ҚазҰУ-дың халықаралық ынтымақтастығы кеңеюде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кезекті Ғылыми кеңесінде Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің директоры Ләззат Рысымбетова мен Жастармен жұмыс департаментінің директоры Жұлдыз Есімованың баяндамасы тыңдалды.
Ләззат Рысымбетова өз сөзінде жалпы шетелдік жоғары оқу орындарымен 624 ынтымақтастық туралы меморандум жасалғанын атап өтті. Оның 52 пайызы факультеттер тарапынан ұйымдастырылса, 48 пайызы Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің бастамасымен жүзеге асты. Ең көп келісім ТМД және Азия елдері жоғары оқу орындарымен жасалды. Сонымен қатар департамент директорының айтуынша, ЖОО-да Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Шетелдік университеттерде ҚазҰУ-дың 316 студенті білім алды. Олардың басым көпшілігі – шығыстану, филология, биология және биотехнология, Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттері. Өз кезегінде ҚазҰУ да шетелдік студенттерді академиялық ұтқырлық бойынша оқуға қабылдауда. Өткен жылы қара шаңырақта әлемнің сегіз елінен 179 шетелдік студент оқыды. ҚазҰУ-ға 121 шетелдік ғалым дәріс оқуға, ғылыми және дипломдық жұмыстарға жетекшілік етуге шақырылды.
Сондай-ақ Ләззат Ханыбекқызы ҚазҰУ базасында жетекші шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарын ашу және шет тілдерін оқыту курстары бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Халықаралық қызметті дамыту үшін ағылшын тілін еркін меңгерген оқытушылар санын ұлғайту, шетелдік әріптестермен бірлескен семинарлар, конференциялар көптеп ұйымдастыру қолға алынатынын мәлімдеді.
Жастармен жұмыс департаментінің директоры Жұлдыз Есімова өз кезегінде ҚазҰУ куратор-эдвайзерлерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шараларға тоқталды. Спикер куратор-эдвайзерлер жұмысының маңызына мән беріп, студенттердің қазіргі жағдайы бойынша деректер мен статистика, қысқы сессия қорытындыларымен таныстырды.
Жиында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев әрбір кафедра, факультет шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен достық қарым-қатынасты дамытып, нығайтуға тиіс екенін атап өтті.
«Достық қарым-қатынастар арқасында көптеген бағыттар бойынша, атап айтқанда: ғылыми-білім беру қызметінде, қосдипломдық білім беру бойынша меморандумдарға қол қою, бірлескен ғылыми мақалаларды дайындау және жариялау, тығыз байланыс орнату және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Әркім өз ісімен айналысуы керек және басқалардың уақытын алмауы керек», – дей келе, ректор жиылғандар назарын жұмыстың мақсатты және нәтижелі болуына аударды. Бұл үшін кампус аумағында қызметкерлер мен студенттерге барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, университет басшысы студенттердің бос уақытын пайдалы өткізу үшін барлық бос ғимараттарды қосымша дайындауды тапсырды. Кампус аумағында ішкі тәртіп ережелері қатаң сақталуы тиіс екенін еске салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі