Рухы биік ел құлдырамайды. Ал, ел ертеңі – жастарға биік рухты қалай бере аламыз. Бұл сұрақтардың үддесінен шығу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастарға, қоғамға ой салатын жоба жасады. Бұл жоба «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталады.
17 ақпанда қара шаңырақта ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов бастап, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистика және филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері аталмыш жобаны талқылау үшін арнайы бас қосты. Бұқараны ашық әңгімеге, еркін пікір алаңына шақырған Ғалым Мұтанов өз елінің тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын терең меңгермеген жас қандай маман болмағындығына алаңдап, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары, көзі ашық, көкірегі ояу маман қалыптастыру үшін жастарды кітап оқуға үндеуді күн тәртібіне қойды.
«Адам өмір бойы оқуы керек», - дейді ректор, сол ретте бүгінгі жоба дүниеге келіп отырғандығын айтып: «Бұл алғашқы бастама. Бұл кітаптардың тізімі толыға бермек. Біздің мақсат – ҚазҰУ-ға оқуға келген жас студенттік төрт жылда жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет. Міне, «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы осындай мақсатта қолға алынып отыр. Бұл рухани, үлкен жоба. Әр университет өз түлегімен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған кадрларымыз рухани дүниемен сусындап шықса, мықты маман болары сөзсіз», - деп ойын сабақтады.
Қара шаңырақ бастама танытып отырған бұл жобаға бүгінде барлық факультеттерде талқыланып, үлкен Ғылыми кеңесте бекітілген жүз көркем туынды тізімі ұсынылған. Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, жыр алыбы Жамбыл, алдаспан ақын Махамбет, әлемдік классиканың дарабозы сынды біртуар тұлғаларымыздың қаламынан қалған бай мұралар мен жалпы қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің алтын қорындағы аса құнды шығармалары орын алған. Жобаға пікір білдірген зиялы қауым өкілдері де, жастар да үлкен ынтамен ой бөлісті. Профессор Өмірхан Әбдіманов: «Бұл бастама қажет нәрсе. Әдебиет құнарымен нәр алмаған бала, бесіксіз өскен бала сияқты. Абай, Ахмет, Мағжандардың кесек-кесек дүниелерін оқуға жастарды тарту оң нәтиже береді», - десе, профессор Кәкен Хамзин: «Эстетиканың барлығы – көркем әдебиетте. Барлық ғылым, барлық пән сабақтас. Студент оқуға тиіс 100 кітап идеясы көкейге қонымды. Бұл гуманитарлық саладағы жобалардың басы деп есептеймін. Халықты, ұлтты өсіру үшін мұндай жобаларды күн тәртібінен түсірмеу керек», - деген ойын жеткізді.
Талқы барысында сөз алған студенттер қауымы да бұл жобаға аса назар аударып, оларға игілікті іс жасалып отырғандығын айтты. Аға буын өкілдерінің кітап, көркем әдебиет, әдеби шығарма оқудағы айтқан артықшылықтары мен терең маңызды ойлары жастарға түрткі болды. Олар көкжиектің кеңеюі, білімнің қонымды, ойдың жүйрік болуы кітапта жатқандығын тағы бір сезініп, өз алдарына кітапханаға жиі бас сұғуды міндеттеп, жүз кітап оқуға дайын екендіктерін баяндады. Жастар қауымы атынан сөз алған ҚазҰУ-дың 2 курс магистранты, ҚазҰУ Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Сәуле Ишанғалиева студенттерді кітап оқуға қызықтырып, саналы түрде бой ұсынуы үшін алдағы уақытта интелектуалды ойындар, жарыстар, олимпиадалар ұйымдастыруға бел буды.
Жалындаған жастардың өздері де басшылық ұсынып отырған жобаға қызығушылық танытып отырғандығы қуантты. «Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру негізгі міндетіміз. Тізімді жаңадан бастадық, ол үздіксіз жалғаса береді. Рухы мықты болса, әр адамның мәдениеті де жоғары болады. Адамның рухани байлығына қарап қоғам да байиды. Біз бұл жоба арқылы болашаққа ықпал ете аламыз», - деген ректор Ғалым Мұтанұлының сөзі талқыда кезек-кезегімен ғалымдармен жарыса сөз алып, ойларын ортаға салған жастар қарасын бір сілкінтіп, ықпал еткені анық байқалды. Жобаның алғашқы талқы отырысы бүгіннен бастап біршама студентке ой салып, кітап оқуға түрткі болып отырғандығы аңғарылды. «Көркем әдебиетті оқуға студенттері міндеттеу керек. Әдебиетке келген кез келген маман алға жылжитынын қоғам дәлелдеп отыр», - дейді жазушы Құл Керім Елемес, ал профессор Анар Салқынбай: «Кітап оқуды студенттердің рухани қажеттілігіне айналдыру керек. Бүгінде дәріс оқып жүрген студенттерден байқайтыным, олар өте жалынды, білуге ұмтылысы зор жастар. Ал, бүгінгі жоба арқылы қара шаңырақ қоғамға үлкен рухани үндеу тастап отыр», - деген пікірімен бөлісті.
Талқы соңында профессор, ғалым филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы жоба аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарға үндеу жариялады. Үндеу мазмұны: «...Университеттің осынау бастамасын Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студент жастар үлкен ықыласпен қабылдап, жан-жақсы қолдау көрсететініне сенім артамыз.
Рухани діңгегі мықты, ел тәуелсіздігінің іргетасы оның ұлттық идеологиясы болып саналатын мемлекеттердің болашағы әрдайым жарқын және сенімді болатындығы белгілі. Сондықтан да руханиятымыздың қазіргі жаһандану үдерісінде жұтылып кетпеуі үшін, ең бастысы, қазақ елінің ертеңгі болашағы жарқын, тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы үшін біз бүгіннен бастап студент жастарымызға қазақ әдебиетінің үш мың жылдық тарихында дүниеге келген қадау-қадау көркем шығармаларымызды және әлем әдебиетін міндетті түрде қолға алуды қажет деп санаймыз», - деп көрсетілген.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі