Заң ғылымының атасы, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Баймаханов 1933 жылы 1 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1957 жылы тамамдады. 1959 жылы кандидаттық диссертациясын, 1973 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
1990 жылы Қазақстан егемендігін алғаннан кейін тәуелсіз еліміздің заңнамасын түбегейлі жаңарту жолында Мұрат Тәжімұратұлы аянбай еңбек етті. Біртуар азамат жаңа даму жолына түскен егемен Қазақстанның сапасы жағынан да, мәні мен мазмұны жағынан да өзге, түпкілікті жаңа конституциялық заңнамасын жасаудың бастауында тұрғандардың бірі екенін айту орынды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы, 1993 жылғы Конституциясының жобасын дайындаған жұмыс тобының және сараптамалық комиссияның құрамында жұмыс істеді. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болды. Оған қоса, 2008 жылы ҚазГЗУ профессорлары тобы бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы» заңының жобасын дайындауға қатысты.
1992-95 жылдары академик М.Баймаханов Конституция шеңберінде реформалар жүргізу, заңнаманы Конституцияға сәйкес келтіруді жеделдету, реформалар барысында туындайтын қайшылықтарды Конституция нормаларына сәйкес жедел шешу үшін құрылған Қазақстан тарихындағы тұңғыш конституциялық қадағалау органы – Конституциялық соттың төрағасы қызметін атқарды. Осындай жауапты қызметті атқара отырып Мұрат Тәжімұратұлы Қазақстанда конституциялық заңдылықты орнықтыруға, Конституцияның маңыздылығын қамтамасыз етуге тікелей қатыса отырып, тәуелсіз жас мемлекетіміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңірді.
М.Баймахановтың басшылығымен Конституциялық сот өзінің құзыретіне сәйкес, біршама нормативтік актілерді конституциялық емес деп таныды. Бірқатар күрделі істерді қарап, процестер жүргізді. Мұрат Тәжімұратұлы басқарған Конституциялық сот тиісті органның актілерін Конституцияға қайшы деп тани отырып, Конституцияның жоғары мәнін қамтамасыз еткен күрделі істі қарап шешті.
Академик отыз жылға жуық ҚР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында түрлі лауазымдық қызмет атқарды. Кіші ғылыми қызметкерден бастап, институт директорына дейін көтерілді. Бұдан өзге, тарихи ағартушылық және құқық қорғаушы «Әділет» қоғамының президенті болды. Мұрат Тәжімұратұлының жетекшілігімен бірнеше «Азалы кітаптар» – саяси репрессия құрбандары, ақталған адамдар туралы, 1930-50 жылдарда жүргізілген саяси қуғын-сүргін сабақтарын қазіргі замана тұрғысынан қайта зерттеп, саралау бойынша өткізген бірқатар конференция материалдары, залалды жылдар куәсі болғандардың естелік жинақтары жарыққа шықты.
М.Баймаханов отандық ғылымның дамуына тікелей өз үлесін қосқан азамат. Көрнекті ғалым 400-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 4 жеке және 20 ұжымдық монографиялар бар. Тоғыз докторлық жұмыстың ғылыми кеңесшісі және 70-тен астам кандидаттық диссертацияның ғылыми жетекшісі болды.
Он екі жылға жуық Қазақстанның ҒА Философия және құқық институты жанындағы және ҚазГЗУ жанындағы заң ғылымының докторы ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі арнайы диссертациялық кеңесті басқарды. Қазақстанның саяси ғылымдар ассоциациясының төрағасы қызметін атқарды. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, Мұрат Тәжімұратұлының еңбегі ескеріліп, А.Байтұрсынов атындағы күміс медалін (2008 ж.), «Құрмет» орденін (2020 ж.) және т.б. марапат белгілерін кеудесіне тақты.
Ғалым тіршілікте талай белестен асыпты. Ерен еңбек иесі, ұстазымыз биыл көзі тірі болғанда, 90 жасқа келер еді. Бұл дүниеден өтсе де, біртуар азамат Мұрат Тәжімұратұлының еңбекқорлығы мен төзімділігі, рухының биіктігі бізге, жастарға, өскелең ұрпаққа әрқашан үлгі-өнеге болып келеді.
Алуа ИБРАЕВА,
з.ғ.д., профессор
Әйгерім ЖАРБОЛОВА,
з.ғ.к., аға оқытушы