Ғылым табыс көзіне айналуға тиіс

12 сәуір, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген  мақаласы

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайланған Парламент сессиясының ашылуында: «Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет», деп атап өтті.

Ел Президенті барлық баяндамалары мен мақалаларында, Жолдаулары мен үндеулерінде, сондай-ақ сайлауалды бағдарламасында да ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуды үнемі назарда ұстап келеді. Ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты және ұлттық ғылыми жүйені басқаруды жетіл­діру мақсатында Қазақстан Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Сонымен қатар жақында ел Үкі­меті отандық ғылымның бәсекеге қа­білет­тілігін арттырып, ұлттық деңгей­дегі өзекті проблемаларын шешу үшін жоғары білімді және ғылымды дамы­тудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Енді жоғары оқу орындары өз қызметінде осындай мақсатты бағдарламалар мен нормативті құжаттарды басшылыққа ала отырып, ізденістерін жалғастырады.

Қазіргі уақыт жаңа технологияларды ойлап тауып, өндіріске енгізуді, инно­вациялық үдерістер мен зертханаларды жандандыруды, университет ғылымын дамытып, ғылыми мамандар даярлауды талап етеді. Осы бағытта Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесі берілген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ел экономикасының өркендеуіне атсалысып, пайда әкелетін ғылыми-инно­вациялық жобаларды жүзеге асыру үшін алдына жаңа міндеттер қойып отыр. «QS WUR» халықаралық рейтингінде 150-орынға ие ҚазҰУ 2022-2026 жыл­дарға арналған Даму бағдарламасын әзір­леген болатын. Құжатта жоғары оқу ор­нының мүмкіндіктері, мемлекеттік сая­сат және еліміздің жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйе­сіндегі заманауи трендтер ескерілді. Негізгі мақсат – әлемдік деңгейдегі зерттеу уни­верситетіне трансформациялану. Ал транс­формация кезінде университет бас­­ты төрт стратегиялық міндетті орындай­ды.

Біріншіден, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызметті және білім беру үдерісін интеграциялау.

Екіншіден, университетте білім бе­рудің перспективалы моделін қалып­тастыру және академиялық көш­басшы­лықты қамтамасыз ету.

Үшіншіден, университет ғылымының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыру.

Төртіншіден, университеттің орнық­ты дамуын қамтамасыз ету үшін корпо­ративтік басқарудың тиімді моделін құру.

Аталған стратегиялық міндеттерді орындау үлкен мүмкіндіктерге жол аша­ды. Атап айтқанда, осы күнге дейін жо­баларын түрлі жағдайларға байланысты өндіріске жеткізе алмаған ғалымдар зерттеулерін жетілдіріп қана қоймай, әрі қарай коммерцияландыра алады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін интеграциялау міндеті үлкен маңызға ие. Бұл ретте ғылым, білім беру және өндіріс сала­сындағы интеграциялық үдерістер тоғы­сатын ортақ буын – университет. Сондықтан зерттеу бағ­дар­ламаларын іске асыру кезінде ең алдымен өндірістік саланың тапсырысы бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеу­лер мен әзірлемелерді дамыту талап етіледі. Бұған қоса, білім беру, ғылым және өндіріс арасын бай­ланыстыратын инновациялық инфра­құры­лымды же­тіл­діріп, ғылыми-инно­вациялық ор­талықтар, технопарктер құру, жұмысты жандандыру іс-шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ «Ғылым ордасы» мен ғы­лыми-зерттеу институттарының тығыз ин­тегра­циясы оқу орнының ынты­мақтастық аясын ке­ңейте түспек.

Бүгінде университетте ғылыми жо­балар­дың инвестициялық тартымды­лығын арттыру үшін нақты сектордың технологиялық міндеттерін жинақтау тетігі әзірленді. Осы мақсатта біз ғы­­лыми-зерттеу зертханалары мен ұжым­дық пай­далану орталықтарының базасын ке­ңейтеміз. Оқытушы-про­фессорлар құ­рамы мен білім алушылар ғылыми-зерттеу қызметіне және ғылыми жобаларды іске асыруға жан-жақты тартылады. Әлемдік ғылыми кеңістікке интеграцияны арттыру ҚазҰУ ғалымдарының әлемдік жетекші ғылыми және зерт­ханалық ке­шендер базасындағы халық­аралық ұжымдарға қатысуы ар­қылы жүзеге асырылатын болады. Со­нымен қатар халық­аралық коллаборацияны дамыту мақсатында ғалымдардың ғылыми тағы­лымдамаларының саны артады. Уни­верситет неғұрлым өзекті бағыттар бойынша ғылыми жобаларды орындау мақ­сатында қазақстандық және халықаралық жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу ұйым­дарымен ын­тымақтастықты кеңей­теді.

Ал университеттің зерттеу әлеуеті плазма физикасы, жоғары молекулалық қо­сылыстар химиясы, математикалық және компьютерлік модельдеу, биотехно­логия, молекулалық биология және ге­не­тика, қоғамдық денсаулық сақтау, тарих және археология, психология сынды ғы­­лыми мектептерді дамыту арқылы артады.

Университет ғылымының басым бағыт­тарын анықтауға бағытталған пән­аралық зерттеу топтары құрылады. Осы бағыттарға ғылыми әлеует пен ресурстарды шоғырландыра отырып, ғылыми зерттеулер нәтижелерінің инвес­тициялық тартымдылығын, технологиялар трансфертін және коммерцияландыруды қамтамасыз ете аламыз.

Оқытушылар мен білім алушылардың зерттеушілік құзыреттерін арттыру мақ­сатында қазақстандық және халық­аралық ұйымдардың жетекші сарапшыларын тарта отырып, ғылыми зерттеулердің ке­шенді әдістерін пайдалану және ғылы­ми жарияланымдар мен гранттарға өтінімдер дайындау дағдыларына оқыту бойынша тренингтер ұйымдастырылатын болады.

Коммерциялық әлеуеті бар, ғылымды қажет ететін және инновациялық жобаларды орындау үшін университеттің бюд­жеттен тыс қаражаты есебінен грант­тық қолдау жүйесі енгізіледі. Іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым ба­ғыттары бойынша ғылыми зертханалар мен орталықтарды түбегейлі жаңарту жүзеге асырылады. Озық жаб­дықтармен және цифрлық технологиялармен жабдықтау ҚазҰУ-дың ғылыми-зияткерлік ортасын құруға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттарда жүйелі жұмыс істеу үшін қазіргі таңда ғылыми кадрлардың әлеуеті жеткілікті. Университетте ҰҒА, КҒА-ның 22 академигі, ҰҒА-ның 11 кор­респондент-мүшесі, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты, 585 ғылым докторы, 489 PhD, 801 ғылым кандидаты еңбек етеді.

Былтырдан бері ғылыми институттармен және ұйымдармен өзара интеграция күшейтілді. Әлемдік тенденцияларды зерделей отырып, ҚазҰУ-да бала­малы энергетика, гендік инженерия, «BigData», «DataScience», трансляциялық медицина, ультра дәлдіктегі нейрондық жүйелер, киберқорғаныс, нейробиология ғылыми бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын оқу үдерісіне ен­гіздік. Бұл мамандықтар Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы үшін үлкен пайда әкеледі деген сенімдеміз.

Бүгінгі таңда университетіміз бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар ірі зияткерлік корпорацияға айналды. 16 факультеттен, 8 ғылыми-зерттеу институтынан, физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығынан, ғылыми-технологиялық парктен, ашық үл­гідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханадан, 6 институт пен 12 әлеуметтік-гума­нитарлық бейіндегі ғылыми-зерт­теу орталығынан, 3 ғылыми-зерттеу орта­­лығынан, зертханалар және жараты­лыс­тану бейінді институтынан, 97 өндірістік филиалдан құралады. Жыл сайын ғалым­дар тарапынан жалпы саны 8 млрд тең­геден асатын 300 ғылыми-техникалық жоба мен түрлі бағдарлама дайындалады.

ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми инновация саласы бойынша да қоғамға айтар жаңалығы бар. Мәселен, университеттің биотехнология кафедрасының доценті Людмила Игнатова бактериялардың көмегімен экологиялық таза, суда ері­гіш­тік және ыдырау қасиеттері бар био­логиялық пластик ойлап тапты. Био­пластиканы шығару үшін биореактор, өсіру ортасы және штамм жеткілікті. Материалдың өзін өнеркәсіптік ауқымда өндіруге болады. Биопластик мұнайдан алынған пластикті алмастыра алады. Осылайша, жақын болашақта пластмасса дәуірі өткенге айналуы мүмкін. Жаһандану дәуірінде адамзат үшін экология мен адамдардың денсаулығын қолдайтын пайдалы заттар жасау қажет. Осы тұрғыдан ҚазҰУ ғалымдарының жаңалығы қазіргі заманның ең үлкен жетістігі болуы мүмкін.

Сондай-ақ ҚазҰУ технологияларды коммерцияландыруға арналған 2 млрд теңгеден астам гранттық қаражатты игерді. 1400-ке жуық өнертабыс патент­телді. Университетте 10-нан астам ин­новациялық өндіріс жұмыс істейді. Атап айтқанда, шунгит концентраты, полиэфирлі шайыр, газразрядты шам­дар, дәрілік заттар мен көміртекті нано­құрылымдарды және тағы басқа инно­вациялық өнім шығаратын шағын цехтар іске қосылған. Жалпы, университет бойынша ғалымдарымыз әзірлеген 100-ден астам ғылыми-зерттеу жобасы бар. Студенттік бизнес-инкубатор шеңберінде 70-тен астам студенттік инновациялық жоба жүзеге асырылуда.

ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық паркі «ТрансНефть» Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесіп «Ұлутас плиткаларына жағуға арналған сұйық түрдегі кальций карбонатынан алынған поликристалды сынғыш ұнтақты тау жыныстарының бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасының жұмыс барысын бақылайды.

Тағы да бір инновациялық жоба – «Мұнай ұңғымаларын асфальт-шайыр-парафинді және гидратты шөгінділерден тазарту технологиясы». Ғалымдар әзір­леген мұнай шөгінділерін тазарту автоматты қондырғысы мұнай қағын циклдік және күнделікті өндіріс кезінде тазартады. Мұндай үрдіс мұнайды үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. Бұл құрылғы оңай­лықпен тозбайды, оның тозуға төзім­ділігі өте жоғары. Құрылғыны пай­далану қолданыстағы тазалауға ар­налған операциялық шығындарды 80 пайызға дейін оңтайландырып, тазалау кезін­де мұнайдың жоғалуынан сақтайды. Сондай-ақ оның төгілу қаупін азайтуға мүм­кіндік беріп, жұмыс кезінде адамға теріс әсерін азайтады.

Университет ғылымының нәтижесі ел экономикасы мен тұтас қоғамға пайда әкелуі тиіс. Осы мақсаттағы ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығы базасында өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдердің аз тоннажды өндірісі іске қосылды. ҚазҰУ профессоры Жанар Жеңіс жетекшілік ететін бұл жобаға Қытай Халық Респуб­ликасы тарапынан арнайы грант бөлінді. Қазіргі сәтте үздіксіз жұмыс істеп, ас­қынған респираторлық-вирустық инфек­циялардың таралуына қарсы мульти-табиғи қоспалар шығарылып жатыр.

Ал 12 сәуірде, яғни бүгін «Астана» халық­аралық қаржы орталығында өтетін Технологияларды коммерцияландыру реак­торына ҚазҰУ-дың үш ғылыми жо­басы іріктеліп алынды. Ірі бизнес өкілдері қатысатын ауқымды жиында «NANOQUQIRT» жаңа препаратын өндіру және Қазақстан нарығына шы­ғару жобасының жетекшісі, ҚазҰУ профес­соры Мұхамбетқали Бүркітбаев, «Жақ­сартылған сипаттамалары бар полиэфирлі шайырларға негізделген бояу материалдарын алудың жаңа технологиясы» жобасының жетекшісі, қауымдастырылған профессорымыз Ғалия Ирмұхаметова, «Жеміс-жидек дақылдарын терең өңдеу үшін мұздату, кептіру үдерісін пайдалану» жобасының жетекшісі, физика-химиялық талдау әдіст­ері орталығының аға ғылыми қыз­меткері, PhD Ербол Ихсанов өз жобаларын таныстырады. Бұл ға­лымдарға ком­мерцияландыруға дайын жобаларын бизнес-әріптестік арқылы одан әрі да­мытуға және өндіріске кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми инновациялық жобалары мен олардың зияткерлік мен­шіктері ғалымдар үшін де, бизнес өкілдері үшін де аса құнды актив.

Зерттеу университеті мәртебесі бізден ғылыми бағыттарды тереңдетуді талап етеді. Осы орайда университетте студент­тер мен жас ғалымдардың кәсіби бағы­тын арттыру мақсатында және олардың болашақ мамандықтары бо­йынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретін бір­қатар нақты шаралар қолға алынып жатыр. Бүгінде әр кафедра мен факуль­теттің ғылыми жобаларына талдау жасау арқылы экономикалық әсерін анықтап отырмыз. Жобаларды қалалар мен жалпы елдегі белгілі бір мәселелерді ше­шуге тікелей байланысты өзекті тақы­рыптар бойынша бөлу маңызды. Ком­мер­цияландыруға әлеуетті ғылыми жобалар экономиканың нақты секторына жұмыс істеуі керек. Жобалардың тақырыбын мемлекеттік бағдарламаларға назар аудара отырып, өндірістік сектормен байланыс орнату арқылы таңдауға басымдық берілді.

Университеттегі барлық ғылыми жо­­баны саралап, өндіріске қажетті­лерін іріктеп, коммерцияландыру тетік­терін жетілдіру үшін ҚазҰУ жаны­нан «Ғылымды дамыту кеңесі» жасақта­лып жатыр. Бұған қоса, алдағы уақытта ғалым­дарымызға қолдау көрсету, университет ғылымын ілгерілету және дамыту мақ­сатында «Ғылыми инновациялық белдеу» құруды көздеп отырмыз.

Жас ғалымдардың, талантты студент­тердің шығармашылық, ғылыми әлеуетін дамытуда университет барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Олармен еркін форматта кездесіп, ғылымдағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңа ұсы­ныс-идеяларды саралап отыру үшін «Жас ғалымдар клубы» мен ғылыми әзірле­мелерді өндіріске енгізуге жол ашатын «Жас ғалымдар қоры» құрылмақ.

Қорыта айтқанда, жаңа Қазақстанның қалыптасуы елдегі ғылым және ғылымды қажет ететін технологиялардың дамуына тікелей байланысты. Ал ғылымның іл­герілеуі ғалымдардың еңбектерімен және олардың жаңалықтарының құнды­лығымен анықталады. Сондықтан бүгінгі таңда университет ғылымын дамыту – бәрімізге ортақ міндет.

 

Egemen Qazaqstan

12 сәуір 2023 ж.