Әсима КӨШІМ, география ғылымының докторы, профессор: Табиғи-техногенді қауіп-қатерді шешу – ғалымдар еншісінде

11 сәуір, 2023

Заманауи жаһандану кезеңінде ғылым мен техниканың қарқынды дамуына байланысты «ғылым қоғамды жарқын болашаққа жетелейді» деп есептейтін технооптимистік және «ғылым адамдарды техниканың құлына айналдыратын қасірет» деп санайтын технопессимистік бағыттағы көзқарас қалыптасып отыр. Әрбір бағыттың өкілдері өз ойын негіздеп бағуда. Осы қарама-қарсы бағыттағы көзқарастарды ескере отырып, бүгінгі таңда қалыптасқан күрделі экологиялық, табиғи-техногендік жағдайларды оңтайлы шешу, яғни қоғам алдына қоятын тарихтың талабына және оған берілетін қоғамның жауабына үйлесетін реалистік жол табу ғалымдар үлесінде. Осындай ғылыми ізденістерді негізге алған ҚазҰУ-дың бір топ ғалымдары география ғылымының докторы, профессор Әсима Көшімнің жетекшілігімен мәселені зерттеп қана қоймай, оны шешуге өзіндік үлес қосатын, яғни сұранысқа ие мамандарды даярлауға кірісіп кетті.

Статистикаға жүгінетін болсақ, соңғы жылдары табиғи-техногендік қауіп-қатерлердің жиілеп кеткені байқалады. Олардың спектрі жойқын зілзалалардан климаттың ғаламдық өзгеруіне, тіптен жердің ғарыштық денелермен соқтығысу қаупіне дейін кеңінен таралған. Қазіргі әлемдегі табиғи және техногендік апаттар терең әлеуметтік күйзелістерді, адамның өлімі мен қайғы-қасіретін тудыратыны және үлкен материалдық шығын әкелетіні белгілі. «Қоғам қауіпсіздігінің жалпы мәселесінде олар тұрақты дамуға кедергі келтіретін маңызды тұрақсыздандырушы факторлардың бірі ретінде жиі қарастырылуда», – дейді профессор Әсима Ғалымжанқызы.

Континенталды аймақта орналасқан Қазақстанда геоморфологиялық, геологиялық, климаттық және ландшафтық жағдайлардың алуантүрлілігінен қолайсыз және қауіпті табиғи процестер мен құбылыстардың болуы әбден мүмкін. Біріншіден, ұзақ құрғақшылық, қарлы және шаңды дауылдар аумақтың орталық және солтүстік-шығыс бөлігіне тән. Сондай-ақ су тасқыны мен жер сілкінісі шығыс және оңтүстік аймақтарда көрініс алады. Қазақстан аумағында елеулі табиғи катаклизмдерді тудыруы мүмкін жаһандық деңгейдегі қауіп төндіретін факторлардың пайда болуын да назарға алған жөн. Бұл жаһандық жылыну мәселесі, мұздықтардың еруі, мұхиттағы су деңгейінің көтерілуі, шөлейттену, ұзаққа созылған құрғақшылық сияқты табиғи апаттарды тудырады деп болжануда. Осындай жағдайда Қазақстанның халқы көп қоныстанған тау өңірлеріне сел тасқыны қаупі төнеді. Ал далалық аймақта орналасқан елдің орталығы ұзақ құрғақшылық қаупіне душар болады.

Қауіпті процестердің бірі – жер сілкінісі. Республика аумағында 50-ден астам сейсмикалық белсенді аймақ орналасқан. Олар жер сілкінісінің қарқындылығы 7-8 балға жететін оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарды қамтиды. Өйткені бұл аумақ Еуразияның сейсмикалық белсенді белдеулері жүйесіне кіреді және қарқынды геодинамикалық процестермен сипатталады.

Қоршаған ортаға антропогендік жүктеменің күрт артуының, табиғи және техногендік факторлардан туындайтын табиғи-техногендік және экологиялық қауіптер мен қатерлердің қазіргі жағдайында планетарлық, аймақтық және жергілікті деңгейлерде шешілуі қажет пәнаралық сипаттағы проблемалардың кең ауқымы пайда болды. Бұл проблемалар жаңа ғылыми бағытты – табиғи-техногендік қауіпті-қатерлерді зерттеуге себеп болып отыр.

Осыған байланысты соңғы жылдары әлемде ғана емес, біздің Қазақстанда да жиілеп кеткен табиғи және табиғи-техногендік құбылыстар мен процестерді талдап, бағалау үшін ғылыми ақпаратты пайдалануға, бұл ретте туындайтын табиғи қатерлердің мәнін айқындауға, инновациялық әдістер мен технологиялар негізінде олардың даму серпінін болжауға және модельдеуге қабілетті география ғылымы саласында білікті мамандар даярлау қажеттілігі туындады.

Жоғары және орта мектептер біз атаған міндеттерді шешуге, сондай-ақ жас ұрпақтың ел қауіпсіздігінің болашағы үшін жауапты ойлауын қалыптастыруға қабілетті географ-мамандарға мұқтаж. Осыған байланысты 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Табиғи-техногендік қауіпті қатерлер» атты білім беру бағдарламасы бойынша география ғылымы саласында мамандарды үш деңгейде: бакалаврлар, магистрлар және докторанттар даярлауда республикада бірінші бастамашы болды. Білім беру бағдарламасының ерекшелігі – оның Қазақстан Республикасында аналогі жоқ екенінде. Ол алғаш рет қолданысқа енгізіледі.

Бағдарлама Әсима Көшімнің жетекшілігімен жақын және алыс шетелдердің осы бағытта мамандар даярлауда тәжірибесі бар көшбасшы жоғары оқу орындарының бағдарламаларын талдау негізінде әзірленді: М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Томск мемлекеттік университеті, Новосибирск мемлекеттік университеті, Қоршаған орта және жер туралы ғылым институты, Батыс Венгрия университеті, Калифорния университеті (АҚШ): UC Berkekey (Departament Earth and Planetary), Калифорния университеті (АҚШ): UA San-Diego (Departament Environmental System Program), Цюрих университеті (Швейцария): University of Zurich (Departament of Geography).

Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін факультетте жеткілікті түрде жабдықталған материалдық-техникалық база және білікті кадрлар қызмет етеді. Сондай-ақ шарт жасалған практика базасы бар: Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар және апатты қауіп-қатерлерді азайту жөніндегі орталық, өңірлік ТЖ департаменттері, Сейсмология институты, ҚР БҒМ География және су қауіпсіздігі институты, Қ.Сәтбаев атындағы геология институты, Ахмедсафин атындағы Гидрология және геоэкология институты, Жер ресурстарының әкімшілік комитеттері, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ атсалысты.

2021 жылы «Табиғи-техногенді қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасының магистратурасын алғашқы түлектер бітіріп шықты. Олар қазір алған мамандығына сәйкес жұмыс істеп жүр. Сол жылы бакалавриатқа көптеген студенттер қабылданды, бүгінде олар осы бағдарламаны игеруде.

«Уақыт өте келе бұл бағдарламаны танып, біліп және ол «Қоршаған орта» бағытындағы басқа білім беру бағдарламаларының арасында өзінің лайықты орнын алады деп үміттенеміз. Өйткені уақыттың өзі қауіпті табиғи процестер мен құбылыстарды зерттейтін және олармен бірге пайда болатын техногендік және экологиялық қауіптерді залалсыздандыру мақсатында талмай еңбек ететін мамандарға арналған», – дейді профессор Әсима Көшім.

 Ақтоты БЕКЖАНОВА,

Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы