Қазаққа теориялық физиканың есігін ашқан ғалым

11 сәуір, 2023

Еліміздің ғылымы мен жоғары білімі саласында үлкен із қалдырған, қазақтан бірінші болып теориялық физиканың есігін ашып, төріне шыққан көрнекті ғалым, біліктілігі мен қоғам алдындағы азаматтығы тең тұлға Мейірхан Әбділдин биыл 85 жасқа толар еді. Саналы ғұмырында артында өшпес мол мұра қалдырған, шәкірт тәрбиелеп, соның ішінде Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясы бойынша ғылыми-зерттеу мектебін мұра етіп қалдырған өнегелі ұстаз Мейірхан Мүбаракұлы қазақ ғылымындағы шоқтығы биік ғалымдардың бірі.

Көзі тірісінде әлем ғалымдарын үлкен еңбегімен мойындатқан Мейірхан Әбділдин салыстырмалық және тартылыс теориясының қазақстандық мектебінің негізін салып, 250-ден астам ғылыми еңбек, үш монография жазды. Ол сондай-ақ ұлтжанды, мемлекетшіл азамат ретінде қоғамдағы түйткілді мәселелерді де ұдайы көтере жүріп, қашанда азаматтық ұстанымын жоғары қоя білді.

Айта кетейік, қазақ ғылымына көп еңбек қалдырған физика-математика ғылымдарының докторы, академик Мейірхан Әбділдин «Құрмет» орденінің және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері, Әл-Фараби атындағы алтын медальмен алғаш марапатталған қайраткерлердің бірі.

Мейірхан Мүбаракұлы 1938 жылы 16 наурызда РСФСР Алтай өлкесінің Троицк облысы Загайново ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1959 жылы лаборант болып бастап, ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейінгі барлық қызметтерді бірінен соң бірін атқара жүріп, ҚазМУ-дың тұңғыш сайланған ректоры болды, 40 жылдан аса өз университетінің Теориялық физика кафедрасының меңгерушісі бола жүріп, бүгінде ғылым жолында еңбек етіп жүрген шәкірттерді де тәрбиеледі.

Негізгі ғылыми еңбектері жалпы салыстырмалық теориясындағы (ЖСТ) денелердің қозғалысы мәселесіне арналған. Айталық, қаламынан жарық көрген «Эйнштейннің тартылыс теориясының механикасы» атты алғашқы кітабы және «Теориялық физикадағы іргелі өзара әрекеттесу мәселелерін зерттеу», «Жалпы салыстырмалық теориясындағы денелердің қозғалысы мәселесі» сынды еңбектері физика ғылымы саласында жақсы жаңалық ретінде жоғары бағасын алды. Мұнан өзге, ғалымның әлем ғалымдарын таңғалдырып, мойындатқан басқа да еңбектері жетерлік. Сол ерен еңбектері үшін шетелдік әріптестері құрмет тұтады.

М.Әбділдин іргелі зерттеулердің «Теориялық физика» республикалық басым бағытына жетекші болды. ҚР ҰҒА шеңберінде «Гравитациялық, электромагниттік, күшті және әлсіз әрекеттесулерді теориялық зерттеу» іргелі ғылыми-зерттеу бағдарламасын басқарды.

Қазақстандағы «Теориялық физика және жылу физикасы» мамандықтары бойынша Д.14/А.01.01 докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі алғашқы кеңестің төрағасы болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде алғаш құрылған Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының негізін салушылардың бірі.

Оның еңбектерін дүниежүзіндегі ең атақты ғылыми қауымдастықтар мойындады. Ол Ресей гравитация қоғамы президиумының мүшесі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Халықаралық жоғары білім ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасы Жоғары білім ғылым академиясының академигі болды, Қазақстан Жоғары аттестаттау комиссиясы президиумының мүшесі, 9-шы және 10-шы Ресей гравитациялық конференцияларының (Новгород, 1996; Владимир, 1999), сондай-ақ «Кванттық өріс теориясы және гравитация» (Томск, 1997) және т.б. Салыстырмалық және тартылыс теориясы бойынша бірқатар халықаралық конференциялардың үйлестіру комитетінің мүшесі (Иерусалим, 1997; Рим, 2000; Рио-де-Жанейро, 2003; Берлин, 2006). Оның ғылыми жетекшілігімен жиырмаға жуық кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалған.

Оның ғылыми нәтижелері америкалық физик А.Траутманның жалпы салыстырмалылық теориясының 50 жылдығына арналған мақаласында (Успехи физических наук, КСРО ҒА, 89-том, 1-шығарылым, 1966 ж. мамыр, 30-бет) және А.Эйнштейннің туғанына 100 жыл толуына орай, Берлинде өткен мерейтойлық конференцияда (Физика мәселелері кітабында, М, Мир, 1982, 150-бет) аталып өтті. Бұл нәтижелер жалпы салыстырмалық теориясы бойынша 15-ші халықаралық конференция материалдарында толық талқыланды.

Көрнекті ғалым, тамаша тұлға және қазақ халқының ардақты перзенті Мейірхан Мүбаракұлы Әбділдиннің жарқын естелігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ұстаздың өмірден өткеніне он жылдан асса да, ол кісі айтқан өсиеттер мен естеліктер өмір бойы жадымда қалды. Мен оны өзімнің ұстазым деп атағанымды мақтан тұтамын және бүгінгідей азамат болып қалыптасуыма көп ықпал еткені үшін оған алғысым шексіз. Арасына жыл салып 12 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінде өтетін «Әбділдин оқулары» атты дәстүрлі халықаралық конференция шәкірттерінің ұстазға арналған ескерткіштерінің бірі болып табылады деп сенемін.

 

Нұрзада Бейсен,

ф.-м.ғ.к., қауымдастырылған профессор,

физика-техникалық факультетінің деканы