Жидебекқызы.

Әрине, ғылыми-зерттеу жұмыстары іргелі немесе қолданбалы сипатта болуы мүмкін. Әрі әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану-техникалық бағыттардағы ғылыми жұмыстардың мазмұны бөлек. Сондықтан, Ақнұр Жидебекқызының ойынша, ең бірінші кезекте зерттеу жұмысының мақсаты неде, нәтижесінде не күтетінін айқындап алған жөн. Өйткені іргелі зерттеу де, қолданбалы зерттеу де қоғам дамуы үшін бірдей маңызды.

                                                                       Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ