ШЕТЕЛДІК ТЫҢДАУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН КУРС
Бүгінде шетел тыңдаушылары мен сырттан келген қандастарымызға Отан тарихын оқытудың жаңа технологияларын қолдану әдісі білім беруде де, тәрбие беруде де өте тиімді. Тыңдаушыларға тарихи терминдерді, деректер, кестелер, тірек-сызбалар мен тақырыптарға қатысты суреттерді проектор арқылы слайдтармен көрсету арқылы түсіндіру оқытушы мен тыңдаушының уақытын үнемдейтіні белгілі. Сондай-ақ тыңдаушыға түсіну оңайға соғады әрі ой-өрісінің кеңеюіне, тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпалын тигізеді.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының оқытушылары өткен жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Академиялық және цифрлық инновациялар кеңсесі ұйымдастырған жаппай ашық онлайн курстарының байқауына қатысып, барлық кезеңнен мүлтіксіз өтіп, тегін онлайн курс түсіруге жолдама ұтып алған болатын. Курс авторлары: М.Ибрагимова, Ж.Жаппасов, У.Сандықбаева, Н.Мәжиқызы, С.Нүсіпбаева, Д.Зүлкәпіл. Курс «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын меңгерудің ұтымды тәсілдері» деп аталады. Таяуда сол курсымыздың түсірілімі аяқталып, тыңдаушыларға ұсынылады. Осы уақытқа дейін бағыт-бағдар беріп, видео түсіріп, онлайн курстың сапалы шығуына бар күш-қуатын салған, тегін курс түсіруге мүмкіндік жасаған университетіміздің Академиялық және цифрлық инновациялар кеңсесі ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Қорыта айтқанда, тарих пәнін түсіндіруде заманауи жаңа технологияларды қолдану оқытушыға сабақты жоғары сапада өткізуге пайдалы және тыңдаушының түсінігіне зор әсерін тигізіп, білім сапасын жоғары деңгейге көтереді. Сонымен қатар тыңдаушыларды оқуға ынталандыруға, олардың үлгерімі мен қызығушылығына ықпал етеді. Сондықтан да осындай түрлі әдістерді сабақта қолдану тыңдаушының тәрбиесіне де жақсы ықпал етеді.
Меруерт ИБРАГИМОВА,
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы