"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет
22 ақпан 2012 ж
Баян ЕРМЕКБАЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, Еуразия экономикалық академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Қазақстан дағдарыстан қорықпауы керек
- Баян Жүндібайқызы, Елбасы Н.Назарбаев әр жылы Қазақстан халқына Жолдау арнап келе жатқаны мәлім. Ал енді сол жолдаулардың нәтижелері туралы маман ретінде не айтар едіңіз?
- Егеменді ел болған алғашқы күндерімізден бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев, тәуелсіздіктің тұғыры экономикада екенін айтып келеді. Экономика - тәуелсіздіктің діңгегі, экономиканы дамытпай, ешқандай саяси-әлеуметтік жетістікке жете алмаймыз, егеменді ел де бола алмаймыз. Алып мемлекет - КСРО-ның тарап кетуінің себебі де дұрыс басқарылмаған экономиканың нәтижесі десек, артық айтқандығымыз емес. Ал егемендіктің алғашқы жылдары экономика саласында бір қоғамнан екінші қоғамға ауысу жағдайын бастан кешірдік. Нарықтық экономика бізге жат құбылыс болған еді, тәжірибеміз жоқ, экономиканың қызмет ету тетіктерін білетін мамандар да болмады. Алдымызда «қайда барамыз, қалай барамыз, мақсатымыз не, жолымыз қайсы?» деген сұрақтар тұрды.
Осы жағдайды тұңғыш Президентіміз терең түсініп, еліміздегі сан алуан реформалардың ішінде бірінші басымдық осы экономика саласында деген түйінін халыққа жария етті. «Алдымен экономика, сосын саясат» айдарымен алысты көздеген Президенттің стратегиялық тұжырымдамасы дүниеге келді. Оны орындау мақсатында тиянақты іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. Осы мақсатпен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президенттің заңдық күші бар 140-тан астам Жарлығы жарияланды. Олар экономика саласында реформалардың елімізде екпінді жүруіне негіз салды. Реформалардың заман талабына сәйкес нормативтік-құқықтық базасын қалыптастырды. Нәтижесінде реформалардың қарқыны жағынан бұрынғы Кеңес Одағында болған әріптестеріміздің алдына шықтық. Қазақстан реформаларды табандылықпен жүргізіп жатқан ел екенін шетел басшылары мен мамандары айта бастады.
Елбасының көрегенділігі арқасында экономиканың «Қан тамыры» болып саналатын қаржы жүйесінде түбірлі өзгерістер болды. «Қазақстан тәуелсіздігінің негізі - қаржылық тәуелсіздік» деп айта аламыз. Сондықтан тәуелсіз банк жүйесін құру туралы 1990 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Банктер және банк қызметі туралы КССР заңы». Заң еліміздің Банк жүйесін қалыптастыруды дамытуда үлкен рөл атқарғаны айқын.
Нарықтық экономиканы дамытушы тетіктердің бірі - салықтар. Нарықтық қатынаста мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің және жеке тұлғалардың арасындағы қаржылық қатынас салықтар арқылы реттеледі. Нарықтық экономика жағдайында, мемлекеттің орталықтандырылған қаржылық ресурстарының қайнар көзі - салықтар. Міне, осы орайда еліміздің Тәуелсіздігі жариялана салысымен, 1991 жылдың 25 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы Салық жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығы қабылданды.
Ұлттық валюта ретінде теңгенің айналымға шығарылуы экономикалық дамудың қозғаушы күші болды.
Тағы бір айта кететін маңызды заң - егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ қабылданған жекешелендіру туралы заң. Бұл заң заман талабына сай өмірге келген қажеттілік деуге болады. Қазақстан үшін экономикалық реформалардың алғашқы жылдары үлкен сын сағаты болды. Президент Н.Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде елдің рухы, қажыр-қайраты сынға түскен кезеңнің қиындығын, өзінің сол кезеңдегі күмәні мен үмітін жан-жақты баяндайды.
Реформалардың тетіктері жасалып, инфрақұрылымдары дамып, экономиканың барлық салаларын қамтығаннан бастап, Қазақстанның алдына қойған мақсаты биіктеп, не істесек те әлем деңгейіндегі жетістіктермен салыстырып, оларға жету жолдары айқындалды. Осы үрдіс Президенттің Қазақстан халқына әр жылдағы арнайы Жолдауынан басталды.
Ең алғашқы 1997 жылғы Жолдау Президенттің Қазақстан халқына өзінің «2030 - Стратегиялық даму» бағдарламасын ұсынудан, оны орындаудағы басты мәселелерді айтудан басталып еді.
Мұнан кейінгі жолдаулардың Қазақстан экономикасының заманауи бет-пердесін жасауға ерекше маңызы болды. Олар «Қазақстан жолының» өте бір күрделі тармағын дамытуға арналды. 2003 - 2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы экономиканы технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырып, қазақ елін индустриялы қоғам құрып жатқан елдердің санатына қосуды мақсат етті.
Ерекше атап өтетін жайт, «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» деп айдар таққан Президенттің 2004 жылғы халыққа Жолдауының маңызы өте зор. Дербес ел, мемлекет, халық болып әлем елдерінің көшінің соңында жүре бермей, қай жағынан болса да сол елдермен тереземіз тең болу қамына кірісуге шақырды бұл Жолдау. Біз ашық экономика, демократиялық қоғам құру жолындамыз. 170-тен астам әлем елдерімен экономикалық байланыс жасадық. Сөйтіп, әлемдегі экономика саласындағы сайысқа, бәсекеге түстік. Ешқандай жайбарақаттықты, баяу жүрісті көтермейтін сайыс. Жедел жүрсең, жедел өзгерсең, соған қоғамды, халқыңды дайындасаң жеңесің, әйтпесе бұрынғыдай көш соңында қаласың. Бұл елдікке, біздің болашағымызға қойылған тарихи сын әрі тарихи мүмкіндік еді.
Кезекті Жолдауында Елбасы тек бәсекеге қабілеттілік емес, осы тұрғыдан әлемдегі алдыңғы қатардағы елу елдің қатарына қосылу - біздің дамуымыздың басты мақсаты деп көрсетті.
Экономиканың даму қарқынын үдетіп, оны тұрақты ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Егемендіктің 20 жылы ішінде бәсекеге қабілеттілік анықтайтын ең маңызды көрсеткіштер бойынша әлем елдерінің орташа табысы бар елдер қатарына қосылдық, ал кейбір көрсеткіштерден олардан да ілгері сатыға көтерілдік. Тәуелсіздік жылдары қазақстанның ішкі жалпы өнімі 12 есе өсті, оның қазіргі деңгейімен 180-нен астам әлем елдерінің бел ортасындамыз. Ішкі жалпы өнімнің еліміздегі өсу қарқыны тек бұрын одақтас болған республикалар ғана емес, қазір Оңтүстік Шығыс Азияның «жолбарыстары» атанған Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия елдерінің, олар егемендік алған алғашқы 20 жылдағы өсу қарқынынан жоғары.
Ал былтырғы, яғни 2011 жылғы Жолдауында Елбасы «Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын» дайындауды тапсырды. Бұл стратегия әрбір қазақстандықтың елді ауқымды индустрияландыруға қатысуына мүмкіндік туғызуына бағытталғын. Масылдықты еңсеру басты мәселе етіп қойылды. Енді гранттар жұмыссыздарға жұмыссыз болғаны үшін емес, мамандық алу үшін берілетін болды. Еңбекке қабілетсіздер ғана мемлекет тарапынан көмек алады, ал еңбекке қабілеті барлар жұмыс істейді, оқиды, бірнеше мамандық игереді, яғни өмір бойы ізденісте болуға талпынады. Нәтижесінде қоғамның орнықты дамуының ең басты көрсеткіші - халық өмірінің сапасы жақсарады. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет қағидатты түрде жаңа жұмысқа тартуды қамтамасыз етудің бағдарламасын бекітті, нәтижесінде 2020 жылға дейін 1,5 миллион адамды сапалы жұмыспен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
- Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі жөнінде айта кетсеңіз?
- Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауы экономиканы жаңа әлемдік дағдарысқа дайындау және оны әртараптандыру біздің басты міндетіміз екенін атап көрсетті. Егемен ел дамуының ендігі ұстанар бағыты - халқымыздың әл-ауқатын көтеру, ел экономикасын нығайту. Осы орайда Елбасы басым бағыттардың бірі ретінде адам капиталының сапалы өсуін қамтамасыз етуді өз Жолдауында айқындап берді.
- Елбасы Жолдауындағы адами капиталдың сапалы өсуіне бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру туралы пікіріңізді айтсаңыз?
- Осы жылғы Жолдаудың ерекшелігінің бір бағыты бұл Елбасының ғылымға, білімге деген үлкен қамқорлығы бізді үлкен тебіреніске бөледі. Адами капиталдың сапалы өсуі - білім беру жүйесінің негізгі мақсаты деп білеміз.
Адам капиталының сапалы өсуін қамтамасыз етуде күрмеуін шешу қажет бірнеше бағыттар Елбасы Жолдауынан анық сипат алды. Халықаралық талаптарға сай мамандар даярлауда оқу үдерісінің заманауи әдістері мен технологиясын енгізу арқылы білім беру сапасын да халықаралық дәрежеге жеткізу - бүгінгі күн талабы екені баршаға аян. Біліктілігін жүйелі түрде арттыру арқылы профессор-оқытушылар құрамын сапалық тұрғыдан жақсарту, өндірістен қол үзбей, білім мен тәрбие бөлігін нығайту, патриотизм, мораль және танымдық нормалар, ұлтаралық келісім, рухани байлық, салауатты өмір салты тәрізді құндылықтарды жастар бойына сіңіру - заманауи жоғары мектеп алдында қойылып отырған басты міндеттер.
Айта кету керек, білім мен ғылым саласын дамыту өткен 20 жыл ішінде ешқашан Президентіміздің назарынан тыс қалған емес. Сонау қысылтаяң күндерде 1994 - 1995 жылдары Президенттің халықаралық «Болашақ» бағдарламасы іске асты. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде білім беру саласын бюджет тарапынан қаржыландыру көлемі 200 есеге өскен. Ресми деректерге сүйенсек, бұл салаға 1991 жылы 33 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 6,8 миллиард АҚШ долларына жетті. 2011 жылы білім саласына бөлінген мемлекеттік қаржы триллион теңгеден асты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының 2011 жылғы баяндамасында Қазақстан адами капиталы жоғары дамыған елдердің тобына енді, адам капиталы дамуы жағынан Қазақстан 68-орында. Қазақстан ТМД елдерінің алғашқысы болып маман дайындаудың үш деңгейлі сатысына - бакалавр - магистр - PhD философия докторы үлгісіне көшті. Бұл Қазақстан үшін әлемдік стандартқа сай білім алу мүмкіндігін туғызды.
Болон үдерісіне қосылу нәтижесінде оқу жүйесі кредиттік технологияға толық көшті. Студенттер мен оқытушылар академиялық еркіндікке ие болды. Елімізде білім беруді дамытудың 2011 - 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Министріміз Бақытжан Жұмағұловтың бастауымен осы бағдарламаны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары жасалып, бүгінгі таңда жүзеге асырылуда. Елімізде білімді дамытудың бұрын болмаған жаңа жолдары жасалды. Бұл жаңалықтар негізінен, үш басымдықты іске асыруға бағытталған: білім берудің жаңа сапасы, педагогтың жаңа мәртебесі, білім берудің жаңа әдістері. Жоғарыда көрсетілген үш бағыттың үшеуі де - өмірлік мәні бар бағыттар. Дегенмен осылардың ішінен атап көрсетілгені бұрын-соңды болмаған жаңалық - педагогтың мәртебесін арттыру дер едім. Оқу орындарында білім сапасы, оқу әдістемелік жұмыс, тек қана маман емес, адам тәрбиелеу оқытушыға байланысты.
- Сіз білім саласында 35 жылдан аса қызмет етіп келесіз. Еліңіз еңбегіңізді бағалап, өткен жылы Президенттің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болдыңыз. Сонымен қатар 2011 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранттың жүлдегері болдыңыз. Бұл мемлекетіміздің ұстаздарға деген қамқорлығы деп бағалайсыз ба?
- Ұлы да, ұлық та, ғалым да, жұмысшы да - бәрі педагогтың алдынан өтеді. Педагог болу үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Сен педагог ретінде адам тағдырына жауаптысың, қоғам алдында міндеттісің. Сол үшін талмай еңбек етумен қатар, өмірдегі барлық жаңалықты өз ісіңде қолдану арқылы заман талабына сай болуың қажет. Министріміз Б.Жұмағұлов бір сұхбатында заманауи педагог кім дегенге: «Жоғары білікті, жалақысы да жоғары, қоғамда беделі де, сыйы да бар адам» дейді. Бұл талапқа сай болу үшін педагог үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Ал біліктілігіңді көтерем десең, оған да елімізде барлық мүмкіншілік бар: түрлі халықаралық жобалар, гранттар, жас оқытушылар үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, т.б.
Жалақымыз да жылдан-жылға өсіп отыр. ЖОО профессор-оқытушылары тек қана педагогтық қызметтен ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмысынан, түрлі халықаралық бағдарламалардан табыс табуына болады. Мысалы, біздің әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде негізгі жалақыға үстеме төлем қарастырылған. Бұл үстеме төлемнің мөлшері оқытушының рейтингіне байланысты. Рейтингтік жүйе педагогты ынталандырудың барлық жүйесін қарастырған. Ал педагогтың қоғамдағы беделі, сыйлы болуы өзіне байланысты. Ұстаз болу - жүректен, ол үшін ісіңді жүрегіңмен орындауың керек. Адам тәрбиелеу - тек адалдықты қажет етеді. Сонда сенің еңбегің әділетті бағаланады. Осы сөзімнің бір дәлелі ретінде айтайын, жыл сайын республикалық бюджеттен ЖОО-ның үздік 200 оқытушысына мемлекеттік грант тағайындалады. Биылғы жылы грант мөлшері бір оқытушыға 3 миллион теңгеден астам соманы құрайды. Бұл грант, педагогтарға біліктілігін көтеруге, дамыған шетелдердің алдыңғы қатарлы университеттерінде тәжірибе алуға, ғылыми-зерттеулеріне, оқулықтар мен монография шығаруына, т.б. беріледі. Бұдан артық қандай қолдау керек? Егер әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарысты назарға алсақ, небір алпауыт компаниялар келмеске кетіп, Еуропа елдері қаражаттан тарығып отырған жағдайда біздің мемлекет білім, ғылым, денсаулық саласына қыруар қаражат бөліп, үлкен қамқорлық көрсетуде. Міне, осындай қолдауға ие болған ұстаздардың бірі өзім боламын. 2011 жылдың ЖОО-ның үздік оқытушысы мемлекеттік гранттың иегерімін. Қуанышым да, еліме деген ризашылығым да шексіз.
- Мемлекеттік тілдегі оқулықтардың саны мен сапасы талапқа сай ма?
- Әрине, елімізде атқарылып жатқан игі істер өз нәтижелерін көрсетуде. Біз ғылымы мен білімі дамыған мемлекет екенімізді әлемге таныттық.
Сонымен қатар өзімізге байланысты, шешуін табуға толық мүмкіншілік бар. Кейбір мәселелерге тоқталғым келеді. Соның ең бастысы - оқулықтар мәселесі, әсіресе, мемлекеттік тілде оқылатын пәндердің оқулықтарымен қамтамасыз етілуі. «Кітап - білім бұлағы, білім - өмір шырағы» деген қанатты сөзді өз басым кітапсыз білім де, өмір де қараңғы деп түсінемін.
2011 жылдың 20 қазанында Алматыда Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орындарының Ассоциациясы бірігіп ұйымдастырған жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне арналған республикалық конференция өткізген болатын. Осы конференцияда сөйлеген сөзінде Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мемлекеттік тілдегі пәндерді оқулықтармен қамтамасыз ету жағдайына кеңінен тоқталды.
Республикалық бюджеттен алғаш рет мемлекеттік тілдегі оқулықтар дайындауға 137,7 миллион теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 2011 жылы жоғары оқу орындарына мемлекеттік тілде 72 оқулық басылып шығарылған. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен бұл мақсатқа жылына 200,0 миллион теңге бөлінетін болып отыр. Міне, өзіңіз байқап отырсыз, қолдау бар, қаражат бар. Мәселе неде десек, мәселе - профессор-оқытушылар құрамының өзінде. Бәріміз де - мемлекеттік тіл дегенде еліміздің патриотымыз. Ал сонда неге мемлекеттік тілде оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауда жай қимылдап келеміз? Осы сұхбатты пайдаланып, әріптестеріміздің назарына шамалы өкпе-назымды білдіргім келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті экономика саласы бойынша маркетинг, менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтарының республикалық Оқу-әдістемелік кеңесін басқарады. Қаңтар айының 28-і күні оқулықтармен қамтамасыз етуге арналған Республикалық кеңес өткіздік.
Көтерілген мәселелердің негізгі оқу үдерісін оқулықтармен қамтамасыз ету, кеңеске қатысушылар шешімімен мемлекеттік білім беру стандартындағы міндетті пәндерді мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыз ету үшін авторлық ұжымдар құрылатын болды. Бұл іске еліміздегі танымал ұстаздардың бәрі бірігуіне болады.
Президенттің биылғы Жолдауында жұмыс істейтін жастар үшін жұмыстан қол үзбей, арнаулы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі қойылды. Біздің университетте бұл мәселе өз шешімін тауып қойған. Университетімізде сырттан оқыту жүйесі, ара қашықтықтан оқыту арқылы жүргізіледі.
Студенттер электронды жүйе арқылы өз сабақ кестесін, оқу-әдістемелік құралдарды алып, белгілі график бойынша берілген тапсырмаларды орындап отырады. Аралық бақылауды тапсырып, тек емтиханға ғана келеді. Аралық қашықтықтан оқыту жүйесі, сонымен қатар академиялық мобильділік жобасымен шетелдерде оқып жүрген күндізгі бөлім студенттеріне де арналған. Профессор-оқытушыларымыздың дәрістерін, оқулықтарын бейнетаспаға жазу, электронды оқу құралдар дайындау мәселелеріне университетте барлық жағдай жасалған.
- «2012 жылдан бастап әлемдік экономикалық дағдарыстың екінші толқыны келеді» деп көптеген сарапшылар соңғы 1-2 жылда халықты ескертумен келеді. Міне, 2012 жылдың екінші айы да аяқталуға таяу. Ел экономикасы осы жағдайға қаншалықты дайын?
- «Дағдарыс келе жатыр, оған біз қалай дайынбыз, нені күтеміз?» деген сұрақтарға экономист сарапшылар, қоғам қайраткерлері өз пікірлерін айтуда. Мен де баспасөз бетінде бірнеше рет өз пікірімді айтқан болатынмын. Жаһандану заманында экономикалық дағдарыстардың болып тұруы - заңды құбылыс. Дағдарыстар болған да, болады да. Капиталистік жүйеде өмір сүріп келе жатқан елдер бұл құбылысқа үйренген.
Біздің еліміз де 2007 - 2008 жылғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан аса қиналмай өтті. Қазіргі кезде ұлттық қорда 45,5 миллиард доллар бар. Бағымызға қарай мұнай бағасы да жақсы деңгейде тұр. Инфляция деңгейі төмендемесе, өскен жоқ. Ұлттық банк басшысы Г.Марченконың мәлімдемесі бойынша Үкімет пен ҰБ бірлесіп, бағаны мониторлық жолмен бақылауға алған. Банк секторында құлдырау байқалмайды, депозиттер өсуде. Ұлттық банк басшысының айтуынша, банктердің 11-12 миллиард доллар қаржысы бар. Олар дағдарыстан қорқақтап, бұл қаржыларын нақты секторға салмай отырған көрінеді. Әрине, оларды түсінуге болады, әркім өз ертеңін ойлауы - заңдылық.
Ақша үнемі айналыста болуы тиіс, ол - ақшаның негізгі қызметі. Экономикада Фостер тосын пікірі (Фостер парадоксі) деген ұғым бар. Бұл ұғымды «үнемділік тосын пікірі» деп те түсінуге болады. Осы пікірге сүйенсек, егер бір кәсіпкер шығындарын азайтып, қаржысын қиын кезеңге сақтай бастаса, оның әріптестері де соны қайталай бастайды. Нәтижесінде жалпылай шығындарды азайту, басқа кәсіпкерлердің кірісінің азаюына әкеледі. Бұл іске мемлекет те қосылса, ел экономикасы дағдарысқа тезірек ұшырайды. Сондықтан бизнесті жобалағанда бизнес дамуының өсу қарқынын дұрыс жоспарлағаны тиімді.
Тағы бір айта кететін жайт, бизнес дамуының тиімді қарқынын дұрыс болжаумен қатар, қор (резерв) қалыптастыруға да жауапкершілікпен қараған дұрыс. Мысалы, бизнес 10 пайызға өссе, қолда бар қаржыны 20 пайызға өсіру тиімді. Нәтижесінде компания дағдарысқа ұшыраған жағдайда, одан шығудың қажетті қаржысы бар болады. Дағдарыстың экономикаға тигізер пайдасы да бар. Дағдарыс жағдайында тиімді қызмет істей алмайтын тиімсіз құрылымдар жойылуы мүмкін. Керісінше, бизнестің жаңа түрі ашылып, жұмыс орындары пайда болады. Ең бастысы, дағдарысқа дайын болып, одан шығудың қажетті экономикалық құралдары мен тетіктерін әзірлеген жөн.
Сондай-ақ Қазақстан экономикасының басқа елдерге тәуелді болмауын қамтамасыз ету керек. Осы орайда экономиканы әртараптандыру - біздің негізгі мақсатымыз. Әртараптандыру арқасында елде азық-түлік қауіпсіздігін, қорғаныс қауіпсіздігін, дәрі-дәрмек қауіпсіздігін, су-энерго ресурстар қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Ұлттық банк төрағасы Г.Марченконың айтуы бойынша, мемлекеттің сыртқы қарызы бүгінгі таңда 5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Ал еліміздің Ұлттық қоры 45,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде. Демек, дағдарыс болған жағдайда бізге оның қаупі жоқ.
Қорыта айтсақ, Қазақстан дағдарыстан қорықпауы керек, оның болмауы да мүмкін.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ